Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жамбыл мен Сарбас айтысы (7-бөлім)

Жамбыл Жабаев, Сарбас Майкөтұлы · 2 мин оқу

Ағыным ақ боз аттың арынындай,
Дауысым аққан судың сарынындай.
Екі бетте тамтық жоқ, Құдай ұрған,
Қазып алған қурайдың орынындай.

Мен сөйлеймін адырдың ішіндей боп,
Үлкен үйдің орыным төріндей боп,
Сен отырсың шал болып, шөкімдей боп,
Мен отырмын жас жігіт, өрімдей боп.
Жан біткенді бойыңа қомсынбайсың,
Майлыбайдың баласы Кәрімдей боп.

Жұртқа аян менің дабысым,
Кеткен жоқ жанға намысым.
Би, болыстан кем емес,
Жөні келсе, танысым.
Бәйге атынан кем емес,
Екпіндесе, шабысым.
Мақтана берме, сен, Сарбас,
Ерегесіп Саурықпен,
Байұзақтай батырдың,
Қоқандай ілескер Құсбегі,
Терекке байлап атылған,
Бәлеге басы шатылған.

Сөз мәнісін қарашы:
Кешегі дәу Сыпатай,
Ол – Ботпайдың баласы.
Оны ілескер Құсбегі
Таңып алып арбаға,
Өлтірем деп әуре еткен –
Өлім десіп жазасы.
Сыпатайдың «жазығы» –
Қалмаққа қашып кетті деп,
Дулаттың салған жаласы.
Сонда сенің Дулатың,
Саурыққа кеп жалынды.
Сенен қайрат болмаса –
Сыпатай батыр кетті деп,
Сыпатай бұған не етті деп,
Саурық батыр барыңыз,
Зарға құлақ салыңыз,
Деген сөзді есітіп,
Саурық барды артынан.
Сыпатайды босатып,
Алғыс алды халқынан.
Саурықтай шын батырым,
Көзіңді оттай жандырған.
Ерегескен кісіні –
Ес-түсінен тандырған.
Жігіт жиған өнерден –
Жалаңдатқан найза ұшын.
Қай дұшпанға ел-елде,
Кетіп еді намысың?!
Жер жарады дабысың
Саурықтан асып нең кетті,
Қолыңдағы асылдың,
Білмейсің ғой мәнісін!
Саурықтай біздің батырдан
Қозғайын оның затынан.
Саурық барып жауды алса,
Қиюлы шешіп дауды алса,
Ілесуші ең артынан.
Мойны озған ерлер ғой,
Қатардағы халқынан.
Ол батырлар ұмтылса,
Етек-жеңін қымтанса,
Турамай, сірә, кетпейді,
Айбаты оның кем емес –
Темірден соққан талқыдан.
Жауды көрсе, тоқтатқан,
Дауды көрсе, сөз қатқан.
Елге залал қылмаған,
Шашылғанын жинаған,
Меймандарын сыйлаған,
Қай ісі бар Саурықтың
Бұл халыққа сыймаған?!
Қасқараудың ішінде,
Малдыбай мен Қоныспай,

Сен қай уақта бір едің:
Сен қай уақта Дулаттың
Жығылғанын сүйедің?
Қой болғанда ұры едің,
Түн жамылып жүр едің.
Адамзаттың қоры едің,
Жылқы болса, торы едің,
Ауызыңнан қағынған,
Тұла-бойың құрысқан,
Шеке басың тырысқан,
Жүрген жермен ұрысқан,
Бәлекетті бастаған,
Басыңа бәле жастаған,
Екі бетте тамтық жоқ,
Кісі демей Қасқарау
Сені жолға тастаған.
Аузы-басың шошаңдап,
Өсектен басқа айтпаған.
Бәлекеттен қайтпаған,
Ұялатын бетің жоқ,
Ұстасатын к... жоқ.

Өсек болды айтқаның,
Дардай кісі боп қалдың,
Жақсы емес пе, шіркін-ау,
Жаман сөзден қайтқаның!
Басың жаман – жалқау бас,
Бұл сөзді менің айтқаным.
Бойың сенің құрыс боп,
Жүрген жерің ұрыс боп,
Қатынша өсек айтқаның.

Ұялатын түсің жоқ,
Сүйенетін кісің жоқ.
Қырық-елуге кеп қапсың,
Адамшылық пішін жоқ.
Кісілік сенің арың жоқ,
Бұл ұяттан сақтанған.
Арыңды байлап беліңе,
Етек-жеңің жұлынып,
Қармағыма іліндің,
Аяғыңнан сүріндің,
Сөз қадірін білмейтін,
Сөзің жаман кісі екен.
Жатқандай ін түбінде,
Көзің жаман кісі екен.
Аузыңды сөзбен кілттеймін,
Енді өлеңді айтпағын.
Осы да жарар өзіңе,
Келдің қарпыр кезіме,

Жүйрік бауыр жазғандай,
Жоқ еді тізгін тартпағым.
Айтар сөзім көп еді,
Әдейі артық айтпадым.
Қызыл тілге келгенде,
Бөкендейін желгенде,
Ашсаң енді аузыңды –
Құрулы тұр қақпаным.

Сарбас қайтып сөз айта алмай, жеңілді.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз