Әсет пен Ырысжан айтысы (2-бөлім)
Әсет Найманбайұлы, Ырысжан · 2 мин оқу
Ырысжан:
Рас, ақын осындай дүрден шығар,
Соқтадай сорақы сөз кімнен шығар?
Қасқыр болса, қой жейтін анық сырттан,
Арлансып, өз ойында жүрген шығар.
Арлан қасқыр екен деп жасқанам ба,
Қайдағы қу сұмдық сөз сізден шығар.
Мен – Ырысжан екенін байқай алмай,
Әншейін бір қыз ғой деп кірген шығар.
Әсет:
Тиер сөздің тиегін айттың шенеп,
Көтермелеп өзіңді өрге демеп.
Кеудесі кең өрескел, албыт ауыз,
Әдептен аттаған соң солай демек.
Ырысжан:
Ақынның тура келмей данасына,
Соқтықтым жанып тұрған шаласына.
Қоржын толмас бойыңның кескіні бар,
Бойыңның көзім тоймас қарасына.
Осы жұрт жөнін білмей соқтырады-ау,
Майқының жұдырықтай баласына.
Табысып, татулықпен сөйлеселік,
Қыстырмай ұят сөзді арасына.
Әсет:
Топанның тура келдің тасқынына,
Тасыған Ніл дарияның басқынына.
Бұйырған қай жұмысың толмап еді,
Не кінә тауып отырсың жастығыма?
Жанарлы жас кәдірін білмейтұғын,
Жетті ғой жаңа көзім настығыңа.
Ырысжан:
Әсеттің біліп едім бала екенін,
Жарқырап, жанып тұрған шала екенін.
Жеткен жоқ жиырмаға жасым әлі,
Ырыстың қайдан білдің кәрі екенін?
Шалығын әр сөзіңнің абайлаймын,
Шекеңнің ашуланшақ тар екенін.
Бағана көрген жерден байқап едім.
Бойыңда зор кесапат бар екенін.
Әсет:
Абайла, қызға жігіт дәрі екенін,
Сүйікті, сұлу болса, жар екенін.
Атжақты, албыт ауыз, көкіме қыз,
Өңіңнің жаңа көрдім сары екенін.
Мен қашан әжетіңе жарамап ем,
Баланың қайдан білдің бала екенін?
Ырысжан:
Жіңішке бойың нәзік қылдырықтай,
Сүйтсе де, сөзің ұшқыр бұлдырықтай.
Қу бала-ау, бала демей, не деуші едім?
Көзіме көрінесің жұдырықтай.
Қалай қашсам мойныма түсем дейсің
ЬІңғайлы қашағанға тал құрықтай.
Қызығып, қыз екен деп далбаңдама,
Тұйғынның жемін қуған кезқұйрықтай!
Әсет:
Өзіңе өзің болдың әулиедей,
Бақсыға аруақ қонбайды ел сүйемей.
Бәлендей затың таза көрінбейді,
Болса да, бетің қызыл қан шиедей.
Ырысжан:
Қой, Әсаға осы сөзден адасалық,
Азғана ақыл сөзбен жанасалық.
Біреу үлкен, біреуіміз кіші болмай,
Кел енді жасымызды санасалық.
Әсет:
Кәрі, жас айырамын беттің нұрын,
Білемін жауабыңның бақсам сырын.
Сынаспақ болсаң егер шамамызды,
Жасымды мен айтпаймын сенен бұрын.
Есітіп алып, кетерсің кішірейіп,
Қылт еткізбей білемін қыздың сырын.
Ет пен сүйек толықсып түгелденіп,
Болған жоқ анық толып түгел сыным.
Ырысжан:
Қараңыз, келістіріп келбетіме,
Дауа жоқ сұрап алған бейнетіме.
Әсаға, анық жасым баян болсын,
Шығып ем он алтыдан он жетіге.
Жастығымды танымай бет-бейнемнен,
Жұртым-ау, жолығып па ем әулекіге?
Қалайша көңлің толмай, олқысындың,
Талай ер мас болушы еді сәулетіме.
Әсет:
Тағады теңге шашбау қыз артына,
Жаққанмын жас күнімнен өз халқыма.
Ырысжан, ынтаменен сырласайық,
Шығып ем он бесімнен он алтыға.
Басымнан сөз асырып көрмеген соң,
Күйдірдім кәрісің деп сөз салтына.
Орнығып, ойқастамай сырласалық.
Екі сөз түгел келсін бір шартына.