Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ноғайбай мен Айбала айтысы (2-бөлім)

Ноғайбай Сүлейменұлы, Айбала · 2 мин оқу

Ел қорғаған елімнің батыр қызы,
Наркескен, ақ семсердей өткір жүзді.
Қаптаған «Қызыл аяқ» қалың жаудың,
Садақшы қыз Жәнделі шебін бұзды.

Гүліндей жауқазынның нәзік жүзді,
Халқымыз ұмытқан жоқ асыл қызды.
Азаттықтың аққуы – Жәндәлімнің,
Жауға аттанған Сауырда жатыр ізі.

Айбала:
Содан бері көп жылдар өтпеді ме,
Арманы асыл, есіл қыз кетпеді ме?
Қызға сойыл ұстатып, аттандырып,
Ер жігіті еліңнің жетпеді ме?

Ноғайбай:
Ару қыздан ардақты ат қалыпты,
Кыз болса да, ер ісін атқарыпты.
Ерлік жігер, ар-намыс қызға жат па?
Ел намысын қорғауға аттаныпты.

Айбала:
Ағажан, бойың – мынау, ойың – мынау,
Біраз күн мұнда келіп, тойындың-ау.
Бір шырпы тигізетін септігің жоқ,
Қапылыста қамаса, еліңді жау.

Ноғайбай:
Бой сұрамас қысқа бой ұзын бойдан,
Ар-инабат табылар ақыл-ойдан.
Домбыраммен мен шықсам, елмен бірге,
Өзің қайда боласың, оны да ойлан.

Айбала:
Бүйтіп жүріп, сен қайтып оңаласың,
Алдырсаңшы көзіңнің ноғаласын.
Алдырмасаң, көзіңнің ноғаласын,
Қарақұрық болғанда жоғаласың.

Ноғайбай:
Әкең – Шонтай, Бұтабай – саған ата,
Қалыңмалың болыпты бір топ мата.
Бақалшыға кез келген сені тартып,
Жұлған қаздай қылыпты сата-сата.

Айбала:
Естуші едім жігіт деп тобындағы,
Асатаяқ зар тұтқан қолындағы.
Жеті жыл мешел болды деп естіп едім,
Жаман иіс кетті ме тоныңдағы?

Ноғайбай:
Жиналған қайдағылар айналаңа,
Сала берме, Айбала, байбаламға.
Бесік табы сенің де арқанда жоқ,
Менің тоным қалыпты айдалада.

Айбала:
Ақманатқа ақаусыз шаң жұғады,
Өтірік-өсек досты да жау қылады.
Өнімсіз өсек сөзді теріспейік,
Сау басыңды сандалтып, даң қылады.

Ноғайбай:
Ноғайбай он жасымнан атанған ем,
Иіліп, үлкендерден бата алған ем.
Кіршіксіз жүрегіңді кір шалған ба?
Сұрауға аялдадым, бата алмап ем.

Айбала:
Болады кейде бойды мұң басқандай,
Іздетер серік болса мұңдасқандай.
Көңілді жабырқаған жадыраттың,
Ағажан, жанашырым жолығысқандай.
Қалбаның қалың дейді қарағанын,
Бесті атың сұлу дейді жарағаның.
Сыйласып, дос құшақпен жолығысайық,
Ағатай, менен бар ма қалағаның?

Ноғайбай:
Аққайран су ішінде тоңбайды екен,
Жүзгенде ол да қанат қомдайды екен.
Өмірде ащы да бар, тұщы да бар,
Жалғанның жарығындай болмайды екен.

Айбала, асыл жансың білдім танып,
Көрмесем де сындарлы жүзіңді анық.
Қалаудың қадірлісі – ұмытпағын,
Жүргейсің есімімді есіңе алып.

Айбала:
Үміттің самал желі есе берсе,
Жан біткен жақсылыққа жете берсе.
Оралмас өткен істің керегі не,
Аңсатып, арман алға жетелесе.

Дүниеде адам аз ба жүрген жүдеп?
Сонда да талпынамыз өмір тілеп.
Тағдырдың тәлкегіне берілмейтін,
Ағатай, Сізде емес пе үлкен жүрек?!

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз