Айбек пен Еркебұлан айтысы (3-бөлім)
Айбек Қалиев, Еркебұлан Қайназаров · 3 мин оқу
Шымкент жер ғой талай барып келген,
Дәстүрге беріктігін анық көргем.
Ордалы Онтүстіктің жігітісің,
Қазақы салт-дәстүрге қанып келген.
Жігіт едің Керейдің қызын алып,
Жарыңның тектілігін танып көрген.
Қайынжұртта көсемсіп сөз сөйлейсің,
Жайғасып орыныңды алып төрден.
Керейлер де мәрт екен байқап тұрсам,
Күйеуді төрге оздырып, шабыт берген.
Қазақта күйеу төрге отырмайды,
Тәрбие солай дейді халық берген.
Бірақ сен Еркебұлан мықты екенсің,
Дәстүрге пысқырмайтын анық кердең.
Қайын жұрттың тойында ту көтеріп,
Атасының асына шауып келген.
Сонда да сөйлемейсің жарды баспай,
Әдеппен айтысайық жан жыласпай.
Ер Жәнібек батырға күйеу болсаң,
Жүргенің жөн болады арды баспай.
Күйеулердің міндеті самаурын ғой,
Қайнатып, шөлімізді қандыр аспай.
Одан да пиалама шәй құйып қой,
Тойға келген қонақпен салғыласпай.
Құттықтап келіп едім қуанышпен,
Қуанып қалдым мен де мынау істен.
Кесірлі кер заманға кез болдық қой,
Құдайдың қара суын сұрап ішкен.
Еркебұлан:
Айеке, жолдан кейде көп кетерсің,
Қылмасам айтқаныңды өкпе етерсің.
Біз жақта шәйді келін құюшы еді,
Сен осы салтты ұмытқан жоқ па екенсің?
Ойлама күйеулікпен құйды екен деп,
Өйтсеңіз сыйластықты шектетерсің.
Ұстазым болғаннан соң құйып бердім,
Әйтпесе, миымызды жеп кетерсің.
Шәкіртім өлерімде ауызыма,
Бір тамшы су бермеді-ау деп кетерсің!
Жиналып халқым сұрасаң,
Сөйле деп бізге ұйғарсаң.
Бұл тойдың көркін айтайын,
Сеніміңді артып шығарсаң,
Айеке енді сіз тыңда
Ініңнің уәжін құп алсаң.
Жорға да жорға жорға бар,
Жорғасын қосқан орда бар.
Астана жұрты қолдаса,
Тілімнен балым сорғалар.
Сарыарқа менің өз елім,
Күйеулігім ол да бар.
Қошқар болар қозының,
Маңдай алды дөң болар.
Жаман болса күйеулер,
Атыменен күл тасып,
Қорада жүріп қор болар.
Жақсы болса күйеудің
Алатын орны төр болар.
Несібек ағам мысалы,
Қазы боп отыр қасқайып,
Бұны да айтсам жөн болар.
Айеке, мұны қызғанба,
Қызғансаң өзіңе сор болар.
Қонақпын десең өзіңді,
Сіздердей қонақ, Айеке,
Біздей жігітке қол болар.
Суыған шәйді қайтесіз,
Өлеңім ыстық сөл болар.
Кеудемде өлең ағызып,
Сөзіңнің майын тамызып,
Қалағаныңша асатсам
Сыбағаң сенің сол болар!
Заман да заман ілкі еді,
Мінгенім шұбар жылқы еді.
Тазыдай қылып шалдырған,
Заман да біздің түлкі еді.
Күйеусің деп Айекең,
Шабымнан менің түртеді.
Үш жұрты болар жігіттің,
Атамның бұл да ғұрпы еді.
Біреуін айтып Айеке,
Екеуін айтпай қалдырсаң
Намысқа қандай түрпі еді.
Ішінен қозғап айтайын,
Айтқаның сенің сырты еді.
Тегімді менің сұрасаң,
Тарихын тасқа жаздырған
Тамыры терең түркі еді.
Ұлтымды менің сұрасаң,
Досына құшақ айқарған,
Жауының бетін тойтарған,
Дорбамен келген міскінге,
Жорғасын беріп қайтарған,
Қазақ деген ұлт еді.
Өз жұртымнан қозғасам,
Сол қазақтың ішінде
Ұлы жүздің үлкені -
Нәсібін Алла әперген,
Қадірін хандай көтерген
Қаңлы деген жұрт еді.
Қожағұл менен Сарбұқа,
Жауына төнген бұлт еді.
Нағашым да сол жұрттан,
Жалаңтөс пен Айдарбек –
Төрт қақпалы Түркістан,
Бір қақпасының құлпы еді.
Іздеушісі жоқ демеңдер,
Алдыңда тұрған бауырың
Сол құлыптардың кілті еді.
Үшінші жұртым – қайын жұрт,
Өзің жырлап отырған
Ер Жәнібек бастаған,
Тұлпарын мініп күлтелі.
Оспан батыр қоштаған,
Мылтығын алып білтелі.
Ақынды да тудырған,
Батырды да тудырған,
Керей деген жұрт еді.
«Қатын алма қайын ал»,
Деп өсиет қалдырған
Ұлыларымның ұрты еді.
Үш жұртымды қосқанда