Елмірбек пен Айнұр айтысы (2-бөлім)
Елмірбек Иманәлиев, Айнұр Тұрсынбаева · 3 мин оқу
Елмірбек:
Жырласаң елге жағасың,
Қырғызды қарап бағасың.
Айнұр-ау сені байқасам,
Не түрлі сөзді табасың.
Онан гөрі маған көн,
Бақытыңа барасың.
Сонда қырғыз-қазаққа,
Жұлдыздай боп жанасың.
Көктегі шолпан сыңарындай,
Көрінесің Айнұрым.
Көктемдегі жаңбырдай,
Төгілесің Айнұрым.
Алып келіп тұрғандай,
Астанаға ай нұрын.
Қазақтың асыл қызысың,
Ұқсайсың мөлдір жүзімге.
Қарашы, әне, еліңнің,
Қызғаныш бар жүзінде.
Өзің айтып кеткендей,
Көрінгенге көз салмаймын.
Басқа қызға да бармаймын,
Бал сөзіңді тыңдаймын,
Өзіңізді таңдаймын.
Бал татыған сөзің бар,
Басқаны таба алмаймын.
Адамның тәтті тілі бар,
Артықша кетсем балдай ма.
Белсеніп тұрған бір жігіт,
Бармаса бекер болмай ма?
Сұқтанбаса сұлуға,
Елмірбек еркек болмай қалмай ма?
Қызметі өтсе халқына,
Жақсыны жалпы жақтайды.
Қырғыз бенен қазақтың,
Қызы сендей болсын деп,
Жігіттер жырлап мақтайды.
Қасыңда тұрған ер жігіт,
Қарағым, саған жақпай ма?
Алдыңда әне отырған.
Есекең менен Әбіштің,
Жастығы еске түсіп жатпай ма?
Айта берсек таусылмас,
Осымен тоқтап толдық біз.
Ғашықтықтың баянын,
Біраз айтып болдық біз.
Құдайым сірә көтерер,
Айнұрдай жанның талабын.
Алатау асып кете бер,
Жарқылдап күнге тамағың.
Ал, бастағын, Айнұржан,
Кезегіңді берейін.
Өзіңдей болсын барлығы,
Өзгеге қайтіп теңейін.
Айнұр:
Жұлқына бердің, қу жігіт,
Қазақтың қызын жеңгің кеп.
Жылауды тегі қоймадың,
Айнұрды іздеп келдім деп.
Үш бала бар ед үйіңде,
Оны да мынау ел білмек.
Әйеліңіз тағы бар,
Көйлегі қалған желбіреп.
Тойғанын білмес тоқтыдай,
Маңырай берме, Елмірбек.
Сөздерің қайда тым жақсы,
Жүзіндей өткір алмастың.
Естеместердің ерекше,
Ескі әні болып жалғастың.
Қыздар жоқтай қырғызда,
Қазақтың келіншегіне,
Жанталасып жармастың.
Бұлбұлым деп Айнұрға,
Өлең жазыпсың алғаш күн.
Жыр сыйламақ түгілі,
Алтын құйсаң да бармаспын.
Естай боп жылағаныңмен,
Қорланың бола алмаспын.
Елмірбек:
Жүрегімді нұр таза,
Көріп тұрсың алдыңда.
Көңілденіп сөз айтсам,
Көтеріле қалдың ба?
Балқығандай сөз айтсам,
Қулығыңа салдың ба?
Өзіңше қарап мен жаққа,
Пайдаланғалы тұрмысың.
Қонақ болып мен келгем,
Жарамайды бұл ісің.
Жүректе жүрген өкпені,
Қозғағалы тұрмысың?
Жанталасып жармаспа,
Байыңа бағың бұйырсын.
Қылтыңдап тұрсың ілгергі,
Қыз кезің өтіп кетіп тұр.
Бағың жанып өрлей бер,
Байыңа аман жетіп бір.
Қармамай қолды қайтейін,
Елмірбек атым өтіп тұр.
Жаңа ғана айтыстық,
Мына елдің жазып қапасын.
Осы ел көңілін ашамыз,
Қосылып бірге жырласақ,
Халық көңілін жазамыз.
Күйіп айтқан жайым жоқ,
Ел күлсін деп айтып жатамыз.
Жарасты бір жыр шығар,
Төгілгендей күншуақ.
Ерегісіп айтыссақ,
Етек-жеңнен шымшылап.
Әлі талай жолығармыз,
Еліңде болсын ынтымақ.
Айнұр:
Оңды сөз айтса ақындар,
Оңынан туар айы да.
Қонақ боп келсең разы бол,
Қазақтың құйған шайына.
Жармасып жатқам жоқ дейді,
Бұйырсын дейді байына.
Бұйырсын десең байына,
Айнұрды қалдыр жайына.
Өзіңе ұқсас түсім де,
Өзіңе ұқсас күшім де.
Разы болсын мынау ел,
Қарапайым пішінге.
Елмірбек жүрсін еркелеп,
Қазақ пен қырғыз ішінде.
Айналайын, ағайын,
Достық сезім үшін де
Балапандай ұлым деп,
Алақаннан түсірме.
Өлеңін елші қып өткен,
Сүйінбай, Жамбыл, Нұртуған.
Достықты ардақтағанда,
Жүректен жарқын жыр туған.
Қазақ пен қырғыз бір туған,
О бастан-ақ ірі туған.
Анасынан айналдым,
Елмірбектей ұл туған.
Елмірбек:
Осы сөзің үшін бір,
Сүйдіріп қойшы ұртыңнан!
2003 жыл.