Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әсет пен Ырысжан айтысы (5-бөлім)

Әсет Найманбайұлы, Ырысжан · 2 мин оқу

Ел мазасы кетеді мұндайлардан
Халыққа тынышталмас ыңғайлардан.
Жемтік жеген құзғындай жел өкпелер,
Он қаршыға – онбасы ыңғайланған.
Сот бізді түзеткен бір әділ – қазы,
Жапалақ – жағымпаздар шырайланған.

Таппағанға жұмбағың қиын екен,
Көлігі жоқ қылады үйін мекен.
Жүзден аса күйкентай – онбасылар,
Қағып жеген тышқаны тиын екен.
Хан, қара, би, болысты сипаттаған,
Жұмбағың ақиқатқа сыйымды екен.

Ырысжан:
Жұмбағым сыры терең, сөкпе деймін,
Әліңнен артық сөйлеп кетпе деймін.
Азырқансаң, әлі төрт жұмбағым бар,
Мен сені кіргізейін көпке деймін.

Қос әйнек – шыны да емес, темір де емес,
Жан адам түзете алмас болса көмес.
Ашылып, жабылады пружинасыз,
Ол – өзі қымбат нәрсе, арзан да емес.

Ол үйдің екі тесік бір пешінде,
Қаланған кірпіші жоқ іргесінде.
Сырттан ауа тартады магнитпен,
Қалқиған екі ұра бар терезесінде.
Өзіңдей жөнді ақыннан сұрамап ем.
Әсаға, мұның жайын білесің бе?

Ол үйде машина бар неше бөлек,
Қозғалар градыспен әр дөңгелек.
Талай жан таң қалатын сол машина,
Бір кезде сап-сасық боп, қалады өліп.
Сол үйде майсыз лаулап, жанады шам,
Әртүрлі машина бар қаларлық таң.
Шам сөнсе, біткен тетік бұзылады,
Жаға алмас қайта өзіндей ешбір адам.
Түгелдеп, осы сөзді шеше алмасаң,
Түймемнен үш айналып, кет садағам!

Әсет:
Түп-түзу оқтан өткір айтқан сөзің,
Осы көп сөз шешуі жалғыз өзің.
«Қос әйнек шыны да емес, темір де емес,
Қалқиған екі ұра» – екі көзің.
«Ол үйдің бір пешінде екі тесік –
Желбезек – қос өкпе тұр ауаны есіп –
Ол тыныс – дем тартатын мұрыныңыз.
Бұл сөзді сынамаққа сұрадыңыз,
Шешейін қабыл болса мұрадыңыз.
Сырттағы тамам сөзді есітуші —
Екі үңгір дегеніңіз — құлағыңыз.

Адамның көре алмайсың ішін ашып,
Тәні тұр перде болып, сыртын басып.
Машина әр түрлі шек, өкпе, жүрек,
Шықпассың бұл сөзіме қарсыласып.

Пружинамен жаратқан адам тәнін,
Себеп қып тіршіліктің татар дәмін.

Майсыз лаулап жанған шам дегенің ол:
Қан, қуатпен қозғалған жалғыз жаның.
Бұл бір оңай жұмбақ қой көңілдегі,
Дұрыс па қыздан Әсет жеңілмегі.
Арғын, Найман, Алты арыс, Уақ, Керей.
Сап жүйрікпін Сарыарқа өңірдегі.
Адамның бар денесін жұмбақ қылып,
Бар ма еді мұнда әкеңнің кеңірдегі?

Ырысжан:
Әсаға, сыртыңыздан көп естуші ем,
Халық жалған айтпаса, неге естуші ем?
Бұтып-шатқан ақынның бірі ме деп,
Күнәңді бөле-жара, жеп естуші ем.

Жұмбағымның айтайын үшіншісін,
Сөзімді түгелдеп бер, жетсе, күшің.
Төрт сөз түгел болғанда, түймем – сіздік,
Жалғанда жауап сұрап, түскен ісім.

Арықтап, бір түйе өлді, жетіп ажал,
Алты батпан бұлы бар, безбенге сал.
Сүйегі жерден, көктен табылмайды,
Білдің бе, мұның өзі қайда өлген мал?

Артылған мәртебеңіз талай жұрттан,
Көрген жоқ сізді сөгіп біреу сырттан.
Алты батпан көтерген алып малдың,
Санасаң, әр батпаны жеті бұттан.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз