Айбек пен Еркебұлан айтысы (2-бөлім)
Айбек Қалиев, Еркебұлан Қайназаров · 3 мин оқу
Қоямын деп жүргендер әлі де бар,
Шаруасы бітпей жатып шарт бұзғандай.
Әйтеуір Жүкеңді алға салып жүрміз,
Солардың қас-қабағын баққызғандай.
Кетем деген келіннің аяғына,
Кемпірді көлденеңдеп жатқызғандай.
Әй-аға, қызынсаңыз асаудайсыз,
Сызылсаң қызға берер жасаудайсыз,
Жұрт сізді ақиқатшыл ақын дейді,
Өзіңе-өзің жарнама жасардайсыз.
Қай ауылға барсаң да ебін тауып,
Әкімін жамандаудан бас алмайсыз.
Күңіреніп сөйлесең Қорқыттайсыз,
Аңыранып сөйлесең Асандайсыз.
Мен де сіздің әкімді зерттеп едім,
Ал енді ақиқаттан қаша алмайсыз.
18 миллион теңгені жеп кетіпті,
Сіз әншейін ауызды ашардайсыз.
Айеке, жұрттың бәрін сынай бермей,
Неге өз әкіміңнен өш алмайсыз?
Жемқорды желмая ғып мініп алмай,
Асан қайғы атаңнан аса алмайсыз.
Осылай ақиқаттан кетпей мүлде,
Айлаңды өзің айла етпеймін бе?!
Қазынаңды қопарып жұтып қойған,
Әкіміңіз жұмыстан кетпей жүр ме?
Осы жайлы естідім бір жаңалық,
Немене сіздің сөз де өтпей жүр ме?
Өзгеге тегін берген ақылыңыз,
Өзіңнің ауылыңа жетпей жүр ме?!
Айбек:
Бұл Еркеш бала ма екен, дана ма екен,
Сын көзбен жанарыңа қарап өтем.
Ағаларын іздесе сахнадан,
Шынымен де шәкіртім саналы екен.
Ең үлкені мен екем осы айтыстың,
Мұны да құдай басқа салады екен.
Сондықтан бұл Айбекті Жүрсін жездем,
Қызыл кітапқа енгізсе болады екен.
Кейінгі жас ақындар беттен алад,
Деместен қарт ақынға обал екен.
Айтыстан қатар құрдас-құрбымды іздеп,
Көңілім құлазиды ала бөтен.
Қатар теңі болмаса қасында адам,
Отыз бесте қартайып қалады екен.
Несіпбек ағам айтқан алты қаздай,
Бізден де дәурен озып барады екен!
Естіп, біліп жүрсің ғой жұрттан жайды,
Кетпей тұр қазақ деген ұлттан қайғы.
Жердің бетін топан су қаптаса да,
Торғайдың даласына түк тамбайды.
Әкімдерің жемқор деп айтып қалдың,
Боп тұр ғой өкіметте сұқ қол қайғы.
Еркеш-ау сол әкімнен шаршап болдық,
Ол кетпей Арқалыққа құт қонбайды.
Жыланның басын жұтқан Жәнібектің,
Ерлігі оның жанында түк болмайды.
18 миллион теңгең ештеңе емес,
Одан зорын жұтса да күп болмайды.
18 мың ғаламды қылғытса да,
Бұлардың жұмырына жұқ болмайды!
Қай жерде тура сөзден жалтарыппын,
Айтайын мәселені жан салып шын.
Он ай әкім болғанда Берік келіп,
Көңілін тауып еді бар халықтың.
Оны да маңдайыма сыйдырмады,
Қайда да жолы болсын мәрт алыптың.
Содан соңғы екі әкім шала қазақ,
Басын қосып сөйлей алмас алты әріптің.
Бір жылда төрт әкімді ауыстырып,
Рекорд жасап еді даңқ алып кім?
Енді жемқор әкіммен атым шығып,
Даңқымды алты алашқа сан таныттым.
Жемқор басшы, парақор қосшысы бар,
Жағдайы мәз болмай тұр Арқалықтың!
Қаржысын үкіметтің жатып жеген,
Әкімін Арқалықтың батыр деген.
Үстінен қылмыстық іс қозғалса егер,
Орынын босатпай ма әкім деген?!
Қасқайып біздің әкім орнында отыр,
Кресло, мықты екен тақым деген.
Мәдениет басшысы коррупционер
Атанып, іске басын шатылды ерен.
Тырп етпей ол апам да орнында отыр,
Звондап көкелерге жақын деген.
Әйтеуір Қостанайдың саясатын,
Түсіну қиын боп тұр ақылменен.
Айтпақшы, Астаналық соттар жайлы
Бір жаңалық естідім жақында мен.
Көшеде пісте шағып, түкіргенді,
Бір күнге қамап тастап жатыр деген.
Жазықтыны жазасыз қалдырмайтын,
Соттары Астананың батыл неден?
Әділетті сол соттар бізге келсе,
Қос қолымды көтеріп мақұл дер ем!