Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жүсіпбекқожа мен Уәзипа айтысы (1-бөлім)

Жүсіпбекқожа Шайқыисламұлы, Уәзипа · 2 мин оқу

Жүсіпбекқожа:

Әуелі сөз бастайын құдайым деп,
Құдайды айтпай нені айтам күнәйім көп.
Жылқыдан ақсары атты ұстап міндім,
Нағашымда сауық-сайран құрайын деп.

Алла деп жолға шықтым, жүріп кеттім,
Арада неше қабат таудан өттім.
Түскен елдің бәріне сауық құрып,
Бес қонып алтыншы күн әрең жеттім.

Сауықпен араладым бір ай жүріп,
Қасымда боз балалар ойнап күліп.
Ауылына нағашымның түстік жерде,
Той жасапты бір қызға жыртыс келіп.

Жиылып тойға жүрді жанның бәрі,
Маған да жүр деп келді жақындары.
Ел сонда Шүкей қызды аңыз қылып,
Менімен айтысуға мақұлданды.

Уәзипа қыздың аты Шүкей молда,
Деседі айтысасың барсаң сонда.
Қыз болса айтысатын барайын деп,
Мен дағы атқа мініп шықтым жолға.

Маған бір ерттеп берді жорға керді,
Жігіттер отыз шама қасыма ерді.
Оны әлі ешбір адам жеңген жоқ деп,
Шуылдап Шүкей қызды мақтай берді.

Сәскеде жүріп, түсте тойға келдік,
Мінгендей құранды ер шаба желдік.
Нағашым мақтанысып дүрілдетіп,
«Тойыңа ақын жиен алып келдік».

Тойына ат шаптырып, көкпар тартты,
Әкеліп Қожа екеңе той басқартты.
Үстіме той басқарар шапан жауып,
Құдайым сүйтіп ашты біздің бақты.
Жиеннің әңгімесін тыңдаймыз деп,
Мен білмейтін бір үйді тазалапты.

Ол үйге ертіп келді мені бәрі,
Отырды сый-сыйпатты жаспен кәрі.
Сөзінің қайран қалдым кірін таппай,
Жиен жан бір азырақ сөйлеші деп,
Ұнапты әміріне баршалары.

Ұнадым әміріне қосылғандай,
Қалмады келген адам құлақ салмай.
Келді деп Шүкей молда сөйле десті,
Есікті ашты, біз үйде отырғанда-ай.

Шүкей қыз амандаса үйге кірді,
Үлкен-кіші түрегеп орын берді.
Жайғасып, абыр-сабыр басылғандай,
Жанына Қожекең де отырды енді.

Аққудай таранып қыз отыр қарап,
Бұрылмастан өзіме жауап сұрап.
Қаншалық, не болса да көремін деп,
Жауапқа жауап беріп тұрдым сынап.

Уәзипа:

Қазақтың бір қаласы, бай қаласы,
Толысқан жылдан-жылға айналасы.
Отырған домбыра алып жалғыз қақсап,
Сұрайын қайсы рудың қай баласы.

Жүсіпбекқожа:

Шайқыислам әкем аты, мен Жүсіпбек,
Бұл елді іздеп келдім, нағашым ед.
Сәулетті пайғамбардың нәсіліндей,
Сан қызды жүруші едім баса көктеп.

Уәзипа:

Қалбаның ауылым қонған аржағында,
Отырмыз бие байлап шалғынына.
Жамағат құлақ салып тыңдап қалшы,
Қалайын аз сөйлесіп жарқыныма.

Жүсіпбекқожа:

Қалбаның ауылым қонған бұлағына,
Жарасар жібектен жіп тұмағыма.
Өлеңді өзге жігіт қоя тұршы,
Қалайын аз сөйлесіп шырағыма.

Уәзипа:

Басы еді өлеңімнің алдайынан,
Күн шығар өрге жүрсең маңдайыңнан.
Қарасам сипатыңа Сейпіл-Мәлік,
Бейіштің жаратылдың қандайынан.

Жүсіпбекқожа:

Сыртың сұлу, сипатың ақ мамықтай,
Көргенде ақ жүзіңді мейірім қанды-ай.
Көзіме бір бөлекше көрінесің,
Басында Қап тауының жанар құстай.

Уәзипа:

Басы еді өлеңімнің асылым-ай,
Жарасқан асыл тасқа жасылым-ай.
Қарасам сипатыңа таңғаларлық,
Ұқсайды нұр жігітке нәсілің -ай.

Жүсіпбекқожа:

Болғанда көзің гауһар, тісің меруерт,
Шүкей қыз жақсы болсаң сертіңе жет.
Бейіштің қор қызындай көрінесің,
Бұл жүрген адам сізден қылмас па үміт.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз