Айбек пен Еркебұлан айтысы (1-бөлім)
Айбек Қалиев, Еркебұлан Қайназаров · 3 мин оқу
Айбек:
Алла деп ақындарың жыр бастайды,
Ұлықты елді рухты ұл бастайды.
Алғашқы жұп боп біздер шығып тұрмыз,
Өмірде алға қадам кім бастайды.
Әуелден бұл айтыстың салты солай,
Бірінші жұп ешқашан қырды аспайды.
Еркек тоқты құрбандық деген осы,
Қазының да бағасы шынға аспайды.
Алайда бірінші боп шықты екен деп,
Көңілін бұл Айбектің мұң баспайды.
Аймүйіз ақ серкедей қой бастаған,
Бұл тойды мен бастамай кім бастайды?!
Шығарып тұнық терді сауырынан,
Жараған тұлпар едік бауырынан.
Алла деп аламанға келіп қалдық,
Қазақтың қалмайық деп сауығынан.
Ассалаумағалейкүм арда қазақ,
Тынбаған замананың дауылынан.
Сіздерге дұғай сәлем әкеп тұрмын,
Киелі қарт Торғайдың қауымынан.
Ер Жәнібек батырға бата беріп,
Ат қойған Тархан баба ауылынан.
Бармысың Еркебұлан, ұзын жігіт,
Айтыста сөз айтатын үзілдіріп.
Алдымнан дәріс алған шәкіртім ең,
Болғанмын сенің әбден сырыңды ұғып.
Дәріс алды дегенім әншейін сөз,
Әйтпесе оқыдың ғой үзіп-жұлып.
Бөрідей түнде жортып жүруші едің,
Қаланың қызығы мен қызын қуып.
Ұйықтап жатқан жеріңнен оятып ап,
Есіңді жиғызушы ем жуындырып.
Қасыңда Иран-Ғайып – сары досың бар,
Сендерді оқыттым ғой қуып жүріп.
Енді міне, есейіп ер жеткен соң,
Халықты сөйлейсіңдер қызындырып.
Айтулы ақын болдың Алашыңа,
Айтыс деген өнерге туыңды іліп.
Қарық қып кетпесең де білім қуып,
Өнерде тұрған жоқ па жырың жүріп.
Ендеше кезегіңді ұсынайын,
Жанымды жібергейсің жылындырып.
Ал енді Еркебұлан, сен сөйлей тұр,
Ауызымды алғанша суындырып.
Еркебұлан:
Алғанша ауызыңды суындырып,
Ортаға мен шығайын туымды іліп.
Айбектей ұстазымның айтуынша,
Шәкіртте мен екем ғой бұзық жігіт.
Бойымның ұзындығы ештеңе емес,
Тілді де берген Алла ұзын қылып.
Ұйықтағаным болмаса анда-санда,
Кетіп ем түзу тұрып, түзу жүріп.
Сенің өзің көп кетіп айтыстарға
Зорға сабақ берген ең үзіп-жұлып.
Мен сонда декандарға дым білдірмей,
Бастағам тобымызды тізіп жүріп.
Сенен қайыр болмайтын болғаннан соң,
Үлкендерді іздедім тізім қылып.
Мырзағаң, Рымғали мен Ақселеудей,
Шалдардан маржан тердім сүзіп жүріп.
Айеке, сіз айтқандай жаман болсам,
Дипломды алмаймын ғой қызыл қылып!
Бісміллә, ерттеп мінсем тойдың атын,
Ұл едім сөз құрықтап, ой қуатын.
Ассалаумағалейкүм, қазақтарым,
Жүрмісің есен-аман бой қуатың?
Бабама берген тойың құтты болсын,
Бұл күнде естіп жатыр ой-қыр атын.
Сенің дархандығыңның шегі бар ма,
Қонақ келсе қорадан қой қуатын.
Әйтпесе, жер бетінде қанша ел бар ғой
Жомарт боп шығарды олар қайбір атын?
Батыста орыс дейтін бір көршің бар,
Мәрттікпен жарысуға қаймығатын.
Қуанса күні бойы арақ ішіп,
Ертесі бас жаза алмай қайғыратын.
Шығыста Қытай деген бір көршің бар,
Асына бақа-шаян қойдыратын.
Түстікте өзбек дейтін бір көршің бар,
Қонағын көк шәйменен тойдыратын.
Арқаның қазақтары бармысыңдар,
Жұмасына бір жылқы сойдыратын.
Екі күнің бірінде думан қылып,
Орынын төрден ғана ойдыратын.
Тірісінен ештеңе таба алмаса,
Өлгенін есіне алып той қылатын!
Атағым болмаса да атсыз қалмай,
Шапаным болмаса да бақсыз қалмай.
Қол бастаған бабамның бұл тойында,
Сөз бастасақ екеуміз мәртпіз қандай?
Айбек аға, жүрсің бе аман-есен,
Ағалығың арқамнан қаққызғандай.
Айтыста сізді көріп мәз боп қалдым,
Жәнібек жауға шауып шеп бұзғандай.
Ағалардың қатары сиреп қалды,
Орманды ортасынан шапқызғандай.
Аманжол Әлтай ағам айтыспай жүр,
Үкісін мұражайға тапсырғандай.
Дәулеткерей төрге іліп домбырасын,
Саусағына қаламын қапсырғандай.
Мелс пен Мұхамеджан ағалар да,
Аманатын біздерге артқызғандай.
Қазы болып кетіпті Сері ағам да,
Сөзіңізді таразға тартқызғандай.
Жібек деген апамды көрмей жүрмін,
Тербеліп отырушы еді аққу-қаздай.
Есесіне көбейді жас балалар,
Жамбыл Жәкем тоқсан ұл тапқызғандай.