Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Серікзат пен Иран-Ғайып айтысы (3-бөлім)

Серікзат Дүйсенғазин, Иран-Ғайып Күзенбаев · 3 мин оқу

Бұл Иран Найманды айтып басты егеске,
Абырой кейде аяқ асты емес пе?
Наймандар шайтанды да алдайды деп,
Өзінше Америка ашты емес п?
Сол шайтан мен білетін шариғатта,
Хазіреті Омардан қашты емес пе?
Адамды тура жолдан тайдыратын,
Шайтанның бір тармағы нәпсі емес пе?
Кім айтты саған оны алдады деп,
Дегенмен Найман жеңсе жақсы емес пе?
Жұрт жоқта жын-шайтанмен тілдесетін,
Мынауың Сары әулие, бақсы емес пе?

Бастық біз болашаққа шындап қадам,
Әлемде ел жоқ бізге үн қатпаған.
Қазақстан алпауыт елдерменен,
Жасқанбай кіріп шығады бір қақпадан.
Соның бәрі арқасы азаттықтың,
Себебі де емес қой жұмбақ маған.
Өйткені Құдай берген мұнайым бар,
Мұнаймен күллі әлемге шын мақтанам.
Ендеше «Қазгермұнай» жасай берсін,
Шетелге қара алтынды ұрлатпаған.
Қазақтың мәртебесін асқақтатқан,
Мұнайдың әр тамшысы қымбат маған.

Білетін елге келдік сөз бағасын,
Жырладық мұнай шыққан боз даласын.
Қытаймен мұнай сауда қызып жатыр,
Дамуға басқа жол жоқ өзге Алашым.
Құмкөлдің құбырына қойып кетсең,
Қытайға самолеттен тез барасың.
Ағалар әзіліме ренжімесін,
Бұл менің жеке пікір көзқарасым,
Мынау мені бағана түйе деді,
Түйе жақсы көреді өз даласын.
Азуым батып кетсе айып етпе,
Түйе де қарпып сүйер өз баласын.

Ей, Германия!
Дегенге бір соғысты бастап кетпе,
Кеудеңді көтеріп ап асқақ көкке,
Өзім баптап өсірген шәкіртім ең,
Сен менің тұнығымды ластап кетпе.
Мұнайға келіп кеткен неміс құсап,
Боп жүрме күні ертең қашпақ текке.
Өкпелеп айтыстан соң ұстазыңа,
Сен мені орта жолдан тастап кетпе!

Иран-Ғайып:

Қулықпенен құрдың ба оң бір айла,
Қазып қойдың ау Сәке, орды қайда.
Германия егерде қашып кетсе,
Қазағым кенелер ед мол мұнайға.
Айтысты тастап қашып кетпе дейсің,
Суық жүзбен қарадың соңғы райға.
Кімнің бүгін кетерін құдай білсін,
Сен аға бастап кеттің жолды қайда?
Сіз сыйынып кеп тұрсаң бір Құдайға,
Мен де сеніп отырмын сол Құдайға.
Аралап қайтсақтағы аз белінді,
Жадыратып тастадың жаз көңілді.
Естіп емес көзбенен көріп қайттық,
Жиырмаға келіп жатқан Қазгеріңді.
Жүздеген жұмысшымен жолығып ек,
Барлығының жағдайы мәз көңілді.
Жиырмадағы Қазгердің арқасында,
Қаламызға толықтай газ берілді.
Күз келіп жатсадағы Ақмешіттің,
Жағдайы осыдан соң жаз көрінді.
Қазгермұнай жасаған жақсылықпен,
Бүтіндеп тастапсыңдар біраз жеріңді.

Болғанда Сыр Алаштың анасындай,
Қала бар ма Ақмешіт қаласындай?
Не керектің барлығы табылатын,
Санаймын Қызылорданың даласын бай.
Батыста бар мұнайың бізде де бар,
Көзіңнің ағыменен қарасындай.
Шығыстан шыққан алтын бізде де бар,
Қаратау етегінің жағасындай.
Солтүстіктің бидайы бізде де бар,
Бұл сөзіме бар екен таласың қай?
Астананың Есілі бізде де бар,
Сарқылмас Сыр елінің саласындай.
Жырласаң бітпейтұғын бүгін айтып,
Байлығымыз жетеді тағы осындай.
Жер кіндігін жеті рет айналсамда,
Жерұйық таба алмаспын дәл осындай.

Бір түрлі боп кетті ғой Секең бүгін,
Қара өлеңге көрсетіп бекемдігін.
Әрине шәкіртің ем бала кезден,
Қадіріңе айтыста жетем бүгін.
Ұстаздан шәкірт озады демейді ме,
Осы сөзді дәлелдеп кетем бүгін.
Секеңде дәлелдеуге тиісті ғой,
Өзінің қандай ұстаз екендігін.

Тура қарап және де көзіңізге,
Бір мысал келтірейін сөзіңізге.
Шәкірт нашар болуы ұстаздан деп,
Айтушы едің студент кезімізде.
Ендеше озуымды тілеп отыр,
Сөз тимесін десеңіз өзіңізге.

Серікзат:

Алғансың ақпаратты қайдан жинап,
Ұстазды қайтарғандай тойдан қинап.
Ұстазым академик Рымғали,
Кеудесіне білімді қойған жинап.
Менің мына ұстазым академик,
Ал сенің бұл ұстазың жай кандидат.

Болсамда саған ұстаз қартаймадым,
Қартайып өлең таппай жантаймадым.
Ағайын өлеңіме тойдыңдар ма?
Десек те осы болсын бар тойғаның.
Серікзат осыменен қоштасады,
Ертіп ап кетеді енді сары тайлағын.

Иран-Ғайып:

Айтар болсаң ойыңды ерікті етсей,
Көп тосылмай және де көрікті етсей.
Рымғали ұстазың болса егер де,
Қасыңдағы ініңді жеңіп кетсей.
Рымғали бірақта кетіп қалған,
Сен де солай жолыңды беріп кетсей.

2013 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз