Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Айқын қыз бен Жарылқасын қожа айтысы (2-бөлім)

Жұмбақ айтыс · Айқын қыз, Жарылқасын қожа · 2 мин оқу

Айқын:
Атыңды жаңа білдім, Жарылқасын,
Көреді әркім тәуір ықыласың.
Басыңда бақыт құсың бар шағында
Кем емес падишадан қара басың.
Есітіп көрген жерден абайларсың
Айқынның айтқан сөзін, даражасын.
Жігітке мақтап айтқан жарамайды,
Айтамын мақтамай-ақ сөз расын.
Қоймасаң жігіттікпен өлеңіңді
Халқыңның қайтарарсың ықыласын.

Жарылқасын:
Жарқыным, бұл сөзіме құлақ салшы,
Қалмайды ердің жерде қара басы.
Ерді әйел кемітеді деген рас,
Қыз Айқын, солай ма еді сөздің нәші?
Айтамын насихатпен мен өлеңді
Жұртымның неге қайтсын ықыласы?

Айқын:
Түйе мал жүк көтермес мешеуінде,
Сөзімді қалдырмаңыз кешеуілге.
Жүзінде бұл дүниенің тірі жүрміз,
Өлерін пенде білмес неше күнде.
Сұраймын сізден, тақсыр, білмек үшін,
Жасыңыз жиырманың нешеуінде?

Жарылқасын:
Түйе мал жүк көтермес мешеуінде,
Сөзіңді қалдырмаймын кешеуілге.
Жүзінде бұл дүниенің тірі жүрміз,
Өлерін пенде білмес неше күнде.
Қай жылы туғанымды білмей жүрмін,
Жасымыз ата-ананың есебінде.
Білмесек те, шамалап айтар едік,
Көңіліңіз разы болса нешеуіне?
Кәдімгі қырық жартысы жиырманың
Қыз Айқын, уәлле ілім, үшеуінде.

Айқын:
Қожеке, дидарыңды жаңа көрдік,
Алдында мырзалардың айтпай желдік.
Дүние фани деген кітапта бар,
Бұл үш күндік дүниеде дәурен сүрдік.
Білмей айтып, ұялып қалмайық деп,
Сол себептен жасыңызды сұрап едік.
Бізге сіз екі жылдық аға екенсіз,
Ағаға қарсы келмес, жаңа білдік.

Жарылқасын:
Дәм айдап, келіпсіз сіз сонша жерден,
Дұшпанның көп жақсы емес сөзіне ерген.
Тарқамас сөзден құмар, Айымторы,
Сенімен бір сөйлеспей арман-бермен.
Адамзат айтса білер, ашса – көрер,
Бұл жаққа сіз келдіңіз не түрменен?

Айқын:
Білмейді Хақ әмірін надан кісі,
Сөз айтпақ тыңдамаққа көңіл хошы.
Бір елдің Айымторы ақыны едім,
Өксітіп не қыласың мен байғұсты?
Шығуана ат та қашып, ұстатпайды
Егесі қылған болса, жақпас істі.
Жұлдыздар аспандағы жерге түсер,
Құдіреті Құдайымның сондай күшті.
Дәм айдап, сонша жерден келіп жүрміз,
Ежелден бұл оқиға – Хақтың ісі.

Жарылқасын:
Жарқыным, ерге сіңбес ердің малы,
Тәңірінің екі болмас бұйырғаны.
Тәкаппарлық көңілге келіп қалып,
Еліңнен көшіп шықтың көп түйелі.

Жастықпен мұнша жерге қалдың келіп,
Арадағы дұшпанның тіліне еріп.
Тағдырға шара бар ма солай болса,
Кісі жоқ еріп шыққан саған серік.
Ағайынды ұмытып жүрмегейсің
Сөзге жауап берсең де, аттай желіп.

Айқын:
Әуелі сиынамыз құдіретке,
Сиынсақ, медет берер қатты дертке.
Сыр ашпай, сүйенісіп отыр едік,
Қожеке, бір сөз айттың, шауып бетке.
Ғалым бар кітап өртегендей дегендейін
Көңіліңіз толмай тұр қай ретте?

Жарылқасын:
Біз-дағы сиынамыз құдіретке,
Сиынсақ, медет берер қатты дертке.
Сыр ашпай, сүйенісіп отыр едік,
Сен-дағы бір сөз айттың, шауып бетке.
Ғалым бар кітап өртегендей деп айтасың,
Аяғы шын боп кетті сол себепте.
Көңілін күйеуіңнің неге ауырттың,
Қыз Торы, көңілің теріс құдіретке.

Тағы оқыңыз