Серікзат пен Иран-Ғайып айтысы (2-бөлім)
Серікзат Дүйсенғазин, Иран-Ғайып Күзенбаев · 3 мин оқу
Серікзат:
Мынауың шыға салып түйе қылды,
Ал өзін кіп-кішкентай шие қылды.
Шәкірт қып баулығанда біліп па едім,
Дәл осылай жыныма тиеріңді.
Ағаңның азуына ілініп қап,
Таба алмай қалып жүрме Шиеліңді.
Баланың жаман екен дәйім құлқы.
Жеңістің бар секілді дайын кілті.
Иранғайып құтырмай кім құтырсын,
Қызылорда өз жұрты әрі қайын жұрты.
Жюриде де Жүрсіндей ағасы отыр,
Басымды торлап тұр ғой уайым бұлты.
Қос Қыпшақ қос бүйірден қысқан кезде,
Келеді қай жерімнен ойын күлкі.
Біз қашан бөлінуден арыламыз,
Қит етсе тағы екіге жарыламыз.
Төрімді билетпеймін деп қоясың,
Оған куә шығармыз тағыда біз.
Мені қойшы қарағым қазақпын ғой,
Көз салып көрсек қайтеді арыға біз.
Елу жыл Байқоңырды билеп тұрған,
Қонақты түрі сары не қыламыз?
Төбеңнен у төгіліп төтен кеше,
Мына жұрт қиналды ғой бекер неше.
Ашынып қалай оны біз айтпаймыз,
Зардабы сол гептильдің өтелмесе.
ҚазҒарышты басқарған Мұсабаев,
Бүйрегі бұрып кетер бөтен десе.
Үкімет те үндемей жатып алды,
Жағдайға сүйтер ме еді ет өлмесе.
Жабулы қазан болып қалар ма еді,
Қырымбек Көшербаев көтермесе.
Басыңнан талай зұлмат өткен жоқ па,
Бабалар сол үшін қан төккен жоқ па?
Қу гептильден қырылып киіктерің,
Айтақырға атаның шөккен жоқ па?
Халықтың қамын жеген нағыз әкім,
Ел үшін түседі ғой от пен шоққа.
Қырымбектің жасаған сол ерлігі,
Аңыз боп Алты Алашқа жеткен жоқ па?
Айналайын Иранжан бауырым-ау,
Байқоңыр сағанда уын сепкен жоқ па?
Шашынның түсі сенің біртүрлі екен,
Протонның зардабын ол шеккен жоқ па?
Зымыран құлап келе жатқан кезде,
Бір тамшы гептиль тамып кеткен жоқ па?
Иран-Ғайып:
Ол рас уға толы үй іргеміз,
Сөзіме дәйек болар кейбір негіз.
Байқоңырға жайылған гептильді ойлап,
Қайғыдан қан жұтамыз кей күнде біз.
Себебі, қаншама адам жапа шекті,
Бұны да қарсы қылған қимыл деңіз.
Аналарға тууға болмайды деп,
Айтқанына көз жұмып мейлің деңіз.
Құрсақтағы балдарын алдыратын,
Біз қазір жан түршігер фильмдеміз.
Сенің шашын күйген деп сол гептильден,
Қапа ғып мына елді күйдірменіз.
У жұтсада той қылып улап-шулап,
Сіз қайта Сырдың халқын тұйғын деңіз.
Тағы да гептильді айтып Дүйсенғазин,
Күйіп жатқан халықты күйдірменіз.
Дегендей бұл қулыққа итім шыдар,
Найман аға қорыққан кейпін шығар.
Наймандар емес пе еді адам түгіл,
Сайтанды да алдайтын сиқыршылар.
Қай жерімнен келеді деп ойын күлкі,
Қулыққа салып тұрған сиқың шығар.
Бұл сөзіңді Наймандар естіп қалса,
Ұстап алып миыңды жейтін шығар.
Басқа басқа шайтандар естіп қалса,
Наймандарға не болған дейтін шығар.
Айнымай мен отырсам сары алтыннан,
Сен де айнымай отырсың қара алтыннан.
Қара алтын дегеніме масайрап қап,
Сары алтынды алмассың жан алқымнан.
Астына өлеңімнің отын жағып,
Бензиніңді айырайын соляркыңнан.
Таң қалма қара алтынға теңеді деп,
Мұнайға теңеуімнің себебі көп,
Халық айтса қалт айтпайды деп естіп ем,
Мұнайдан көбірек газ бөледі деп.
Көбірек газ бөлгені жақсы емес пе,
Халыққа да тиетін көмегі көп.
Сенің де дәл осындай байлығың бар,
Қазынаңды ақтарсақ тереңірек.
Бірақ сенен шығатын кейбір газдың,
Кемпіріңнен басқаға керегі жоқ.
Серікзат:
Неліктен сені отырғам желіктіріп,
Бұл ойыңмен кетпексің нені ұқтырып?
Қызылорданы қара алтын көтеріп тұр,
Бюджетін жатырмыз ғой көріп біліп.
Көпшілігі мұнайшы мынау елдің,
Нан тапқан маңдай терін төгіп тұрып.
Өзінше сары алтынмын деп қоясын,
Өзіңді мына жұрттан бөліп тұрып,
Қара алтынмен қалайша тартыспақсың,
Мұнайдың айтысына келіп тұрып.