Бөрібай мен Шорабек айтысы (3-бөлім)
Бөрібай Оразымбетов, Шорабек Айдаров · 2 мин оқу
Халықаралық айтысқа келгеннен соң,
Халықаралық мәселелер айталық та.
Өз ағам, Қазекемді іні дей ме,
Бауырға бауыр өстіп ірілей ме?
Сіздер жақта күн ысып қалған шығар,
Дұрыстап түсінбейміз мұны кейде.
Самарқанның көк тасы жібігенде,
Жүрегі Елбасыңның жібімей ме?
Каримов қызық мінез тауып отыр,
Көңілі АҚШ жаққа ауып отыр.
Әуежай, әуе жолын, бәрін беріп,
Самолетін сиыр ғып сауып отыр.
Бушқа әуе жолын ашып тастап,
Туысқа жердің жолын жауып отыр.
Өз ісін Америка жөн қылып тұр,
Мұсылман-террористер тең біліп тұр.
Соғыс ашып, Иракты бомбылауда,
Тиыш отыр деп, әр елді көндіріп тұр.
Каримов те мұсылманға кәрін төгіп,
Мешітке қатаң заңын ендіріп тұр.
Дінімізге дүрбімен үңілетін,
Нұрсұлтанның бағасын ел біліп тұр.
Буш айтқандай, Ислам әлемге емес,
Исламға әлем қауіп төндіріп тұр.
Нұрсұлтан жақсылығын енді ойлап жүр,
Өз елін өркениетке оңтайлап жүр.
Арбаны да сындырмай алға айдап жүр,
Өгізді өлтірмей, өрге айдап жүр.
Жайнап өсіп келеді жаңа Астана,
Қазағым, қанатыңмен қорғайлай жүр.
Қай елде қиыншылық болмаған,
Қай елде бірдей бақыт орнай қап жүр.
Отырса опақ, ал тұрса сопақ қылып,
Оппозиция дегенің қол байлап жүр.
Әкімді сайлап қою керек деген,
Ойларын ортаға сап домбайлап жүр.
Губернатор сайлаған Ресейдің,
Жағдайы бұл күндері болмай қап жүр.
Сонда да соқыр сенім иелері,
Таласып таққа бекер соры қайнап жүр.
Бөрібай:
Аллалап, ақындарың шықты бүгін,
Белдесуде қос құрдас та мықты бүгін.
Саясатты айтуға емес, бұл Бөрібай,
Наурызбен құттықтауға шықты бүгін.
Астана мен Тәшкеніме тілеп жүрмін,
Қос астана діңгегінің нық тұруын.
Қазақ, өзбек достығын нығайтуға,
Құдай берсін ақ сүйектің мықтылығын.
Шорабек-ау, отырсың ғой ісіп сөйлеп,
Жырқазанда қайнағандай пісіп сөйлеп.
Патшаларға жол көрсетер біз емеспіз,
Алты кесіп, жеті рет пішіп сөйле.
Кісіліктен ешкім әлі көгермеген,
Есің болса, құрдасым-ау, кішік сөйле.
Жақсы ауызға құр айқай жараспайды,
Бірер нота саясаттан түсіп сөйле.
Саясаттан мына халық түк алмайды,
Асықта да шік пенен бүк алдайды.
Қораз құсап құр босқа қышқырмағын,
Сендей қораз таң атқанын біле алмайды.
Қораздың да тырнақтары болғанымен,
Бөрілерді қырандай бүре алмайды.
Ал, ендеше, уа, халқым, арындаймын,
Мына отырған елім үшін барым-қайғым.
Екі елдің достығын жырлағанда,
Сексеуілдің шоғындай жалындаймын.
Жарты сағат жырладың да, жаңа болдың,
Бұл айтыста сен – шал, мен – бала болдым.
Сертификатсыз дегенге үндемеп ем,
Контрабанда дегенің нала болдым.
Буштан бастап Каримовпен аяқтадың,
Патшаларға ақыл айтар дана болдың.
Бас терімді сыпыра алмай әуреленіп,
Өзің, құрдас, сөзіңмен ала болдың.
Мені көріп, өзіңе тәуба дедің,
Мырзашөлде мен де аппақ бала болдым.
Пойызымыз Қарағандыға тоқтап өтіп,
Астанаға келгенде қара болдым.
Ғимаратқа студенттер тола берсін,
Бастарына бақ-дәулет қона берсін.
Көріскенше күн жақсы, ағайындар,
Астанада жылда айтыс бола берсін!
2003 жыл.