Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қаракерей Мұрын Ақшайықтың өлең шежіресі (2-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Тоқтының сүтін бөлек іркіт қылып,
Неше күн атасына құрт ішкізді.
«Атамның бел қуаты келді ме?» деп,
Күн тұра атасына қыз құшқызды.
Сол жерде шариғатқа бабаң келіп,
Өзі өліп, Қызенейден ұл туғызды.
Баланың атын қойды Белгібай деп,
«Бір Құдай тілегімді берді ғой» деп.
Баланы Әлпіш өзі асырады,
«Атамнан жалғыз қалған белгі ғой» деп.

Найманның Белгібайы ер жетіпті,
Баланы қайным деп Әлпіш күтті.
Бала әбден бәлиғатқа жеткеннен соң,
Өзіне Әлпіш анаң неке оқытты.
Белгібай қыз айттырып, алды қатын,
Иманға жақсы ұрғашы болар жақын.
Әлпіштің көңіліне салған Құдай,
Осылай жоғалтпасқа Найман артын.

Атамыз Белгібайдан бір ұл туып,
Жігіттер «Сүгірші» деп қойған атын.
Екінші тағы да алды, қыз айттырып,
Еш адам жатқан емес сөзін бұзып.

Болыпты жас күнінде үш некаһлы,
Артында бала туса, болмай ма ұрық.
Тоқсұлу екіншісі—өз шешеміз:
Арт жағы қалың болды ұшан-теңіз.

Туады Тоқсұлудан Төлегетай,
Туады—деп және айтады,—одан Қытай.
Қытайдың төрт баласы деп айтады:
Төртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай.

Жасында Қытай мырза дүние салып,
Білмейді балалары атын атай.
Жас бала үлкен әке қолында қап,
Атанған сол себептен Төлегетай.

Төрт ұлы Төлегетай түс көріпті,
Төртеуі әрбір түрлі іс көріпті.
Алдына атасының келіп тұрып,
Төртеуі атасына түс жорытты.

Үлкені Садыр айтты: «Боз ат міндім,
Жау-жарақ қаруымды қолыма ілдім.
Осылай, ата, менің көрген түсім,
Жекелеп топтан шығып жүр екенмін».
—Түсіңде жүрсең, балам, боз ат мініп,
Жау-жарақ, қаруыңды беліңе іліп.
Бірталай өсіп-өніп ел боларсың,
Арт жағын болады екен жаугершілік.

Матай айтты: «Ту ұстап, тұлпар міндім,
Түсімде қалың көшті бастап жүрмін.
Осылай, ата, менің көрген түсім,
Өзенге, үлкен алқап ел қондырдым».

—Қарағым, мен кәрімін, сен баласың,
Сен дағы толып жатқан ел боларсың.
Ел табаны ауғандай заман болса,
Қоныстың ең тәуірін сен табарсың.

Төртуыл: «Бақтым,—деді,—бір қысырақ,
Жануар кете берді, тым бытырап.
Осылар, ата, менің көрген түсім,
Қайырып баға алмадым, басын құрап».

—Түсіңде бақсаң, жаным, қысырақты,
Мекенің болмайды екен бір тұрақты.
Ел болып, бір-ақ жерде тұра алмайсың,
Арт жағың болады екен бытыраңқы.

Айтады Қаракерей көрген түсін:
—Жүк артып қара нарға түнде көштім.
Алдымнан қалың тоғай кез боп қалып,
Жол тауып шыға алмадым, соған түстім.

—Тоғайға жол таба алмай қонып қалсаң,
Қарағым, көп болады мал мен басың.
Ұрқың талша көктеп өседі екен,
Ұйтқысы төрт баланың сен боласың.
Бай болған Қаракерей салтанатты,
Бар еді жалғыз ұлы Байторы атты.
«Балаға ата сыншы» деген осы,
Бірталай бір өзінен жан тарапты.

Қамысқа қой суарып барған екен,
Бабамыз бір жас бала тауып апты.
Болмасын қос торының өзгелігі,
Ерторы болсын дейді мұның аты.

Жігіттер, осындайлық сөз тараттым,
Құдайым, өзің кешір, болса қатем.
Ерторыдан Қызылым деген бала туып,
Байторыдан туады Мейрам атам.

Атамыз Мейрамнан туады Байыс,
Байысың туады екен Қызылымнан.
Жігіттер, Қызылымнан бір ұл туып,
Атанып «Сегіз-Найман» болған ұран.

Атамыз Сарымұрза Байыс ұлы,
Аз ғана әңгіме қылып, жаздым мұны.
Сарымұрзадан Жолымбет бабам екен,
Құдайдың қыдыр дарып, тиген нұры.
Жолымбет—бабам атын, есімін айттым,
Атамыз Жолымбеттен жеті ұл туып,
Бәрінен Қаракерей болған өсім.

Жала ғып бір жиында танып алған,
Ақ Найман деп атайды ең кенжесін.
Баласы Жолымбеттің Қыдыражы,
Жаратқан соның бәрін, Тәңірім қазы.

Атасы Мырзаш, Тәуке—бір Әжіғұл,
Қалмұрат—жетеуінің болған азы.
Қарымсақ, бірі—Қоныс, бірі—Тәңірқол,
Қоныстап Тоқтағұл бай жалғыз туды.
Соларға қыдыр дарып төккен нұрын,
Құдайым Тоқтағұлға берген нұрын,
Бар екен төрт қатыннан тоғыз ұлы.
Төрт түлік малыменен—бәрі толық,
Құдайдың солар екен, сүйген құлы.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз