Елмірбек пен Айнұр айтысы (1-бөлім)
Елмірбек Иманәлиев, Айнұр Тұрсынбаева · 2 мин оқу
Елмірбек:
Амансың ба, ағайын,
Амандасып алайын.
Алатаудың суындай,
Ақтарылып ағайын.
Айтысқанда көрдіңдер,
Ақындардың талайын.
Арғымақтай арынды,
Ағындап бір шабайын.
Алдыменен, туғандар,
Ақындардың тұнығы,
Әйелдердің сұлуы,
Жыршылардың ұлығы,
Айнұрдың жайын табайын.
Ынтыққан көңіл сіздікі,
Сусаған жүрек біздікі.
Үздіккен сезім біздікі,
Шөлдеген жүрек біздікі.
Бәрін халқым білесің,
Айнұр осы кімдікі?
Жарасқаның байқалар,
Келісіңде Айнұрым.
Піскендігің Тәшкеннің,
Жемісіндей Айнұрым.
Бетіңді бері бұрсаңшы,
Жеті қабат жәннаттың,
Перісіндей Айнұрым.
Қашан болсын осындай,
Асыл едің, Айнұрым.
Топты жарып шыққан бір,
Ақыл едің, Айнұрым,
Қасыңда біз жүргенде,
Жарқын едің, Айнұрым.
Тараз бенен Таластай,
Жақын едің, Айнұрым.
Өзгеше нәзік жаралған,
Жанға ұқсайсың, Айнұрым.
Жоқ болмасын ешқашан,
Барға ұқсайсың, Айнұрым.
Шайға қосып ішетін,
Балға ұқсайсың, Айнұрым.
Бұлбұл құстай құбылтып,
Сайрай беред демегін.
Айнұрды Елмір көргенде,
Жайнай беред демегін.
Әйел сыйлаған еркекпін,
Алтыным, кезек беремін.
Айнұр:
Таласқа былтыр барған ем,
От жағып сөзбен маздаған.
Барлығы маған ғашық боп,
Тілегін айтқан аздаған.
Таласта жігіт қалмаған,
Айнұрға өлең жазбаған.
Қыз көрмегендей қырғыздар,
Қырылып қала жаздаған.
Ақтабан шұбырындыда,
Шашылған ел ек тарыдай.
Сол қазақ, міне, бас қосты,
Жат болып кетпей тағыда-ай.
Қабанбай мен Бөгенбай,
Ақжолтай батыр Ағыбай,
Ұлыстың ұлы күнінде,
Тілегімді бер, уа, құдай!
Арқаның жері, армысың,
Ақ орда тіккен Абылай!
Қасыма келген армысың,
Елмірбектей тарпаңым.
Бес күн болды қонақсың,
Төріне шықтың Арқаның.
Демалғаның жетеді,
Қарымын көр қалқаның.
Алқындырсам деп едім,
Алдына шығып алқаның.
Өзіңмен бүгін қосылып,
Көкпарын сөздің тартамын.
Қолымдакетіп жүрмесін,
Қоқырайған қалпағың.
Елмірбек:
Төріндемін Арқаның,
Мықты жер екен айтарым.
Осы елдің болып төрінде,
Қызықты судай шайқадым.
Студенттер үйінде,
Жетіншіде сен жаттың,
Біріншіде мен жаттым.
Байқасам да барлығын,
Байқатпастан тек жаттым.
Ақыры шықтық айқасқа,
Құдай өзі берер деп жаттым.
Сен Таласқа барғанда,
Бәрі де қалған арманда.
Жер тепкілеп жіберген,
Жеңішбек жете алмай қалғанда.
Онан бері күн қайда,
Айлар өтіп кетіп тұр.
Арада қанша қарашы,
Жайлар өтіп кетіп тұр.
Айтылмаған іштегі,
Сырлар өтіп кетіп тұр.
Одан бері қарасаң,
Жылдар өтіп кетіп тұр.
Айтпаймын сөзді қарадай,
Тұрпатың сұлу маралдай.
Арманда болған көп жігіт,
Артыңнан сенің бара алмай.
Қазір де жүр ғой арманда,
Шырқырап іздеп таба алмай.
Барғым да келген артыңнан,
Байыңнан бірақ тартынғам.
Алақанына салған аруды,
Айналдым сенің халқыңнан.
Енді, Айнұр, не дейсің,
Ашытылған шараптай,
Көпіріп келе жатасың.
Шырағдандай қызулы,
Ысытып келе жатасың.
Жазып кетші бұл жерде
Жанын саған арнаған
Жас жігіттің қапасын.
Айнұр:
Сіңлісіне Сараның,
Сұқтанып сонша қарадың.
Көрінген қызға көз салып,
Ашылған екен араның.
Қалжыңдаса да қырғыздар,
Туысқаныма баладым.
Ақаевтай басшыңыз
Баласы ғой білесің,
Әселдей асыл ананың.
Қазаққа жиен Шыңғыс та,
Бірегейі дананың.
Осыменен, қырғыздар,
Қазаққа разы болыңдар,
Киесі бар-ды даланың.
Жүгіре берме соңымнан,
Тілініп қалар табаның.
Қанағат қарын тойдырар,
Жөнге жүр енді, қарағым!