Әсет пен Ырысжан айтысы (6-бөлім)
Әсет Найманбайұлы, Ырысжан · 3 мин оқу
Жілігі жиырма төрт, топайы бес,
Шамалап, өлшеп байқа ерте мен кеш.
Осыны нажағайдай жарқылдатып,
Тегістеп бас-аяғын анықтап шеш.
Әсет:
Ырысжан, бұлбұл қызсың жаннан аса,
Сүйтсе де, бір сырың бар менен таса.
Менен өзге бір адам таба алмайды,
Мұны да бір күн, бір түн ойламаса.
Домбыра – саған ерген – бұлбұл екен,
Ырысжан қара сөзге қырғын екен.
Арықтап, оттай алмай, өлген түйең,
Ақылмен абайласам, бір жыл екен.
Ол түйең арық емес, семіз еді,
Халыққа түрлі нығмет жегізеді.
Жылды өлтіріп, өтірік арықтатып,
Осынша жалған сенің неңіз еді?
Болады осылайша сөздің жайы,
Ақынның жарамайды құр айқайы.
Әлгі бір алты батпан артқан малың,
Санаулы бір жылдағы жаздың айы.
Тамаша тапқан сөздің бар ма міні,
Болады осылайша сөздің шыны.
Әр батпаны жеті пұт деген сөзің,
Оралған бір жұманың жеті күні.
Жүрекке таппаған сөз жүда болар,
Бір үлкен жалған айтсаң, күнә болар.
Жілігі жиырма төрт деген сөзің,
Оралған алты айдағы жұма болар.
Жыл сүйегі жер менен көкте де жоқ,
Атын бар ғып жаратқан Құда болар.
Белгілі маған сол мен оңқайыңыз,
Таба алмасам, өкпелеп, томпайыңыз.
Бұл арадан намақұл болып жүрме,
Бес намаз – бесеу деген топайыңыз.
Ырысжан:
Бағыма бұлбұл Әсет болған ақын,
Кім сөгер Орта жүздің қолқанатын.
Сөз көшесін қыдырған көрегенсің,
Жерің жоқ, бір мүдіріп толғанатын.
Мәселе бір-ақ ауыз жұмбақ қалдым,
Орын жоқ онан ары зорланатын.
Алты мың жан иесі хайуанаттар,
Олардың қандай адам қойған атын?
Хайуанат набат атпен, нажас атпен,
Әлемнің он сегіз мың білген затын.
Есім берген ұстаздан өзі үйренбей,
Ұнатқан оймен тауып үш қажатын.
Ол өзі қай есімді таққа мінді?
Ол адам қай пірқадан, қандай дінді?
Періштелер білмеген ғылым еді,
Ойменен соның сырын қайдан білді?
Он сегіз мың әлемге ат қойған кім,
Иесі кімге ат қой деп әмір қылды?
Онан әрі сұрайтын жұмбағым жоқ,
Ашып бер, шамаң келсе, бұл мүшкілді.
Әсет:
Айтпассыз, ағат сөйлеп, білсек қата,
Ақын деп қазақ маған берген бата.
Әлемді он сегіз мың үшке бөліп,
Ат қойған өз ойымен Адам ата.
Ол өзі Рас-Рап деген таққа мінді,
Анық Хақ та таныған асық дінді.
Бірі – жарық, біреуі қараңғы деп,
Аспанға мәжбүр еткен Ай мен Күнді.
Құрт-құмырсқа, ұшқан құс, мал хайуан,
Жан иесі адамзат, пері, жынды.
Көкте жұлдыз, Ай мен Күн, періште, аспан,
Жансыз нәрсе, тағы ағаш, шөп пен құмды.
Қар, жаңбыр, қыс пенен күз, жаз пасылы,
Оларға ішін ашып, ізет қылды.
Енді қыз, боп жүрмесін еңбегім жер,
Осы жұрт бірімізді уәдесіз дер.
Төрт сөзің түгелденіп, бітіп отыр,
Аттамай әдебіңнен, түймемді бер.
* * *
Сонда қыз әдебінен аспай келді,
Аяғын титтей қия баспай келді.
Шетіне орамалдың жүзік түйіп,
Алдыма бір торғынды тастай берді.
Торғынға түйген екен алтын жүзік,
Майданда екі қыран қандай қызық.
Бозбала айғай салып, еркек жыныс,
Омыраулап барады үйді бұзып.
Мен келгенде қызыл үй сегіз қанат,
Сүйрелеп, түк қоймады түңлік, үзік.
Басында бүржің қағып отырсам да,
Жүлде алдым, аяғында қамал бұзып.
Осындай Қарқаралыға барған жерім,
Серуенді қыз-қыранмен салған жерім.
Түбінде ақындықпен жеңгенім жоқ,
Уәдемше тоқталып қалған жерім.
Серт бойынша белгілі боп екі түйме,
Алтын жүзік, бір торғын алған жерім.
Заты ұрғашы демесек, уа, жігіттер,
Әйелдің көрдім сондай бағлан керін.