Жамбыл мен Сарбас айтысы (6-бөлім)
Жамбыл Жабаев, Сарбас Майкөтұлы · 2 мин оқу
Ел қыспақта тұрғанда:
Ел намысын жоқтаған
Батыр туған кім еді?!
Ел шетінен жау қуып,
Ерлікпен қайрат жұмсаған,
Батыр туған кім еді?!
Қалың жаудан қаптаған,
Қаймығып, беті қайтпаған.
Ел тыныштығын сақтаған,
Халқы сүйіп, мақтаған,
Ардагер батыр кім еді?!
Саурық еді, арыстан,
Туысы оның Шапыраштан.
Дулатпын деп мақтанба,
Кеше елді жау шапқанда,
Сақтап қалған кім еді
Қырғын, талау, шабыстан?!
– Саурық еді ардагер,
Ел қорғасқан сондай ер.
Дулатпын деп көпсінбе,
Бай, бекпін деп тепсінбе!
Саурықтай болат батырдың,
Алтын нұр толған ішіне.
Жаулы жерге барғанда,
Кіреді екен күшіне.
Мың қарғаның тұяғы,
Бір тұйғынға өтпейді.
Ашуы келген жерінде,
Бір ойран салмай кетпейді.
Тамам қарға жиылса,
Бір сұңқарға жетпейді!
Саурықтай ер батырым,
Маңдайына бақ берген,
Дұшпанды көрсе, өшігіп,
Талқандауға тап берген!
Амалменен ер Саурық,
Шөгіп жатқан Орманды
Бәнде қып алдына әкелген!
Көбелектей көп Дулат,
Көптігіңмен ісің жоқ,
Дұшпанға қылар күшің жоқ.
Мың болсаң да, бір ғана
Саурықтай берен кісің жоқ!
Жау жағына ел бермей,
Дау жағына сөз бермей,
Қай дұшпаның кетіп ед,
Саурық ерге бой бермей?!
Сауыт-сайман сайланып,
Жалаң қылыш байланып,
Найзасын тасқа түйреткен,
Саурыққа ерден кім жеткен?!
Ашулы жерді көздеген,
Жігіттің бәрін түзеген.
Саурықтай күшті батырға,
Дулат түгіл қазақта,
Кім бар еді шақ келген?!
Шапырашты, ол рас,
Сенен, тегінде, аз едім.
Аз да болсам, татымды,
Сенен Дулат баз едім.
Даулы жерге барғанда,
Саулап жатқан сөз едім.
Жаулы жерге барғанда,
Найзаның ұшын безедім.
Келді ме менің кезегім?
Кезегімді бір бермей,
Өртедің менің өзегім.
Шапырашты мен едім –
Елдің шетін қыстаған,
Көлденең найза ұстаған.
Дұшпанынан қашпаған,
Ақыл, қайрат іс қылып,
Кезеңді жерде саспаған.
Ерегіскен дұшпанды,
Тарттырған қара текедей,
Шоқытып қана тастаған.
Шапырашты мен едім –
Етімде бар тірлігім.
Бойымда бар бірлігім.
Ерегеспе менімен,
Қай жауыңнан қаймығып,
Жәкетай деп жалынып,
Қайда саған айтып ем?!
Ақ найзаның басына,
Желекті ту байладым.
Қайнаған қалың жауыңды,
Бір шыбықпен айдадым.
Уа, қауым жұрт, жиылған!
Ақылменен ойлаймын;
Ешкімнен сағым сынбады!
Ерегескен дұшпанды,
Түбіне жетпей, тынбадым.
Сен, Қасқарау, осында
Қашан қара дауыл ең?
Малдыбай мен Қоныспайдың,
Қашан туған бауыры ең?
Сен Қордайдың астында,
Көбік құрттап жатыр ең.
Қанша малың болса да,
Нағыз сірі тақым ең.
Үстің айғыз, кір едің,
Сан тимеген сасықтың,
Кеше ғана бірі едің.
Сен Қасқарау ішінде,
Сұлтанкелді Бөкенсің,
Атып салған текемсің.
Өзіңе өзің сұқтанып,
Өз түбіңе жетерсің.
Өз малыңды міне алмай,
Өз асыңды іше алмай,
Өсерсің, бәсе, өсерсің!
Шапыраштым ішінде,
Тіленшімдей екенсің.
Аузы-басың бүрісіп,
Қол-аяғың құрысып,
Көрінгенмен ұрысып,
Долы қатын сияқты,
Құдайдың ұрғаны екенсің.
Мен отырмын сөз сөйлеп,
Нұрым қызыл шоқтай боп,
Жаныс, Сиқым, Ноғайбай,
Тағы да мырза Ботпай боп,
Екі бетте тамтық жоқ;
Бұршақ ұрған жайлауда
Былжырайсың шөптей боп.