Айбек пен Еркебұлан айтысы (5-бөлім)
Айбек Қалиев, Еркебұлан Қайназаров · 2 мин оқу
Жәнібек, саған ерлік қонған екен,
Жүрегіңе қайсарлық толған екен.
Алайда арыстанды шекесінен,
Шерткенің сірә, қате болған екен.
Арыстанды қумасаң үйде тұрған,
Алмас қылыш жаныңда қалған екен.
Алмас қылыш ерліктің еншісі боп,
Ұрпақтан ұрпағыңа қалмақ екен.
Содан кейін Жәнібек ер атанып,
Жасанып талай жауға барған екен.
Ел үшін ерлік еткен Ер Жәнібек,
Содан бері қазақтың ардағы екен.
Осындай ерен туған ерден де өткен,
Шынымен сұм дүние жалған екен.
Жат келсе жалпаң қағып зырылдаймыз,
Астына көпшік қойып зуылдаймыз.
Ысқырып айдаһардай Қытай келсе,
Мұнаймен аузы-басын тығындаймыз.
Қорбаңдап орыс келсе одақтасып,
Не айтса да мақұл деп шыбындаймыз.
Арыстандай ақырып АҚШ келсе,
Бас ұрып малымызды шығындаймыз.
Құлдық сана құрсаулап, бұл қазақтың
Тәуелсіз ел екенін ұғынбаймыз.
Өзгелерге иіле бермей ылғи,
Бір мезет қаһарлансақ жығылмаймыз.
Үлгі алсақ Жәнібектің ерлігінен,
Жағынып ешкімге де құбылмаймыз.
Бес күннің еншісіне ерлік жазып,
Ешкімнің етегіне тығылмаймыз.
Тұрса деп қазағымның байрағы алда,
Ұлтымның болашағын ойланам да.
Жылында бір шыққанда сахнаға,
Ойдағы сөзімді айтпай жай қалам ба?!
Бар сырымды ақтарып қалайыншы,
Намыстан қаным бойда қайнағанда.
Қазақстан әлемді мойындатты,
Деп біздер кереметпіз сайрағанда.
Ұлт тағдыры шешілер сәт келгенде,
Айналамыз мүсәпүр майда адамға.
Шамамыз жетпейді деп көлгірсиміз,
Бүрі жоқ табанымыз тайғанауда.
Амал жоқ, не айтса да көнеміз деп,
Қорқақтықпен тартамыз айланы алға.
Әлсіз болсақ, сонда не айтса көніп,
Жүре беру керек пе айдағанға.
Елулікке ендік деп ентігеміз,
Астанамыз көркейіп жайнағанға.
Елу түгіл ел деуге ауыз бармас,
Азып жатқан ауыл көп айналаңда.
Қазақтың ысқырығы жер жарып тұр,
Алға сап бес ешкіні айдағанда.
Айбек елді бүлікке шақырды деп,
Кейбіреулер баспасын байбаламға.
Қазақтың ақындары қарашаны,
Бүлікке шақырып ед қай қоғамда?
Тарихтан түйгенімді жырға қостым,
Ел жайлы, жақсы болса қайғы алам ба?
Жәнібек жайындағы әнгімеден,
Үйренетін тәмсіл көп ойлағанға.
Керексізін өзіме қайтарарсың,
Керегін қажетіңе пайдалан да.
Осымен қош аман бол көрерменім,
Сөздерін түйіндесін қайнағам да.
Ағайын, бұл Еркештен мен жеңілдім,
Термелеп алдарыңда сайрағанда.
Ал, Еркеш, осы жерден мен тоқтадым,
Көп сөйлеу жараспайды ойлы адамға.
Көк шандыр қазы болмас шайнағанға,
Қара су сорпа болмас қайнағанға!
Еркебұлан:
Айеке, Торғай жақтан сен келіпсің,
Атамыз үлкен ед деп желденіпсің.
Қазақты бөліп-жарды деп ойлама,
Мына жастар шежірені жөндеп ұқсын.
Бағанадан қарасам сөзіңізге,
Бұл елді мен емес-ау, сен бөліпсің.
«Керейге күйеусің» деп ел бөліпсің,
«Шымкетский подход» деп жер бөліпсің.
Енді келіп жалаңды маған жауып,
Өлеңіңе өзгеше өң беріпсің.
Бұл да болса арқасы-ау қарындастың,
Тәп-тәуір термин жаттап, өзгеріпсің.
Сынықтан басқа бәрі жұғад деген,
«Подходты» менен жақсы меңгеріпсің!
Есілдің арғы жағы, бергі жағы
Айтысқа елеңдеп тұр ел құлағы.
Айеке, күңіренбей сәл сабыр ет,
Еліңнің естілмесін енді зары.
Бір ауыз жақсы сөзің қайырлы боп,
Бір ауыз жаман сөзің ел бұзады.
Бірақ бұл айтыстағы стилің ғой,
Сізге ақыл айтпаймын ендігәрі.
Айекенің айтысы – үнді кино,
Көргендер көздің жасын көл қылады.
Бас жағы комедия боп басталад та,
Трагедия боп бітеді соңғы жағы.