Қызыл жыршы мен Әкімгерей айтысы (2-бөлім)
Қызыл жыршы, Әкімгерей Қостанов · 3 мин оқу
Әкімгерей:
Сөйлейсің қалай-қалай, қасқа кедей?
Ауызы жарымаған асқа кедей.
Асымды ішіп, халқымды жамандайсың,
Ақыры, сазға отырарсың саспа, кедей.
Жыршы боп жүр екенсің, мен жоғымда,
Ізімді бұдан былай баспа, кедей.
Қызыл жыршы:
Артық па бізден сіздің ішкеніңіз?
Қуырылған құр шаймен іштеріңіз.
Асына асып жатқан кел демейтін,
Сай емес мұсылманға істеріңіз.
Тағы да ұнамайды ит мінезің,
Келгенді талайтұғын күштеріңіз.
Мұрттарың басылмаған, шашың өскен,
Секілді мұжық орыс түстеріңіз.
Құдайды – бір, пайғамбарды хақ білетін,
Сіздерден біз хақ дінге ішкеріміз.
Әкімгерей:
Ай, қасқа, байқап сөйле, Қазалың жоқ,
Үстіңде үй, бауырыңда қазаның жоқ.
Қарашы, жан-жағыңда жігіттерді,
Қалмағай қапелімде ажалың боп.
Сөйлейсің кімге сеніп үстем-үстем,
Есен мен Ахметкерейдей адамың жоқ.
Қызыл жыршы:
Қайтеді Ахметкерей, Есен деген,
Мен ондай қорқа алмаймын есерлерден.
Ораза, намазбенен жұмысы жоқ,
Баланың ісін қылған еленбеген.
Осыларды алдына танау қылсам,
Ойың ғой үні сонда өшер деген.
Елімнің берекелі уақытында,
Болғанмын мен де жолдас талай ермен.
Ахметкерей, Есенді мықты десең,
Апаңа жүгіртіп ал қатыныңды.
Әкімгерей:
Ай, қасқа, байқап сөйле, есірмегін,
Басыңа жетіп кетер кесірлерің.
Көңіліме менің бүйтіп тие берсең,
Басыңның білмей қалма кесілгенін.
Қолыңнан қыздарыңды қойдай сатып,
Қашып кеп, тиіп жатыр жесірлерің.
Қызыл жыршы:
Күлкіңді біздей болсаң, тыя алмайсың,
Біздей боп ешбір жерге сыя алмайсың.
Көргенін біздің елдің көрсең егер,
Өмірі естеріңді жия алмайсың.
Қыз түгіл, еркегің [де] жүрісті боп,
Теріс қылық жасауға ұялмассың.
Әкімгерей:
Болса да, аямассың келсе күшің,
Елімнің ішкен, қасқа, жуындысын.
Қарашы жан-жағыңа, жігіттерге,
Қалмасын опырылып отыз тісің.
Әкімгерей:
Әулие деп жүргенің адам шығар,
Деп жүрген оны әулие надан шығар.
Осындай сыйынғанда қолдайтұғын,
Әулие тірлігіне болса-дағы,
Құл болып өлгеннен соң қалған шығар.
Әкімгерей:
Ешкімнен тоқталмаған Әкімгерей,
Түзелмес жігіт адам зәкүн көрмей.
Қаңғырып, Қазалы өтіп келдің неғып,
Бар болса, әулиенің нәпін көрмей.
Сөйлейсің кімге тиісіп үстем-үстем,
Қонысың осы арада жақын жердей.
Әкімгерей:
Еліңде байың бар ма Шәді молдамдай,
Бола ма тәуір жігіт Байқадамдай?
Қобдада Әбіш деген бір бай жатыр,
Жылқысын көптігінен қайтара алмай.
Келгелі біздің елге үш жыл болды,
Болыпсың сырын алып байқағандай.
Қызыл жыршы:
Мақтарлық Әбіш байың кісі ме еді,
Бар ма деп оның несін ісінеді.
Еліңнің айтулысы Әбіш болса,
Сенің де сәл-ақ болды күшің енді.
Тыңдасаң, құлақ салып, Әкімгерей,
Ақшалы отыр .................... мына кедей.
Төрт адам кешқұрымда барып едік,
Үйіне қонақ қылып, түсірмеді.
Күн суық, ұйқы-тұйқы боран боп тұр,
Сәл кідірсек, тұрмыз енді үсігелі.
Мақтама малы бар деп Әбішіңді,
Айтпасаң, қайыры бар кісілерді.
Әкімгерей:
Қажыдай Аллаберген кісің бар ма,
Толтырған Құдай көңілін бас пен малға.
Мал мен бас, абырой, бақ, барды беріп,
Жеткізіп мұратына қойған Алла.
Қызыл жыршы:
Баратын талай қажы біздің елден,
Әр жылда-ақ мыңы барып, жүзі келген.
Қайтып кеп дүниеге араласпай,
Қажының сауабы көп сол жақта өлген.
Сен менің бұл сөзімді жалған десең,
Сұрашы молдалардан кітап көрген.
Әкімгерей:
Еліңнің енді сен айт берекесін,
Әр түрлі той-тамаша берекесін.
Бәріне біздің елдің сын тақтың ғой,
Есітейік сендер қандай ел екенсің.
Көңілің еш адамнан басылмаған,
Басыңда тұрмысың көп неме екенсің.
Сірә, бір осы көптен жасқанбадың,
Сондай бір тәуекелшіл ер екенсің.