Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қаракерей Мұрын Ақшайықтың өлең шежіресі (1-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 2 мин оқу

Атыңнан айналайын, Хақ Тағалам,
Ғаламға он сегіз мың жетер панаң.
Жіберіп жоқтан бар қып, пенде жасап,
Жаралған топырақтан—атам Адам.

Солардан бері қарай шежіре боп,
Көз жетпес өткеніне қанша заман.
Адамзат топырақтан тебіреніп,
Жаралған өз тәнінен Хауа анам.

Топырақтан жаралыпты Адам бұрын,
Бейнесін топырақтан қылған порым.
Әуелі Адам пайғамбар болса-дағы
Алдымен жаратыпты Расул нұрын.

Пайғамбар жүз жиырма төрт мың тамам,
Расулдың өзін қылған ең ақырын.
Ат қойған «хабибім» деп, досты қылып,
Жаратқан Расул үшін барша құлын.

«Ұрығы—біз Адамның» деп айтады,
Бытыраған төңіректің төрт бұрышын.
Бұрын да сан әулие өткен сабаз,
Үзбеген шежірені жазған қағаз.
Рухы осылайша таралмақшы,
Әртүрлі шежіреден білсең, сұрай.
Мағаздан Смағұлды туғызады,
Туады,—деп айтады,—одан Қурай.

Қурайдан Аламанды туады деп,
Бір жазған шежіреден көрдім, солай.
Уақиға әр тарапқа кеткен шығар,
Кетеді түзу бастап бері қарай.

Найманнан арғы жағы жиырма ата,
Жігіттер, ойластырып көрсең, солай.
Ақшолпан Аламанның баласы екен,
Солардан қалған болдық тарай-тарай.

Жарылға туады екен Ақшолпаннан,
Сұрасаң, шежірелерді оқығаннан.
Бұрынғы өсіп келген ата-бабаң,
Кем емес дәрежесі мың-мың саннан.

Осыны бір адам жоқ көзі көрген,
Шежіре барша жанға үлгі берген.
Атамыз Жайылханнан Майқы туып,
Жамағат, жерің осы өсіп-өнген.

Біреуге білгеніңді айтқан жақсы,
Ер жігіт, дәм айдаса, жаһан кезген.
Шежіре әртарапқа кеткен сөз боп,
Айтуы рас болса үлкендердің.

Жігіттер, Майқы биден туады Өзбек,
Дүние бірден келіп, бірден кеткен.
Білмейміз алдымызда не бар, не жоқ,
Пенде жоқ ақырына көзі жеткен.
Туады бір енеден деген сөз бар:
Екеуі—Қазақ, Созақ Өзбектен.
Баласы Өзбектің—Қазақ, Созақ,
Харам ғой мұсылманға жеті тозақ.
Созақтан Ауар, Сәрсен—екі бала,
Жігіттер, Ауарынан нәсіл жоқ-ақ.
Сәрсеннен шежіреде Ноғай туып,
Атандық сол себептен Ноғай-Қазақ.

Бұзылып, жылдан-жылға заман тозған,
Термелеп шежірені әркім жазған.
Атамыз Қазақбайдан туады Озған,
Озғанның Ұзақ және баласы екен.
Дүние тірі жанға тамаша екен,
Жамағат құлақ салып тыңдасаңыз,
Ұзақтың нәсілінен Алаш екен.

Білгеніңді айтса жақсы, келсе кезі,
Алаштан үш Арыс боп тарайды екен,
Халықтың үш жүз дейтін мысал сөзі.
Ұлы жүз Үйсін туды Ақарыстан,
Жігіттер, үлкендерден естісеңіз.

Келімбет атаң туды Бекарыстан,
Туады Келімбеттен атаң Көсем.
Бұрынғы адамзаттан бері қарай
Ұрқынан Найманының ұлы атасы.

Көсемнен туады екен Сарманай,
Келеді арғы жағы бірталайдан,
Орыны имандының кең сарайдан.
Біреуі—Арғын, біреуі—өз атамыз.
Ақсопы, Ақжол туды Сарманайдан.

Тоқалдан Қоянбай, Жарғақ туып,
Кетіпті нәсіл қалмай Қоянбайдан.
Ақжолдан Қарақожа—екі бала,
Туады Ақсопыдан атам—Найман.
Найманның жалғыз ұлы Туаш атты,
Жасында Туаш мырза дүние салды.
Найман шалдың тоқсаннан асқан кезі,
Бала жоқ, келіні Әлпіш жесір қапты.

Пендеде не шара бар, Тәңір қылса,
Кім қалар тағдырынан әмір қылса.
Данышпан—өзі ақылды, текті адам,
Келіні қайғырады, жатса-тұрса.

Жасы бар тоқсан үште Найман өзі,
Көрмейді ешнәрсені екі көзі.
Баладан енді бабаң күдер үзді,
Тарайды деп ойламаған одан бізді.

Ішінен Әлпіш сұлу ой ойлады,
«Атама алып берсем» деп бір жас қызды.
Үйсіннің билерімен ақылдасып.
Бір қызды алып берді сұлу жүзді.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз