Орта жүз Найман Қарамолда ұрпағы (2-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Тоқымбеттен Үшқара, Тоғым туған,
Арықтан туған екен алты бала.
Ажығұлдан Есіргеміс жалғыз екен,
Қоянбай, Кетік туған бұдан ғана.
Арықтан алты бала таралыпты,
Істеген Алдаберген ағалықты.
Ақша, Өтеген, Қарабек, Өтебаймен
Құтымды алтыншы деп саналыпты.
Құтымнан туған бала нешеу дейді,
Байқонды—бір, Дәуіспен екеу дейді.
Мат, Төлеке, Қарамойын үшеуімен
Құрман, Тілес қосылып жетеу дейді.
Бұл жетеуі Арықтан бата алыпты,
Алла кешірер істеген қателікті.
Арық ата бұл үшеуін «Құтым» деген,
Сондықтан «Жеті Құтым» аталыпты.
Төбеттен Тілеу, Әлібай, Андас туған,
Осылай ажыратып айталық та.
Қызылқұрттың енді келдік баласына,
Жаңбыршыдан бастап айтып, байқалық та.
Жаңбыршыдан үш бала таралады,
Сарықұл, Сүгір, Қармыс боп саналады.
Сарықұлдан Аманжол жалғыз екен,
Ақсұпы ағайынды үш баласы.
Сүгірден Сатыпалды, Қабыл туған,
Қармыстан екі бала анық шыннан.
Бектемір, Құлшаман деп атын қойған,
Тұқымы өсіп-өніп болған нудан.
Құлшаманнан бес бала таралыпты,
Өтеғұл, Қозыбақ, Байғара бәрі анық-ты.
Айтқұл, Болат еккеуі қосылғанда,
Біртұтас «Бес Құлшаман» саналыпты.
Бектемірден үш бала туған екен,
Шығысын Алакөлдің қылған мекен.
Қоржын, Ораз, Толыбай деп тарайды,
Толыбайдың өскен жері мықты ел екен,
Жанғұлыдан он екі ұл таралыпты...
Байтайлақ, Орыс, Медет, Ақбелбеуге,
Істеген Дархан бәйбіше аналықты.
Құлмамбет, Тілеуберлі, Барлыбайға,
Істеген екінші аналықты,
Келдібек, Қарабек, Көрпе, Тұманшыға,
Қасқа Қожаны қосып бір саналықты.
Кейінгі айтқан алтауын тәрбиелеп,
Істеген үшінші әйел аналықты.
Жанғұлдан он екі ру таралады,
Жанғұлыдан жалғыздан туған бала,
Құданың құдіретін ойлап қара,
Қарашолақ, Қалмантай, Тәңірберді,
Туғанда әрқайсысы бірден ғана.
Төртінші Қарамолда тағы жалғыз,
Туыпты Қарамолдадан екі бала.
Андабай, Абыз дейді балалары,
Алыс емес, жақын туған аралары.
Андабай, Абыз екі ата боп,
Қарамолда екі руға таралады.
Ерторының жақсылары
Ерторыдан шыққан жақсы толып жатыр,
Кейі ғалым, кейі шешен, кейі батыр.
Жаңбыршы, Жақып ғалым шежіреде,
Болыпты Тілек, Омар сөзге шешен.
Қарамойын Төлекеден озған екен,
Алдиар, Болатбек қажы әділ туған.
Қонысы Арқа жақта болған екен.
Қарамолда, Жортуыл кәдірлі боп,
Аруақ Байбатырға қонған екен.
Ерторыдан осылар аты шыққан,
Кәдірлі халықтарға болған екен.
Байыс—Байторы анық аты,
Байыстан бес ұл туып, таралыпты,
Бесеуін атын атап саналық-ты.
Ақымбет, Сыбан, Қыржы, Шүрентайға,
Сарымырза үлкені істеген ағалықты.
Байжігіт қыздан туған жиен екен,
Айтпайды бұған ешкім алалықты.
Әйелі Сарымырзаның Мұрын шықты,
Атағы Сарымырзадан бұрын шықты.
Жолымбет, Әлімбет, Жобалайдай
Мұрыннан үш ұл туып, болған мықты.
Үлкені Жолымбеттен жеті ұл туды,
Ұран боп «Жеті Жолымбет» ата қуды.
Әлімбеттен Құлеке, Сейіт екі ұл туды,
Жобалайдан Шойтабан, Жарылған деп,
Мұрыннан тарап, бәрі шыққан нуды.
Ақымбеттен біраз ел болған екен,
Арқадан қоныс тауып, қылған мекен.
Сыбаннан Түкі, Сары екі ұл туған,
Таралып екі атаға толған екен.
Қыржыдан—Сары, Салық,
Екеуінен үш бала туғаны анық.
Байбекқыржы, Байқыржы, Жиренқыржы,
Үш ата ел болып таралыпты.
Шүрентай Байыстың кенжесі екен,
Аймағын Алакөлдің қылған мекен.
Байыс қызы Мақта деген апамыздан
Байжігіт содан туған жиен екен.
Шүрентайдан үш бала болған екен,
Бақ-дәулет үшеуіне қонған екен.
Алдаберді, Әлімбет, Болатшы деп,
Қорасы төрт түлікке толған екен.
Алдаберді баласы Тума, Тоқпақ,
Және бірге Байғана болған екен.
Туманы айтып енді баяндаймыз,
Тізімін сегіз ұлдың даярлаймыз.
Құл, Иман, Қодас, Қарабек деп,
Қыстық, Үкі, Әлібекті айтып аяңдаймыз.
Туманың сегізінші ұлын Баубек дейді,
Осымен сегіз ұлын тамамдаймыз.
Тумадан сегіз ата ел таралды,
Ұзатып мұнан ары бара алмаймыз.
Байғанадан туыпты Балық, Бадан,
Балық кетіп түрікке Бадан қалған.
Баданнан Еңірек, Елтізер, Нәдір туып,
Еңіректен бес бала боп таралған.
Елтізерден Ораз, Ауылшы, Елтоқ тарар,
Нәдірдің ұрпақтары бір баладан.
Тоқшора, Байқарадан асқан адам,
Байтінды ешбір адам жасқамаған.
Байтінді Қыдыр шалып, бай болыпты,
Дауысынан Шоқыманың қашқан адам.
Атақты Еспол ата ақын бопты,
Тез ойлап, сөз қисынын тапқан адам.
... Кешу, Қара, Асыл-ды
Берекелі жаралған.
Болатшының көп жері,
Тараған алты қарадан.
Кісі екен Бұқар атақты,
Артық туған анадан.
Боран батыр, Жанақ би,
Атағы шыққан қарадан.
Тана, Қазы Найманда
Асқан адам ақылды.
Сөзге жүйрік ер екен,
Ерегесте батымды.
Байыстан шыққан ардагер
Деп айтамыз Асылды.
Байжігіттен үш бала—
Жұмық, Тоғыс, Мәмбет-ті.
Осылайдан жаратты
Байжігіттен үш нәсілді.
Мәмбеттен шыққан Қабанбай,
Қазақта асқан батыр-ды.
Қазақтың жерін босатып,
Қалмақты қуып қашырды.
Арыстандай айбынды
Болған екен Қабанбай.
Заманында дұшпаны
Аяғына бас ұрды.
Қабанбайдың тұқымы
Әлі, Жақып, Сүлеймен,
Өз тұсында бақ қонып,
Дәрежесін асырды.