Ноғайбай мен Айбала айтысы (1-бөлім)
Ноғайбай Сүлейменұлы, Айбала · 2 мин оқу
Айбала:
Сұрасаң, Шонтай қызы Айбаламын,
Құлпырған түлкісіндей айдаланың.
Келсе де, рулы елді асырайтын,
Бәрі бай толықсыған айналамның.
Ноғайбай:
Сүлейменнің баласы Ноғайбаймын,
Алты арыстың ішінде жоғалмаймын.
Өлеңменен жан сақтап жүргенім жоқ,
Ат пен түйе берсең де, мен алмаймын.
Айбала:
Жақынырақ Зайсанға қоныстарың,
Қара нан жеп көбейді-ау борыштарың.
Екі ауыз тіл орысша үйренем деп,
Алексеймен дос бопты болыстарың.
Ноғайбай:
Алексей арамдықты қаламайды,
Ақкөңіл, білсе, ақылын аямайды.
Өтірік-өсек, ұрлық жоқ әдетінде,
Өмірін өз қолымен жаңалайды.
Татар да бар арада, орыс та бар,
Алыс-беріс арада борыш та бар.
Адалдықпен жақын боп сыйласқандар
Алысынан сыйысып, қоныс табар.
Достықты дұшпан адам қаламайды,
Сүйеуге қолын созып, жарамайды.
Орыс, қазақ сыйлаған Бұтабайды
Дос болса, Таңғыт неге қаралайды?
Айбала:
Өзің надан, еліңде бар ма молда?
Жастайыңнан жарытпас түстің жолға.
Жар басына шыққандай шалқаясың,
Күңіренген қу тақтай алсаң қолға.
Ноғайбай:
Тумай жатып, Құдайым көзімді алған,
Қолдан келмес нәрсенің бәрі де арман.
Көзім соқыр болса да, ойым – ояу,
Бұтакеңнен сақтасын, көңілі надан.
Айбала:
Ақшаарал, Ақаралмен жерің байтақ,
Ылай судан өте алмас адам аттап.
Қалың қамыс, қопадан жол таба алмай,
Жақындарың адасқан жүр ғой қаптап.
Ноғайбай:
Бұтакең жер шұрайын алған таңдап,
Айналыпты тақырға жері шандақ.
Сасайдың қуысына қуып тастап
Еліңді тозғындатты жаудай шарлап.
Айбала:
«Терісайырық» – теріс аққан бұлақ екен,
Кең өріс, жері шүйгін құнарлы екен.
Қойнынан төрт түлік мал арылмаған
Ырыс қонған ауылдың тұрағы екен.
Майшілік, Қандысудың жағасында,
Ақ астық Шіліктінің даласында.
Тәңірім өзі ұйғарып, бөліп берген,
Бес Саты, алты Жұмық баласына.
Ноғайбай:
Ақ бидай Майлыбайдың алқабында,
Шалғын шөп Ақарал мен Алпарымда.
Мал жұтап, ел күйзеліп көрген емес,
Кақаған қыстың аяз қаңтарында.
Алпардың ауылым қонған алқымына,
Саялап, мал жатады салқынында.
Ақ сұлы, қызыл тары, көк жоңышқа,
Несібе құт-береке халқымызға.
Айбала:
Батыры Қаракерей Қабанбайды,
Казақта кім білмейді Шаянбайды?!
Жас бөрі Қоңыр менен Құрбан кажы,
Жанына дұшпан батып, бара алмайды.
Бір ру Байжігітте аты – Мәмбет,
Құдайым аямай-ақ берген дәулет.
Шығыпты сол Мәмбеттен ер Қабанбай,
Атынан жарықтықтың садаға кет.
Ноғайбай:
Баймұрат, ер Жәнібек, Мырзаш батыр,
Батырлар атай берсем, толып жатыр.
Жиен қыз тентектікке сала берме,
Қабакең бар қазаққа бірдей батыр.