Өлең шежіре (2-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Төлембектен туыпты ұлы Көсен,
Орнын тауып сөйлейді, тілге шешен.
Көсен ұлы туыпты аты—Көшен,
Алыпты Сары, Мұнай—екі қатын.
Зор қылған үлкен қатын алапатын,
Ат қойды: Ақсопы, Ақжол перизатын.
Жеткізген соншалыққа шарапатын,
Және де екі ұл тапты кіші қатын.
Мұның да баяндалық есім, атын:
Қоянбай, Жарғақ туған—екі перзент.
Ақжолдан перзент болып Арғын туған,
Қамқамен алтын қамар белін буған.
Көз жетпейді ұрқына бұл ғазиздің,
Біз сөйлеп отырмыз ғой, ата қуған.
Туыпты Ақсопыдан—атам Найман,
Келеміз атаны айтып әлдеқайдан.
Бұларға бәрін айтсаң, көз жетпейді,
Әулеті барлық жерге құшақ жайған.
Баласы үлкен қатын—Арғын, Найман,
Мен мақтап, осыларды жұртқа жайған.
Ұшығы Арғын, Найман қайда жатыр,
Ұлытау Сарыарқаға құшақ жайған.
Ұлы жүз, Кіші жүзге тоқталалық,
Ұлы жүз толық,—дейді,—Үйсін ағаң,
Жоқ болса, шежіреде қайдан табам.
Кіші жүз Алтын ұлы Қыпшақ—дейді,
Бар болса шежіреде қылсам тамам.
Мекені Кіші жүздің—Сырдария,
Көрнеу сөз айтылған, бұл жария.
Үш жүздің нарқы қайда жүз болдылар,
Ойласам, не деген көп—дәл осылар.
Үш жүзден қай жұрт артық болар еді,
Кент салып, бірге тұрса, бас қосылар.
Үш жүздің баласының барлық саны—
Болар еді бір мемлекет болса, заңы.
Сабылып, дүниеден тозған жұртпыз,
Аяғы қалай болар мына жалған?
Біз қазақ өсіп, өндік әр атадан,
Бар шығар қайталаған, сөз қайтадан.
«Жомарт» деп қазақ халқын көп айтады,
Дұғасы қабыл болсын, көп батадан.
Найман шал басқа әуелден тарық екен,
Өзі кәрі, можаған, ғарып екен.
Өзінің жалғыз ұлы Тоқпан,—аты,
Жазылған шежіреде анық екен.
Кәрі адам тоқсандағы, өзі бекзат,
Болыпты жалғызы өліп, дүния жат.
Жасында жиырма екі Тоқпан—ұлы,
Дүниядан опат болған уақыт жетіп.
Ақсұлу он сегізде жесір қалған,
Кәрі атаң жалғызы өліп, жаман талған.
Ақсұлуды келіпті Арғын ұлы аламыз деп,
Іс пе екен, тағдыр ма екен, Құдай салған.
Сол күнде Найман атаң кәрі кісі,
Ақсұлуды жетелеген ақылды ісі.
Тұяқсыз асыл атам кете ме деп,
От болып жанса керек іші-тысы.
Ақсұлу көп ойлады әртүрлі ойды,
Қайғының ішіндегі бәрін тыйды.
Жол беріп, Арғын ұлын қайтарады,
Тәуекел, қата басып, байлап қойды.
Қызы екен төркіні Дулат бидің,
Қуатын атасының қайдан білген.
«Ұрықсыз қайран атам кете ме» деп,
Сол жолда шүберекке жанын түйген.
Жолына бір шыбындай жанын қиған,
Үйсінге сонда барды Дәулетбекке.
—Мен түстім жесір қалып мұндай кепке,
Атама ықыласыңмен қызыңды бер,
Бір тұлға болар ма екен біздің үйге.
—Ақсұлу, қымбат еді сенің басың,
Қиын емес, Алла қаласа, жарылқасын.
Дәулетбек Ақсұлудың тілін алып,
Қызенейді берген екен—қарындасын.
Үміт қып, Қызенейді алып берді,
Ақсұлу алшаңдаған бұраң белді.
Қызеней екіқабат болған кезде,
Найманға уақыт жетіп ажал келді.
Уақыт жетіп, Найман атаң дүния салды,
Ақсұлу таза арулап шығарып салды.
Ақсұлу тәуекелмен жүрген адам,
Таратты науқанына дүние малды.
Қызеней босанады күні толып,
Ұл тапты, бір Алладан нұсқау келіп.
Ақсұлу жерге сыймай қуанады,
Ақсұлу ел шақырып, той қылады,
«Ат қойсам, Белгібай» деп ой қылады.
Белгі боп кәрі орынға тұрар ма екен,
Қарамай мал бетіне сойғызады.
Ат қойып «Белгібай» деп асырады,
Шын сөзді кейбір адам жасырады.
Қайным деп Белгібайға өзі тиіп,
«Тәубе» деп бір Құдайға бас ұрады.
Қызеней ерге шығар кезі келді,
Найманның өлсе дағы орны толды.
Тигізді Елатаға Қызенейді,
Елата алғаннан соң Қызенейді,
Ұл тауып, ауыл-аймақ сайрандады.
Серікбай, Қоңырат туған—Елатадан
Қызеней бәріне ана боп жүреді,
Ақсұлу асырады Белгібайды.
Белгібай жігіт болып ер жетеді,
Ақсұлу Белгібайды тербетеді.
Адамда өткен өмір жыл құсындай,
Белгібай жігіт болып ер жетеді.
Ақсұлу Белгібайға тимек болды,
Азырақ күн дәурен сүрмек болды.
Ақсұлу Белгібайға тиген күні,
«Шүйінші» деп ат қойды инабатты.
Ақсұлу мақсатына жеткеннен соң,
Халайық таңдай қағып, таңырқапты.
Ақсұлу отыз-қырық жасқа келді,
Белгібайға қыз айттырмақ ойға келді,
Белгібай мырза екі бірдей балдыз алды.
Сөйлейді шежіреде осылай деп,
Мағұлым емес, қанша берді—қалың малды.