Мекембай мен Нұрхан айтысы
Мекембай Омаров, Нұрхан Түймеқұлова · 3 мин оқу
Мекембай:
Бүгінде кешегіден қылық басқа,
Жездеңе қолдан келсе, құрық таста.
Өзің қайдам, бірақта сөзің шырын,
Сен-дағы келіп қапсың қырық жасқа.
Қу балдызсың жететін сөз парқына,
Түскелі отыр енді сөз талқыға.
Жоғары Шыршық дейтін елі әйгілі,
Сәлем бердім ендеше өз халқыма.
Митыңдап сол баяғы күндер еппен,
Еліңіз мақта менен гүлдер еккен,
Ниязымбет, Шындәулет, Рахым аға,
Елім деп бұдан артық кімдер өткен?
Нұрхан:
Киелі Сексен ата еліненмін,
Таба алмайсың бұл елдің жерінен мін,
Құтбай мен қасиетті ер Нәлібай,
Даусына сары майдай ерігенмін.
Көшетті дәні ғана үшін екпес,
Бір басыңнан бақытың – құсың кетпес,
Ал сенің май түгілі, қанттай-дағы.
Ерітуге, жездеке, күшің жетпес.
Мекембай:
Жеңбей ме бәрін-дағы ақыл ақыр,
Өлеңін мәнерлетіп ақын оқыр.
Ит қуған мысықтайын қашқақтамай,
Жездеңе, жебір балдыз, жақын отыр.
Жақындасаң кетпейді әлем ісіп,
Шайыңды да жүрсің-ау әрең ішіп.
«Жақындасам, тез еріп кетем-ау», – деп,
Отыр ма шынымен-ақ зәрең ұшып?
Нұрхан:
Көбейді сен ойнаған «ойындар» да,
Кім ғашық ондай жаман ойындарға?
Ерісем не қылар ең? Әпшеміздің
Көзіне шөп салмақ та ойың бар ма?
Сөз сөйле, жаман жезде, бізге қарай,
Атқанда жүректерден алтын арай.
Тутамғалы қызымын ту ұстаған,
Ерітуің Нұрханды екіталай.
Мекембай:
Санама шала емес, шоқ салам тек,
Жалғанда немене көп? Шөп-шалам көп!
Сен сияқты сидиған әпшеңіздің,
Көзіне жүрген жоқпын шөп салам деп.
Жаман ғой жалғанда бұл туыспаған,
Қайын жұрт – Тутамғалы ту ұстаған.
Шанышқылы, Қаңлы мен Сіргелілер,
Киелі қожалар да туыс маған.
Сен тұрғанда көк мұздай тайғанақтап,
Бақыт таңы арайлап қайдан атпақ?
Бір қырым еттен басқа түгің де жоқ.
Балдызжан, болғаныңмен айдан аппақ?
Сен өзің бермегенмен балаға ерік,
Барасың Қайырбекпен далаға еріп,
Майыңды Қайыр бажам сылып апты,
Пияздың отағына сала беріп.
Ойлама бұл жездеңді еріккен деп,
Ерітсем, сұлу қызды еріткем көп.
Айтқандай былтыр да, биыл да еккен,
Пиязыңда арам шөп неліктен көп?
Нұрхан:
Жүрегім биік барлық өріңнен де,
Жүрегім терең барлық көліңнен де.
Әпшемнің байқаусызда қолы тиген,
Көзіңе пияз шөп боп көрінген де.
Мекембай:
Сылаңдаған балдыздың аты – Нұрхан,
Қыз да болса, артық кейбір ақын ұлдан.
Көзіміз шапыраш болып қалып еді,
Әпшеңіз жездеңізді атып ұрған.
Нұрхан:
Бола ма Отан үшін күймегенің,
Жүректерде күмбірлеп күй дегенің.
Жездеке, көп сырымды ашып қойдың,
Сол себептен кеп отыр түйрелегім.
Сараның басқан жерін басып келдім,
Айтыстан неге, жезде, именемін?
Семіріп, домаланып қалыпсың-ау.
Содан ба, келді өзіңді сүйрелегім.
Тіл мен жаққа сүйеніп отырғам жоқ,
О баста мінезіңді сүйген едім.
Әпшемді сен де талай атып ұрып,
Көздерін көгерткенсің, күйгелегім.
Мекембай:
Бақты бізден көбірек құшқан ерсің,
Мінезіңді ұшқалақ құс па дерсің.
Мен сені бәлеқор ма десем, балдыз,
Өтірік, өсекке де ұста екенсің.
Жүрмейтін жігітпін ғой көнеге түк,
Қайтемін сөздеріңе көне кетіп?
Қу бажам су қоятын «пиязыңа»,
Қайтеді қайтсам егер көмек етіп?
Нұрхан:
Сөзіңді біз де әбден жіліктедік,
Күн қалмасын дәл сендей жүлікке тік.
Жездеке, келмей-ақ қой, шөп орнына,
Жүрерсің пияздың бәрін жұлып кетіп!
Ауырлау айтып тұрған сөзің білдім,
Сен жататын кез болды, көзіңді ілгін.
Айтқандай, әр жерде бір пиязға кеп,
Часовой болам десең, өзің білгін.
Мекембай:
Қаншама көтеріліп тостар ауыр,
Ториды аш қасқырдай «достар» ауыл.
Шөп ішінен көрінбес сол «пиязға»
Артықша емес пе екен қос қарауыл?
Нұрхан:
Кей-кейде айтқаныңмен сөздің расын,
Жездеке, сен емессің менің қасым.
Наза болмай айтыстым, сонда-дағы,
Ауырып жатыр менің алтын басым...
Соған сенің, айтсайшы, не дауаң бар,
Әзірше алыста емес, алдымдасың...
Мекембай:
«Күлшелі ұл сүюге жақсы шығар»,
Жақсы жігіт емеспін ақшасы бар.
Қолы қысқа болса да, қалтасында
Алмандай келетұғын шақшасы бар.
Дедің білем жездеңді басынайын,
Нұрханжан, көбейіпті «басымайың».
Басыңның ауырғаны жазылады,
Жездеңнің бір иіскесең насыбайын!..
1994 жыл.