Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бөрібай мен Шорабек айтысы (1-бөлім)

Бөрібай Оразымбетов, Шорабек Айдаров · 2 мин оқу

Бөрібай:

Бісміллә, жырларым өрімделді,
Астана да ақындарға төрін берді.
Бір жарымдай миллион қазағыңның,
Сәлемдері қос бұрым боп өрілді енді.

Кеше ғана кесенесін құшып келдім.
Төле бидің Тәшкенімнің төріндегі.
Әйтеке би ақ тілегін тілеп қалды,
Нұратадай тауыңның беліндегі.
Жалаңтөсің жалынды сәлем айтты,
Самарқанның саялы еліндегі.
Алпамыстың ақ тілегін ала келдім,
Жиделі-Байсындай шөліндегі.
Қырық қоржын сәлемін арқаланып,
Қара орманын сағынған Бөрің келді.

Астананың жағылып ақ шамдары,
Бас қаланың ашылып тұр аспандары.
Еуразия университетіне ақ тілегім,
Бола берсін өнер, білім бас қорғаны.
Осынау бір білімнің ордасынан,
Ұша берсін қазағымның қасқалдағы.
Мен де бүгін құрдасымды жолықтырдым,
Сүрінбейтін қай бәйгеге қоссаң-дағы.
Әзілдесе езуіңді жидырмайтын,
Бұл Шорабек – айтыстың Оспанханы.

Ақынсың сен құрдас, ойлағандай,
Айтыстың кәусарына тоймағандай.
Аламанда алысып отырғадай,
Астарлы сөздеріме ой бағардай,
Екеуміз осы айтысты қыздырайық,
«Қайрат» пенен «Пахтакор» ойнағандай.

Шорабек:

Беу, Бөрібай!
Тегінде жан емессің қуыс құшақ,
Осында отырайық туыс құсап.
Ортаға шыққан кезде орда бұзбай,
Олжаны алу қиын уысты сап.
Қағытудың орнына бұл Бөрібай,
Жылпылдап жылы сөзбен ұғысты сәт.
Мені мақтай бергенше, тиіссеңші,
Иракты бомбылаған Буш құсап.
Исламда Ирак еді дара қия,
Дара қия және де дара ұя.
Соғысынан жетті ғой хабар ия,
КТК-дан айтқанда «Камалия»,
Шайнағандай болдық қой қара мия.
АҚШ-тың солдаттары соғысуда,
Көжесін ішіп алып Бавария.
Имандылық ұясы – Арабия,
Болмаса жарар еді авария.

Таразда жұпталып ек, Бөрібайым,
Тағы да Астанада жолығайын.
Айтыс сайын жабысып айрылмайтын,
Өзіңнен өзге ақынды танымаймын.
Өзбекстан Бөрібайын жібермесе,
Қазақта қарсыласқа жарымаймын.

Құрдастың отырам ба хәлін ұқпай,
Ұшпаққа мен жетермін қабынып қай.
Парасатты патшамен – ел бақыты,
Оның жолын айтармыз әлі нықтай.
Жай-күйіңді жақсылап сұрайыншы,
АҚШ-қа жалпақтаған Каримовтай.

Айтысқа шақырғанда жетіп кепсің,
Шорабекті шоңқайтам деп бекіп кепсің.
Екі елдің жолын кескен Елбасың бар,
Жағдайын ойламайтын жеті көптің.
Өзбектер шекарасын тарс жапты деп ед,
Сен қалай бері қарай өтіп кеттің?

Өнердің мен айтайын, ең естісін,
Ел естіп және де кеңестісін.
Тірі жан шекараңнан өте алмаушы ед,
Сен қолға тұрмайтұғын елеспісің?
Есік емес, тесіктен өтіп келген,
Сен өзің контрабанда емеспісің?

Айтыстың қадірін ел биыл ұқты,
Ақындар форумға алғаш жиылыпты.
Жоғары жақ осылай көңіл бөлсе,
Болады сөз сайысы, күйі мықты.
Шартараптан ақындар шақырылып,
Жырқұмар жұрттың бәрі сүйініпті.
Лайықты қарсыласын тауып алып,
Ақындар бір-біріне шүйіліпті.
Ағайын, айып етпе мына маған,
Сертификаты жоқ ақын бұйырыпты.

Беу, Бөрібай!
Атағыңа, даңқыңа мас перісің,
Сондықтан да жарасар сөз керісің.
Тұмсығың жерді жаппай тіміскілеп,
Сандалған сахарада аш бөрісің.
Қазаққа қарай кейде оқ ататын,
Өзімшіл Өзбекстан әскерісің.
Өзбекстан Ақ-Бөрісін аяймын ба,
Сыпырып жіберейін бас терісін.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз