Бөрібай мен Шорабек айтысы (2-бөлім)
Бөрібай Оразымбетов, Шорабек Айдаров · 2 мин оқу
Бөрібай:
Дедің-ау, мақтау айтып, қипақтама,
Сөздерімді айтайын жинап қана.
Буштың өзі болып, сен тиіс дейсің,
Тиіскендей осы бүгін Иракқа да.
Буштарың да өзімен кетсін деймін,
Ирагым деп, ирелеңдеп, қирап қалма.
Әрі қарай құлақ тос, Шорабегім,
Сені құрдас, әрі де жора дедім.
Шекараны айт деп отыр, уа, халқым,
Саясаттан шерім де тола менің.
Көк сақалды кезіңде көрген едім,
Боялған сақал көріп, тоба дедім.
Сарыағаштың суындай таза десем,
Жасалған қолдан «Кока-Кола» ма едің?
Кезің келді дегендей ақтаратын,
Айтшы дейсің Өзбекстан ақпаратын.
Тілді тартып, азырақ сөйлейінші,
Саясаттан әдетім бар сақтанатын.
Шекаралар бөлінбей тұрған кезде,
Біздердің де айтқанымыз ақ болатын.
Өзекеңдер жан-жағын қымтап алып,
Шабысынан жаңылды шапқан атым.
Не десең де, бұл жерде бас иемін,
Жағдайым жоқ ел алдында мақтанатын.
Жағдайы бар қазақтар көшіп жатыр,
Жағдайсыздың алдында қап-қара түн.
Кетпен сапқа да жарамай қалды ерлер,
Алпамыстың найзасына сап болатын.
Мырзашөлде қалды ел біз секілді,
Ағайынға алаңдаған сіз секілді.
Ақ мақтамен бақытты едік кеше ғана,
Жемісін төгіп-шашқан күз секілді.
Менің хәлім, өзің айттың жаңа ғана,
Қолыңдағы еріп кетер мұз секілді.
Әруақтардан аттай алмай, мен де жүрмін,
Бабалардан қалып кеткен із секілді.
Өз ағамыз бүгінде өгей әке,
Ал, қазақтар қолындағы қыз секілді.
Қалай өттің деп айтасың шекараны,
Жауап бере алмағандар екі алады.
Екі елдің елшісі боп келгеннен соң,
Шаңғытып мен де жүрмін екі араны.
Ақын деген елінің еркесі ғой,
Ерке бала ембей ме екі ананы.
Тағы айтам, сен айтыстың – Оспанханы,
Ақыны емессің көп сандағы.
Бірақ, бізді құрдас деп кім айтады,
Жаныңда баладай боп отсам-дағы.
Сақалының әр талында періште бар,
Жамбылымды елестеттің тоқсандағы.
Шорабек:
Оу, ағайын!
Мынаған менің көңілім бөлініп тұр,
Бұл жерде бұл Бөрібай не біліп жүр?
Тоқсандағы Жамбылға теңеп отыр,
Жүрегім оған менің егіліп тұр.
Өзінің иегінде бір тал қыл жоқ,
Сақалыма сонан соң тебініп тұр.
Сақалды мұсылманға тиісетін,
Өзбектен екендігің көрініп тұр.
Ежелден өзбек, қазақ тел өскендей,
Жайы жоқ, бір-бірімен егескендей.
Екі елді бөліп тастап ортасынан,
Өзбектердің бұл ісі өрескелдей.
Қос халық қатар енді аралассын,
Наурызда күндіз бен түн теңескендей.
Шындықпен шыққым келіп тауға менің,
Көңілін көпшіліктің аулап едім.
Қарасың деп айтады мені ақындар,
Одан мен ақталудан аулақ едім.
Шынында қарамын деп ойлаушы едім,
Бөрібай, сені көріп, тәуба дедім.
Дүниеде ырзық іздеп, кезіп өтер,
Бөрібай бабалардың көзі де екен.
Ақ Бөрі деп атайды қазақтарым,
Бұл өзі ақшуланның өзі ме екен?
Жоқ әлде, Ақ Бөрінің сахнаға,
Көмірге аунап шыққан кезі ме екен?
Оу, Бөрібай!
Жырменен елдің жанын байыталық та,
Ендеше, құлақ түрші Айдаровқа.
Оннан-мыннан жинаған оралманын,
Бар екен бізден басқа қай халықта?
Тар кезеңде тарыдай шашыраған,
Қазақстан көбін алды қайтарып та.
Өзбектен де қазақтар кетпей қалып,
Шаңырағың кетпесін шайқалып та.
Қазақты олар өзбек деп ұлтын жазған,
Фактілер отыр бүгін байқалып та.