Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Құлмахан мен Ақмарал айтысы (2-бөлім)

Құлмахан Дүйсенов, Ақмарал Леубаева · 2 мин оқу

Бар әлем бүгін биледі,
Әуезовтай ұлыңды.
Айбергенов Төлеген,
Тарихқа аты ілінді.
Бағланова ән айтса,
Ашатын жүрек сырыңды.
Осындай ойлы даналар,
Тәшкенде алған білімді.
Есенғали Раушанның,
Өлеңін ел ұғынды.
Алтайдың жазған әр жағын,
Тынышбай да жоқ бұрынғы.
Сапарбаев Исраил,
Білесіз ақын ұлынды.
Мекенбай аға Омаров,
Көтерген өлең-туынды.
Осындай ойлы ақындар,
Өзбекстанда туылды.

Шабытым келсе шарықтап,
Қайнап шыққан бұлақпын.
Жанып тұрған мәңгілік,
Өшпейтұғын шырақпын.
Есімдерін атадым,
Құрышы қансын деп құлақтың.
Термелеп жүрген Тәшкенді,
Тектіден қалған тұяқпын.
Айналайын, Ақмарал,
Жүректегі сырды ап көр.
Кездеспейміз біз күнде,
Қарсыласты шындап көр.
Саған кезек берейін,
Атажұртты жырлап көр.

Ақмарал:

Тереңдеп кетсең Құлмахан,
Қиынсың сен, қиынсың.
Тыңдаушы жұртың бар болса,
Салады саған тиым-сын.
Жиырмада қандай болғансың,
Елуде қызға үйірсің.
Армандама біздерді,
Деп қойған бізге қиынсың.
Алпысбайын Құлмахан,
Әйеліңе бұйырсын.

Жөйттың жойқын амалы,
Бұл күнде әбден шыңдалды.
Отыз жетіде қазақтың,
Қаймағын қалқып ерді алды.
Тыңайтам деп тындырып,
Тілім-тілім жерді алды.
Тәуелді етіп орысқа,
Бұрап-бұрап тілді алды.
Ала-жола алапат,
Біртіндеп кіріп ділді алды.
Жетімди жатқа бермеуші-ек,
АҚШ сатып ұлды алды.
Долларына телміртіп,
Төл теңгеміз пұлды алды.
Төлқұжатыма қол салып,
Теңдік дейтін шыңды алды.
Қазақпын деуші-ем қасқайып,
Меншігімдегі мен-ді алды.
Уысымдағы теңді алды.

Мың тірілген қазағым,
Өлмегенде нең қалды.
Шешіліп шешен сөйлейді,
Шеңберін ойдың асқасын.
Рухымды бірақ алмасын,
Ала берсін басқасын.
Қорғайтын қазақ елім бар,
Күн туғанда бас-басын.
Қарным ашсын деуші еді,
Қадірім бірақ қашпасын.

Тәшкенді ақын жырладың,
Жырлауға лайық ер еді.
Біз білетін бұл Ташкент,
Жап-жасыл жаннат жер еді.
Бұхара – діннің діңгегі,
Хорезм орда ел еді.
Заравшан мен Ұшқұдық,
Сары алтынның кені еді.
Нұратада – Әйтеке,
Шешілмей жатқан шер еді.
Таңдайынан бал тамған
Балқы Базар өр еді.

Абай менен Науаи,
Екі жұртқа тең еді.
Ғафур Гулам сіз айтқан,
Ғабитпенен Сәбитпен,
Қатар өскен тел еді.
Ракымов Сабыр ел үшін,
Қанын төккен ер еді.
Құрсағы алтын қазақтың,
Құшағы неткен кең еді.

Құлмахан сенен жерім жоқ,
Сырым болса жасырған.
Жаманыңды жасырып,
Жақсылығыңды асырғам.
Кәрима кіріп кетіпті,
Арамызға тосыннан.
Шөп салғаныңды байқадым,
Көзімізге осыннан.
Бір сүйгізбей Кәрима,
Көңілің қалды-ау жасыған.
Досымнан несін аяйын,
Қанағат еткін осыған.
Сағынған елді шығарсың,
Ішіңменен расыннан.
Маңдайымнан сүйгізіп,
Иіскетейін шашымнан.

Құлмахан:

Ұзын екен ағайын,
Ақмаралдың етегі.
Жасай берсін мәңгілік,
Қазақ-өзбек екі елі.
Сүйдірем дейді маңдайдан,
Көрінбей маған бекемі.
Бетіңнен егер сүйгізсең,
Бір жылға маған жетеді.

Әжемнің үйірілген ұршығындай,
Көңілім көншімейді сырды ұғынбай.
Аталар азан шақырып ат қоймаған,
Алдымен шаңырақта ұл туылмай.
Ежелден қазақ-өзбек егіз халық,
Ерліктің қос ауызды мылтығындай.

Абай мен Әлішердей ғұламаң бар,
Ешқайсың биіктерден құламаңдар.
Дүниеде достығын дәлелдеген,
Сахнада серіні сынағандар.
Жалғанда жерді басып жүре бергін,
Тірлікте таусылмайтын сыбағаң бар.
Қамшының сабындай қысқа өмірде,
Қайғы мен қасіреттен жыламаңдар.
Тапқандарын бұйырып жақсылыққа,
Көргендерің той болсын тірі адамдар.
2009 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз