Бақтыбай мен Бәйімбет айтысы (1-бөлім)
Бақтыбай, Бәйімбет · 3 мин оқу
Бәйімбет:
Ассалаумағалейкүм, Бақтыбай,
Бағарыңыз көбейсін,
Осы болса бар малың,
Бес ешкілі кедейсің.
Бес ешкіңнен айрылсаң,
Қатыныңа не дейсің?
Қу тақтайды құшақтап,
Сұмырай тілді безейсің.
Сүйір пышақ, қу табақ –
Мезгілмен соғым жемейсің.
Өлеңменен байлардың
Мінін айтып, шенейсің.
Қақсап жүріп бір күні
Өлемін ғой демейсің.
Құдай берген өнердің
Қызығын қашан көресің?
Бес күндік пәни жалғанға
Осынша неге сенесің?
Өлмеймін деп жүрмісің
Қырыңнан жерге енесің.
Бақтыбай ақын дегенге
Мәз боласың есіріп.
Бір тойып ішкен көжеңе
Терлейсің, сорлы, шешініп.
Жамыларға көрпең жоқ
Жатарлықтай көсіліп.
Айтыспаққа құмар ем,
Сеніменен шешіліп.
Саған айтар сөзім жоқ,
Қалмаса тілім кесіліп.
Сен Бақтыбай болғалы
Қос атпенен жүресің,
Жеке атқа қашан мінесің?
Дүниенің шолағын
Айтқызбай, өзің білесің.
Далаға шықсаң мақтанып,
Үзеңгіңді шірейсің.
Үйде отырсаң омалып,
Боқтығыңды күрейсің.
Біздей сұғып тіліңді
Қанағат қылмай Құдайға
Елден жылу тілейсің.
Шұбардан, тіпті, көшпейсің,
Көксаудан бұлай өтпейсің.
Құдай тойым бермесе,
Мұрадыңа жетпейсің.
Қай уақытта, Бақтыбай,
Көресің елдің қарасын?
Құдай жазған емес пе
Әркімнің тағдыр қазасын.
Дүниеқордың береді
Өлгенде Құдай жазасын.
Қолыңды жайып, сұранып,
Кетірдің жұрттың мазасын.
Онан-мұнан құрайсың,
Қайырыңды сұрайсың.
Бет алып барған жеріңнен
Алмай, тіпті, тұрмайсың.
Домбыраңды бетке ұстап,
Зулап тұрған сұмырайсың
Бай болмайсың, Бақтыбай,
Барлық қанық бергенге.
Сұраншақтық азапты
Тартарсың кейін өлгенде.
Тырайып барып жатарсың
Өлген қайтып келген бе?
Неңді сойып бересің
Үйіңе мейман келгенде?
Бақтыбай деген атың бар,
Қазаның толмас асың бар.
Сен бір жүрген шерменде.
Жарымаған сорлысың,
Тақыр шалбар тоңдысың,
Берер Құдай бергенге.
Бақтыбай:
Ал, Бәйімбет, Бәйімбет,
Сөйлеп кеттің тоқтамай.
Мақтанбағын баймын деп,
Отаубайша оттамай.
Енді маған кезек бер
Тұрдым тыңдап сөзіңді
Өзің келіп тиістің
Жеңбей қойман өзіңді.
Менің атам – Сырманақ
Сенің атаң – Шуманақ.
Табаныңда бүрің жоқ.
Келдің қалай сырғанап?
Шуманақтан Барақ-ты,
Бақтыбай ақын аралар
Абақ пенен Тарақты.
Байқап сөйле, Бәйімбет,
Ашылар артың әлі ақ-ты,
Құрт жеген соң басыңды,
Шөкімдей миың қалмапты.
Сүйір пышақ, қу табақ,
Жарымаған ел едің,
Айтып бір салдың әуелден
Ішіп, бір жеген тамақты.
Сенің атаң әуелі,
Күшік емес, Көмшік-ті.
Сұрастырсам атаңды
Атамнан атаң кем шықты.
Бақтыбай кедей болғанда,
Сенің елге нең шықты?
Қысы-жазы босасың,
Тоғаның жоқ меншікті.
Қыздырып ең аузымды,
Маңдайымнан тер шықты.
Қайда көрсем шұбайсың,
Бір орын мекен қылмайсың.
Астықты қайдан алам деп,
Құдайыңа жылайсың.
Қақпан, тұзақ арқалап,
Сексеуілге барасың.
Шырпының түбін сау қоймай
Қақпан, тұзақ саласың
Тұзақ пенен қақпанға
Ертең түсте барасың.
Арам өлген қоянды
Арқалап, жиып аласың.
Ақкөз қоян адал деп,
Біле тұра арамды
Қазаныңа саласың.
Құдай өзі береді
Арамқордың жазасын.
Баққаныңды мал демей,
Еңбек қылып, нан жемей,
Біздің елдің дәніне
Күзді күні болғанда
Айырбастап тұзыңды
Аласың елдің мазасын.
Менің атам – Байкөбен,
Сиыр бағып жүргенде,
Ақсақалды шал келген.
Шұбардан қоныс ал деген,
Ақ бидайды сал деген.
Ақ бидай салып, нан жеген,
Нан жеген соң, дәндеген.
Қараталдан тоған ал,
Тоғанға қарай қоғамдал,
Иесіз жатқан Шұбардың
Егістігі мол деген.
Қыдырлы тоған болған соң,
Орыс деген ел келген.
Өнері көп орысты
Үйір қылдым жерменен.
Сенің елің қорқады
Мен емес пе тең келген?
Арық аттай, Күшігім,
Шом тесіп, арқаң жауыр боп,
Ел қатарына енбеген.