Әсет пен Ырысжан айтысы (4-бөлім)
Әсет Найманбайұлы, Ырысжан · 2 мин оқу
Әсет:
Қарашы, мына қыздың айтқан сөзін,
Аудармастан қарайды екі көзін.
Кәрі қыз кәдірменен отырмаған,
Маған түйме бермейтін кімсің өзің?
Сен, құрғыр, жолаушыны менсінбейсің,
Ежелден тар болмаса, сыр мінезің.
Байқағанға паңдығың толып жатыр,
Ұсайды Ебліске бой күйезің.
Ырысжан:
Аяулы Әсағаңның санасы бар.
Бойымда түйме деген жаласы бар.
Түйменің жөнін тапсаң, ұстар едің,
Санаулы төрт-ақ жұмбақ бағасы бар.
Жол тауып, жүре алмасаң, көзіңнен көр,
Сөз тауып, шеше алмасаң, өзіңнен көр.
Төрт сөзім түгел тамам таба алмасаң,
Түймем саған тимейді, өзіңнен көр.
Ізденіп, таба алмасаң, далаға кет,
Екі көзің телміріп, қалаға кет.
Түймемнің төрт-ақ ауыз жұмбағы бар,
Таппасаң, шұлғауымнан садаға кет.
Әсет:
Ерегіс майдан құрдық екеу ара,
Соқтығып, алаяқпен жеке-дара.
Қорғанып қыз жеңер деп отырғам жоқ,
Жұмбағың төрт мың болсын, сөйлеп қара,
Байлап қой, төрт сөзіңе уағыдаңды,
Сертіңнен жұмбақ шешсем, тайқақтама.
Ырысжанның жұмбағы:
Қыз айтты әуелінде бір жұмбағым,
Ауызыма ағытылып, кір, жұмбағым.
Отырған Қарқараның хан, қарасы,
Жүйріктен екі қыран сөз тыңдадың.
Бір сарай нұрланады жалғыз «миммен».
«Ра» мен «нұн», «хи» менен «зи» оған ерген.
Бұл бес әріп бес сөздің бесеуінде,
Білдің бе мағынасын қайдан келген?
Және де бір бәйтерек шыққан биік,
Көрінер көлеңкесі көкке тиіп,
Жемісі мәуесімен жарасулы,
Сенімді сегіз бұтақ тұрған тиіп.
Ол бұтақ қорқытады жүрек шайып.
Теректің жапырағын елге жайып.
Жұмыртқа шайқап ішіп екі ителгі,
Өргізіп ұшырады бір бидайық.
Аз атаның баласы жалғыз қыран,
Сегіз-тоғыз лашындар жүрер баулап.
Ішінде отыз-қырықтан құзғындар бар,
Үш жылда бір нәр татар өліп талып.
Баршасын таратады бір ителгі,
Жапалақ жалбаң қағып, шыр айналып.
Аса ақын даңғайыр болсаң-дағы,
Әсеке, таба аласың мұны не қып?
Ішінде жүзден аса күйкентай бар,
Олар да қорек алар тышқан қағып.
Бір теректен осынша құс өрбітіп,
Алып кел, бәрін атап белгі тағып.
Әсет:
Бір сарай нұрланады Мекке дүрмен,
Қажы парыз бай кісіге Хақтан келген.
Нұн-намаз, ра-риза, зи-зекет дұр,
Парыздың енді бірі иман білген.
Қажы исламның бесіншісі парызын сол,
Канзарақ мағынасында көзім көрген.
Сұрасаң, әділ кеңес көпке жеткен,
Көңіліңді сөз кемітіп өкпелетпен.
Бәйтерек жапандағы ақ падыша,
Көңлі ұлықтықпен көкке жеткен.
Ұлық тақтан таймайды, елге жақса,
Қатын байға еркелер, бала тапса.
Иілген сегіз бұтақ – сегіз санат,
Жайылған жапырағы – қағаз ақша.
Пәнденің Алла деген тұрар бағы,
Ақынның жарамайды сыңар жағы.
Бәйтеректе жұмыртқа шағып ішкен –
Ояз бенен би, болыс дуандағы.
Қазақтың Сарыарқада елі жиі,
Жетіп тұр қызыл тілден сөздің иі.
Бір бидайық – ел жейтін жебір болыс,
Баулыған сегіз лашын – сегіз биі.
Бақты кісі күледі бағы кемге,
Құдайдың риза боп берген демге.
Отыз-қырықтай құзғындар – елу басы.
Үш жылда нәр татқаны он бес теңге.
Сайлауда шарын салып, соны алады,
Оларға не пайда бар онан өзге?