Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ноғайбай мен Зылиқа айтысы

Ноғайбай Сүлейменұлы, Зылиқа · 2 мин оқу

Ноғайбай:
Ішінде қалың Найман әкем туған,
Мен, Ноғайбай, жасымнан өлең қуған.
Көзімді алып, Құдайым сөз беріпті,
Болсын деп жүрген жері күнде думан.

Зылиқа:
Жиын десе, Ноғайбай, жының бар ма,
Ел қыдырмай жүретін күнің бар ма?
Сал жігіт салтанатты сен емессің,
Келісті, ел көретін түрің бар ма?

Ноғайбай:
Көзің соқыр демесең, мінім қайсы?
Соқыр көрсе, иектер жының қайсы?
Ел дария болғанда, біз – қоңыр қаз,
Елсіз жерде көретін күнің қайсы?

Зылиқа:
Елге қонбас қоңыр қаз көл болмаса,
Естігеннің бәрі – ағат, көз болмаса.
Ел қолында сайраған мен бір бұлбұл,
Сөз бермейтін сыңар жақ кез болмаса.

Ноғайбай:
Есерсоқсың, Зылиқа, той тойлаған,
Суық жүріс әдетің бір қоймаған.
Жол жағасы бір түп ши пана тапса,
Кім көрінген сүйрелеп, сор қайнаған.

Зылиқа:
Көзі соқыр, кейіпсіз түрі шұбар,
Кеудесінде жаны бар, тірі шығар.
Кім екенін білмеймін, кез келіпті,
Өсек-аяң тергеннің бірі шығар.

Ноғайбай:
Асыл жасық болмайды кеміткенмен,
Есек жылқы болмайды семірткенмен.
Адам болып келіп ең қай балшықтан,
Калай жүріп-тұрса ерік берген.

Зылиқа:
Адам болып келіп ең қай балшықтан,
Ауырғаның жоқ па еді айланшықтан?
Тіл-жағыңа сүйенбей, жөніңді айтшы,
Адамсың біз білмейтін кайдан шыққан?

Ноғайбай:
Руым – Каракерей, шешем – Мұрын,
Жеті ата Жолымбетке төккен нұрын.
Батыры Каракерей ер Қабанбай,
Аталған кімнің аты одан бұрын...

* * *

1937 жылдың мамыр айында Жамбыл
шығармашылығының 75 жылдығы тойланды ғой. Сол
тойға Қазақстанның әр шалғайынан келер жезтаңдай ақындар шақырылыпты. Мереке әуелінде Алматыда
өткізіліп, соңы Жамбыл ауылы – Ұзынағашта жалғасқан. Мәжіліс үстінде Жамбыл: «Іштеріңде Ноғайбайдың әнін білетіндерің бар ма?» – деп сұрапты. Еш ақын «Білемін» демепті. Сонда Жәкең: «Апыр-ай! Осы жұрттың кемтарларды елемейтіні бар», – деп, реніш білдіріпті. – Әйтпесе, қазақта Шөже мен Ноғайбайдан асқан бар ма еді?» – деген екен тағы да Жәкең /Халық ақыны Қалихан Алтынбаевтың естелігі. //Қабылұлы Б. Көңіл. 104-б./

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз