Көкжарлы мен Бура (4-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Аралап батыр көрді әрбір жерді,
Бір күні бір бақшаға келіп кірді.
Еңселі тастан салған биік үйді,
Аралап бекпен бірге жүре берді.
Бек айтты: «Бұл балалар байлардікі,
Ерекше артық күтім жүргендері».
Келеді артын ала екі бала
Бақана, Бақанасты анық білді.
—Ей, Шәкірт, сөзге құлақ саламысың,
Сөзімнің жалғаны жоқ, нанамысың.
Қарашы, мына екеуі—менің балам,
Кім берді, мұнда әкеліп айтамысың?
—Білмеймін, бұл балалар Қасым ұлы,
Қасым деген шаһарда—байдың бірі.
Саудамен қазақтардан келген алып,
Тапсырып, тәрбиеге берген мұны.
Айтпаңыз, мен айтты деп тірі жанға,
Бар дағы айт болған істі Әмірханға.
Досыңыз әділетті, жақсы адам,
Шындыққа болысатын қисайғанда.
Батыр айтты: «Әмірхан, досым еді,
Келгенім жоқ жоғалтып сізге,—деді,—
Мен таптым жоғалғанымды қалаңыздан,
Қайтарып алып берсең бізге,—деді.
Інімнің екі бірдей баласы еді,
Әкесі өліп, жетім болып қалып еді.
Туысы қастық етіп сатқан екен,
Саудагер бір өзбекке Қасым атты.
Сатқаны екі дағар мейіз екен,
Дәм тартып бұл Бұқарға келген екен.
Жүр екен балалармен тәрбиеде
Дәл бүгін шыққыр көзім көрген екен».
Әмірхан алды тыңдап батыр сөзін:
—Айтпайтын жалған сөзді жансың өзің.
Шәкіртке сол арада берді бұйрық:
—Қасым мен алып келгін екі ұлды.
Бек барып тез жеткізді хакіміне,
Адал іс қарата ма жақынына.
—Шыныңды айт, бұл баланы қайдан алдың,
Тұрғанда шыбын жаның аманында?
Қасым айтты: «Бұларды Құдай берген,
Өзімнен туған бала соңыма ерген.
Қысастық маған, хакім, жасамаңыз,
Куәлік мынау қазы жазып берген».
—Нанбаймын өтірік пен алдағанға,
Қазыны пара беріп жалдағанға.
Өңі, түсі—бұл қазақтан туған бала,
Қисынсыз сөзің бекер зарласаң да.
—Ей, қазақ, байқадың ба сөзің затын,
Айтшы енді өзің қойған бала атын.
Не белгі денесінде бар ма еді,
Бөгелмей осы арада айтшы, жаным.
—Бақанас, Бақана еді балам аты,
Аппақ төс, сол төсіндегі тақыр асты.
Белгісі үлкенінің иығында,
Қал,—дейді,—қара бала иықтағы.
Баланы алып келді шешті киім,
Көпшілік хакім алды болған жиын.
Айтылған екі белгі екеуінде,
Бұлтару Қасым ерге болды қиын.
Хакім айтты: «Ей, Қасым, сөзім тыңда,
Жалғанда өтірік айтып, адам жима.
Ұстаған қанша шығын пұлыңды ал да,
Баланы қайтырып бер, әуре болма».
Айтылған бала пұлын хакім берді,
Дос болып, бата беріп, қала берді.
Аман-сау екі ұлды алып елге келіп,
Жұрт жиып, ат шаптырып той ғып еді.
Найманда Қаракерей басым еді,
Ақылы бек Байыстың артық еді.
Апарып Қара бура, Көкжал бөрі—
Әкелген балаларға бата берді.
—Аталсын бұдан былай Бура Найман,
Көкжарлы деп Бақананың атын қойған.
Бақанас содан кейін Бура атанды,
Батамен көп әлеумет қолын жайған.
Көкжарлы Бураменен өскен халық,
Шамасы бір дуандай тұрсақ бағып.
Сатылған тағылықпен сорлы жетім,
Артынан қанша тарап өсті халық.
Көкжарлы Бураменен өскен халық,
Шамасы бір дуандай тұрсақ бағып.
Бұл сөзім бекер емес тарих сөзі,
Байқасақ, таңқаларлық істің өзі.
Торқа қыз ұялғаннан көшіп кетті,
Төрт ұлы Уақ боп жүр осы күні.
Бұқардан батыр қайтып келгеннен соң,
Торқаға берді рұқсат өлмеген соң.
—Көшіп бар, төркініңе тағдыр солай,
Мақшарда кездесерміз өлгеннен соң.
Аманат саған, Торқа, тапсырамын,
Үбірлі-шүбірлі боп көп жасағын.
Кеттім деп төркініме, белгі бұзба,
Уағда осылайша болсын, жаным.
Найманның—қос босаға таңбасы екен,
Құмырсқа—ен құлақтың белгісі екен.
Балалар Уақ болып жүрсе дағы,
Өзгермей белгі солай қалған екен.
Осылай төрт ұлымен Торқа кетті,
Сан ғасыр сонан бері зулап өтті.
Естіген ел аузынан кәрі құлақ,
Белгі етіп шежіресі бізге жетті.
Сөзіме Жоңғар, Алтай сөзі куә,
Мыңшұңқыр, Тарбағатай жері куә.
Аягөз, Арқа, Ертіс өлке бойы,
Көкжарлы, Бура Найман елі куә.
Ертеде ескі өмірді тұрсам қарап,
Қасқырдай өз күшігін жеген талап.
Әлдісі әлсіздерін жүндей түтіп,
Қарасаң, кейінгіге болған мазақ.
Өтіпті бұрынғыда Адам ата,
Ғапу ет, бұл сөзімде болса қата.
Дастаны Бура, Көкжарлы біткен жері,
Жамағат, қолың жайып, оқы бата.