Әсет пен Ырысжан айтысы (3-бөлім)
Әсет Найманбайұлы, Ырысжан · 2 мин оқу
Ырысжан:
Біреу ойда, біреуміз қырда екенбіз,
Мұқтажы көңіл, бара-бар мұңды екенбіз.
Көркем сөйле, жұрт тыңдап көңілденсін,
Отырған халайыққа үлгі екенбіз.
Шешен тілі, шебердің өнері ортақ,
Әр жерде ақылдыға жолды екенбіз.
Әсет:
Өлеңге ағып тұрған жел екенбіз,
Жиылып тыңдаушыға мереке – біз.
Он алты, он жетіде айырма жоқ,
Арамыз бір-ақ жылдық төл екенбіз.
Көңілің баласынбай, жаңа орнықса,
Қашалық Семей жаққа, кел екеуміз.
Ырысжан:
Қарқабат, Қаракесекті етпеймін бел,
Аузымнан ә дегенде заулайды жел,
Жігіттің қыз алатын түрі қандай,
Нарқыңды айырайын, қасыма кел.
Әсет:
Мирасы қыз-жігіттің алған, берген,
Басынан заман өтсе, арман көрген.
Құда түсе келгем жоқ, қыз айттыра
Түріңді көрем дейсің салған жерден.
Қасына сендей қыздың бармаушы едім,
Бересің, барсам орын, қандай жерден?
Ырысжан:
Көшкенде жылқы айдаймын күрең кермен,
Бозбала айқай салса сүрен бермен.
Қасыңа қыз шақырса, тартынбай кел,
Аласың қыздан орын сүйген жерден.
Босағада отырып үйреніп пе ең.
Арқада аты шыққан хандарым бар,
Ел кезген кедейлікпен аңғарың бар.
Әлде сен сонан қорқып отырмысың
Бұтыңда жыртық-жыртық шалбарың бар.
Әсет:
Өнерлі би, үлгілі хандарым бар,
Қадірлі, қасиетті жандарым бар.
Тұсыма шыдамастан сауда қылдым.
Әйтпесе, күн көретін малдарым бар.
Жақсының жамансыз дос күні болмас,
Бір киген қорушыға шалбарым бар.
Семейдің бір мырзасымен таныс болып,
Осы жерде өліп кетсең, не арманың бар?
Ырысжан:
Қу бала-ай, сөз табасың не керектен,
Қай сөзің дәл тиеді зеңбіректен.
Олай десең, қасыма қорғанбай кел,
Танимын ер сүйегін кебенектен.
Әсет:
Қол қойдым осы қыздың данасына,
Көздеріңмен көрмесең, нанасың ба?
Алдап айтқан сөзіңе аңқау басым,
Аңдамай бардым жетіп дәл қасына
Дұспаны өз алдына келгеннен соң,
Бетімді тырнап алмай аясын ба?
Әркімнің өзі шыққан тауы биік,
Әсеттің беделіне қарасын ба?
Ырысжан:
Шапқан бірдей болмайды желгенменен,
Мен жар болман көңіліңді бөлгенменен.
Алдағанға келесің адыраңдап,
Қасыма не бітірдің келгенменен?
Ел аралап, бір жүрген сері десем,
Бар екен талай мінің жөнделмеген.
Қарасам шалбарыңа жалбыр-жұлбыр,
Алдағанда көнесің надан қылжыр.
Әншейін келемеж қып, кел дегенге,
Келуін шын өңмеңдеп, Құдай ұрғыр!
Әсет:
Сүйкімсіз қай-қайдағы сөзге барсың
Құрбыңа қызыл гүлдей ынтызарсың.
Итті де шақырып ап, ұрмаушы еді,
Сен қандай екісөзді майталмансың?
Кигенің аяғыңа шегелі етік,
Сылқым қыз жаралар ма сенен өтіп?!
Әлгіде шақырғанда сүйдемеп пе ең,
Заматта бұзыласың қылт-сылт етіп.
Қасыңа сырыңды алса, шайтан келмес,
Сен алдарсың әзәзілдей бір бұлт етіп.
Сыртың адам, шақпалы тілің жылан,
Барасың, қараң қалғыр, қайда кетіп?
Қос түйме омырауда жарасып тұр,
Келіп ем ұстайын деп, әуес етіп.
Ырысжан:
Қой бала, бұл сөзіңе сыналмаймын,
Тіліңе жалған айтқан көне алмаймын.
Иесі бар түймемнің, қолқалама,
Құның жетпес қымбатты бере алмаймын.
Семейден бір салт атты келіпті деп,
Соңынан жолаушының ере алмаймын.
Қайда сенің қу мінезің көрінбейді,
Бір кетсең, Қарқаралыдан көре алмаймын.