Құлмамбет пен Жамбыл айтысы (3-бөлім)
Құлмамбет, Жамбыл Жабаев · 2 мин оқу
Аманжол, Қасқарауда бек-Ноғайбай,
Түп-түгел мал мен бастың бәрі де сай.
Ерте жатып, кеш тұрған өңшең сырбаз,
Ішкені шай, бұлардың жегені май.
Жамбыл:
Ал, қадыр, атыңыздан әуел қадыр,
Бұл жерге келіп отыр Екей − Жамбыл.
Көсілген аяғыңды бір жимайсың,
Не басыңа күн туды, Тәңір алғыр!
Ал, қадір, атыңыздан қадір дана,
Құлыңа Алла деген болғын пана.
Көсілген аяғыңды бір жимайсың,
Не басыңа күн туды дүзі қара!
Құлмамбет, сөз сөйлейсің анықтамай,
Алды-артыңды сөйлейсің парықтамай.
Айтатұғын кісіңнің өзіне айтқын,
Делбекезек кісідей шалқақтамай.
Ыстыда толып жатыр қой мен жылқы,
Қасабек, Дәулетбақпен қызыл түлкі.
Бабаның қата қойын маған салып,
Досқа таба, дұшпанға болма күлкі.
Ал, Құлмамбет, Құлмамбет
Ағып жатқан сумен кет!
Сумен кетсең, ел ішер,
Судан шыққан бумен кет!
Онда да кесірің тиеді,
Қызарып батқан күнмен кет!
Күн де қайтып шығады,
Оттан шыққан күлмен кет!
Күлден ауру жұғады,
Қараңғы тұман түнмен кет!
Түн де қайтып келеді,
Асқаралы таумен кет!
Кесірің жұғар Құлмамбет,
Қу пәлекет, әрмен кет!
Таз Құлмамбет, сен салсаң,
Мен де салдым байымды.
Мен де байдан ап жүрмін,
Азын-аулақ шайымды.
Асықпасаң, Құлеке,
Табарсың әлі-ақ жайыңды.
Менің де Құтықсейіт байым бар,
Қайтетұғын ойың бар.
Қалың байды қаптатсам,
Болатын әлі-ақ тойың бар.
Жылқысының бір шеті,
Алматының өзенінде.
Бір шеті Қарақыстақ,
Қастектің кемерінде.
Несі болмас құданың бермесіне,
Бұған қайтіп жетесің?
Жалған сөйлеп не керек,
Айтайын сөздің төтесін.
Жылқысының шетіне
Жарамды атпен сабаулап,
Он күнде әрең өтесің.
Оны саған салып не етейін,
Оны да тастап кетейін.
Алматыда аяңдап,
Медеу байға жетейін.
Пар келмес сенің байың Медеу байға,
Бұл Жамбыл Медеуді айтпай, кетпес жайға.
Тоқсан екі шолақты жинағанмен,
Жазған-ау, бұған жетер байың қайда?
Қырық мың сомға жалдатып,
Қалаша көк үй салдырған.
Асыл тастан оюлап,
Қараса, көзді талдырған.
Әнжан, Тәшкен, Марғұлан,
Қызылжар, Семей, Жаркенттен,
Керек болса ақшаны
Көн қапқа салдырып, алдырған.
Ел көшкенде қазынасын,
Алпыс нарға арттырған.
Асыл кілем жаптырып,
Жібектен арқан тарттырған.
Әлемді алып байлығы,
Әсемдігін арттырған.
Оны саған салып не етейін,
Мұны да тастап кетейін.
Алатауды бөктерлеп,
Бұны да сырғып өтейін.
Қалай айтсаң, олай айт,
Құлмамбет, саған төтейін.
Бұдан шығып аяңдап,
Қастекке барып жетейін.
Ол Қастекті жерлеген,
Ырысы судай өрлеген,
Сұраншы, Сауырық батырым,
Шеніне дұшпан келмеген.
Ақ кіреуке жамылып,
Ат кетпеген кермеден.
Садағын белге байланып,
Жауға қылыш сермеген.
Қамын ойлап халықтың,
Тар кезеңде бермеген.
Тоятын тілеп алыстан,
Тұғырда тұрып, жем жеген.
Барайын енді аяңдап Сыпатайға,
Бұл Жамбыл Сыпаны айтпай, кетпес жайға.
Қайыры қарашыға сондай жақсы,
Қандырар сусындатып, қант пен шайға.
Жылқысының жоғары шетін айтайын,
Қарақыстақ, Қастекте.
Аралауға амандап,
Жылқышы мінер мескөкке.
Таз Құлмамбет жолықтың,
Ашылмас тұман, ескекке.