Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Айқын қыз бен Жарылқасын қожа айтысы (3-бөлім)

Жұмбақ айтыс · Айқын қыз, Жарылқасын қожа · 2 мин оқу

Айқын:
Сол ма екен басымдағы барлық мінім,
Сіз айттың біз білмеген сөздің шынын.
Бекмұрат бірге туған жалғыз көкем,
Отыр ем кейін көрмей сізді бұрын.
Келмей-ақ сүйеу сөзге тамырландың
Жоқ па еді айтып көрген оны бұрын?
Көп жеңіп, осы сөзбен дәм татыпсың
Шөп желке, жаман-жәутік қызды бұрын.
Әйелше өсек ашпақ сөз айтасың,
Қожеке, солай ма еді сенің сырың?
Ризасыз неке харам деген қайда,
Жоқ па еді оқығаның оны бұрын?

Жарылқасын:
Жарқыным, жүзің көркем, сұлу сыртың,
Қияды көрген адам не ғып ұлтың?
Білгенімді еш адам білмес дейсің,
Осылайша, Айымторы, пиғыл-құлқың.
Ризасыз неке харам деген болса,
Қалды ма ризаланып қайын жұртың?

Айқын:
Қалдырма, қожа, бізді қасіретке,
Толады ішім менің қайғы-дертке.
Біз жүрміз сөзімізге жетелік деп
Бірнеше ерегесіп еткен сертке.
Өзінің өз қылғаны келді алдына,
Дүниенің өші қалмас ақиретке.

Жарылқасын:
Жарқыным, ерге сіңбес ердің малы,
Тәкәппар біреу болса, шықсын жаны.
Нақақтан бір жаратқан падышаны?
Нақақтан сізге келіп, ол ұрынса,
Мойнына, мейлі, болсын өз обалы.

Айқын:
Болыпты сізге мағлұм барлық сырым,
Сіз айттың біз білмеген сөздің шынын.
Шығардың қара өлеңмен түрлі қаяу,
Сіз айттың, біз сұрадық сауал түрін.
Сұраймын сізден, тақсыр, білмек үшін,
Тәңірім не жаратты жаннан бұрын?

Жарылқасын:
Жарқыным, сөз сұрадың қиын қатты,
Жел сөзбен көтерейік көңіл шатты.
Сұрасаң, сұлу Айқын, біз айталық,
Әуелі Хақ Тағала тау жаратты.
Қызыл, көк тау ішінде бау жаратты.
Жаппар ғазым өздері рақым сөйлеп,
Жаратушы ол тауға назар етті.
Тау еріп, қорғасындай балқыған соң,
Маужырап, көбіктері аспанға атты.
Тәңірім сол көбіктен жер жаратты.
Ерімей түбіндегі қалған тастан
Бәйтүл мақсұт атты бір нұр жаратты.
Бір үлкен түсі жасыл құс жаратты.
Кеңдігі бұ дүниедей он мың шәһәр
Баршасын құдіретімен Хақ жаратты.

Толтырып сол шәһәрдің бәрін дәнге,
Хақ Тағала ол құсқа әмір етті.
Сол дәні таусылған соң өлесің деп,
Әр күнде сол дәнінің бірін жұтты.
Ақырында, сол дәні таусылыпты.
Біреуі сол дәнінің қалған екен
Оны да қырық бес жыл сақтап, тағы жұтты.
Сол дәнді жұтқаннан соң жанын апты,
Сол құстың денесінен адам шықты.
Қалайша жаралғанын бұл дүниенің
Сұрасаң, Жарылқасын тамам етті.

Айқын:
Қожеке, көтерейік көңіл шатты,
Жаратқан жадыма алып жаббар Хақты.
Жел сөзді Тәңірім берген сөйлесін деп
Жаратқан мимен қосып тіл мен жақты.
Тіршілікті өтейік базар етіп,
Болса да, өзге жалған, өлім хақ-ты.
Дүнияға нәзіл болған жанның бәрін
Бір күні жұмырады топыраққа.
Сұраймын сізден, тақсыр, білмек үшін,
Тәңірім бұрын жаратты қай қаріпті?

Жарылқасын:
Ойлайды ақылды адам сабырлықты,
Ойлайды жаман адам жәбірлікті.
Сұрасаң, сұлу Айқын, біз айталық,
Тәңірім бұрын жаратты «нұн» мен «кафті»,
Жаратты «кафтан» жерді, «нұннан» – көкті.
«Кафтан» – жер, «нұннан» көкті жаратқан соң,
Он сегіз мың ғаламды тамам етті.

Тағы оқыңыз