Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жамбыл мен Сарбас айтысы (4-бөлім)

Жамбыл Жабаев, Сарбас Майкөтұлы · 2 мин оқу

Жарықшақтан туды үш ұл:
Бірі – Дулат, бірі – Албан,
Бірі – Суан, білсең бұл.
Бұрынғыдан есіткен,
Ата жайы, ел сөзі.
Домалақтай ананың.
Бізге дастан әр кезі.
Ата жайын ұқпастан,
Құр мақтанға жармасқан,
Сен – Дулаттың бір езі.

ІІІ
Сарбас ақын менмін деп,
Нан пісіріп кеудеңе,
Неге мұнда келдің деп,
Ақиландың сен неге?
Аузы-басың қуарған,
Ұрты-басың суалған.
Қайда атаң мен түп бабаң,
Тұлпар мініп, ту алған?!
Бір жақсылық көрмеген,
Артынан ешкім ермеген.
Мен Шапырашты ұлы едім,
Алтыннан қылыш сермеген!
Көп Дулаттың баласы,
Рас сенен аз едім,
Аз да болса, батыр ем.
Топты жерге барғанда,
Саулап тұрған сөз едім...
Жаулы жерге барғанда,
Атамын деп оқталған,
Көк берен болат кезедім.
Келді менің кезегім,
Келсе, айтайын шешіліп,
Кезекті бермей манадан,
Өртенді менің өзегім.
Сақалыңмен жалпылдап,
Тересің Жамбыл тезегін.
Шапырашты мен едім,
Қалың Дулат сен едің.
Аз да болсам, әуелі,
Ширегіме келмедің.
Бір қадалған жерімнен,
Қан алмай кетер демегін.
Есқожа деген елімнен,
Кім кетті екен ерлікпен,
Кім жүрген менің шенімнен?
Асыл, жауһар кеткен жоқ,
Әсте, менің жерімнен.
Саурық шыққан басынан,
Көк шыбықтай иіліп,
Ерлік қылған жасынан.
Әкең Саурық дегенде,
Күндік жерден дұшпанын,
Дабылымен қашырған!
Ал, ал Саурық дегенде,
Қалтырамады қандай жау?
Қарсыласып келгеннің,
Қайтқаны бар ма одан сау?!
Мінген атын жаратқан,
Жұртты өзіне қаратқан,
Қылышы қия шабылған,
Жүйрік аттың бәрі де,
Пұшпағынан сабылған.
Найзасын тасқа түйреген,
Мақтанбағын, Сарбасжан,
Қалың Дулат ішінде,
Дәу Сыпатай басында,
Андасы бар қасында,
Әлі төре жанында,
Қасқарауда Қарабай,
Бет-жүзіне қарамай,
Қасқарау Қырбас батырды.
Шылбыр тағып мойнына,
Қан тамшылап қойнына,
Маңайына бара алмай,
Сонда Дулат қарғадай,
Шулап, жылап күңіренген.

Сонда батыр Сұраншы:
– Екі-ақ кісі қырамыз,
Барып, ойран саламыз! –
Өзгені ертпей артынан,
Тек қасына серікке
Сұраншы еді сүйреген,
Атамқұлды-ақ шақырған.
Атамқұл келді қасына,
Қылышы бар бұлқынған.
Дұшпанды жерді көргенде,
Арыстандай жұлқынған!
Қалың Дулат көргенде,
Қорқып, бұққан сиқынан.

Сұраншыдай батырдың,
Жан жүрмеген шенінен.
Алмастан соққан ақ қылыш,
Еш кетпеген белінен.

Ашуланған кісіге,
Қабағы жаман түксиген.
Досы қатты сүйінген,
Дұшпаны жаман күйінген.

Сұраншыны көргенде,
Аузын ешкім ашпаған,
Аяғын қадам баспаған.
Қарсы келген кісіні,
Сүйретіп жерге тастаған.
Сабырлықпен іс қылып,
Көлденең жатқан мылтықтан,
Жан сауғалап қашпаған.
Тілеуқабыл, Майемер –
Саркемерде шабылған.
Қоқанның ханы Құдиярға,
Албан, Дулат жиылып,
Көп болғанда не қылған?!

Үш бөлінді бұл Дулат,
Бір бөлігі Іле өтті,
Айсаның қарын өрледі...
Батыр деген Сыпатай,
Жау қарасын көрмеді.
Сыпатайдай батырың,
Қашқаннан соң өлгені!
Сарбалақтың басында
Аңырақайдың қасында,
Қоянға ұсап ерлері,
Сол жерінен келмеді.

Тойшыбек пұшық түксиіп,
Қасқарау Кәріммен қас екен.
Қырғызда Жантай, Жанғараш,
Кәрімменен дос екен.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз