Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жамбыл мен Айкүміс айтысы

Жамбыл Жабаев, Айкүміс · 2 мин оқу

Жамбыл:
Әдейі ат терлетіп, келдім тойға,
Айкүміс, әуелден-ақ болдың ойда.
Әуірі басылмаған албырт едім,
Асығыс айтқаныма кінә қойма!

Айкүміс:
Аптығып, ә дегеннен, амандаспай,
Әдепті үйренбепсің, Жамбыл, жастай.
Асылға арсыдағы қол жетпей ме,
Ақылмен қимылдасаң, аспай-саспай?

Жамбыл:
Айкүміс, асықпауға шамам бар ма?
Жасшылық ұрындырды талай жарға...
Сен үшін жатсам-тұрсам арманым көп,
Жем болып кете ме деп жамандарға.

Айкүміс:
Біле ме пенде, шіркін, өз кемісін,
Ел кезіп, есер мінез сен де жүрсің.
Жаралған жат жұрттыққа ұрғашымыз,
Жарқыным, өкінбеші, сен мен үшін!

Жамбыл:
Барарсың бір жаманға өзің қор боп,
Отырсың қарқарадай әзір зор боп.
Көзіңе көк шыбынды үймелетер,
Көргенің өле-өлгенше ылғи сор боп.

Айкүміс:
Жамбыл-ау, күпінесің неге сонша?
Құтқарып қыз біткенді қалған жанша.
Қолдағы қаршығаңнан неге айрылдың,
Тұтқасы дүниенің сенде болса?

Жамбыл:
Жалғанның сорлысы екен қыз бен жігіт,
Жүрмеген бірге ойнап, бірге күліп.
Арыны басылмаған арсыз көңіл
Тағы да етіп отыр сізден үміт...

Айкүміс:
Жігітке көрінеді үміт жеңсік,
Жарымас ол мінезге көңіл көншіп.
Жарқыным, одан қайта қолқаңды айтшы,
Әрнені тере бермей, құр білгенсіп.

Жамбыл:
Түйме емес, тоғыз емес тілегенім,
Жұбатпас көңіліңді құр өлеңім.
Болмасаң сөзге қашақ, ішке тосаң,
Сырымды айттырмай-ақ білер едің?

Айкүміс:
Жамбыл-ау, жан екенсің сөзге сараң,
Жақпады қай мінезім бүгін саған?
Дітіңді білтелемей, білдіре айтшы,
Саласың қандай қолқа тегі маған?

Жамбыл:
Ауылым жайлап отыр Көксеңгірді,
Көз сүзіп, сіздің жаққа еңсем құрды.
Қолыма бір ұстатсаң, түсінерсің,
Томпайған төсіңдегі «өртеңгірді».

Айкүміс:
Жамбыл-ау, ұстатпаймын, кінә қойма!
Кетейін қайтып ардан мына тойда.
«Жақсы сөз жан семіртер» деген бар ғой,
Әдепті мінездерің жүрсін ойда.

Жамбыл:
Айкүміс, амалым жоқ, қош, ендеше,
Кетелік сыр білдірмей жат пендеше.
Атыңды, ақ жүзіңді ұмытпаспын,
Кеудемнен қашан менің от сөнгенше.
Жамбыл Жабаев
1936 жылы Жамбыл қазақ әдебиеті мен өнерінің
онкүндігіне қатысып, Москвадан оралғанда, Жәкеңе жүзден асқан бір ақсақал сәлемдесе келіп: – Жамбыл, сен аспанға мұнан ары ұшпасаң, енді түспейсің. Осыдан он бес жыл бұрын сен туралы түс көрдім. Алматы қаласындағы Ташкент көшесімен біреу отыз жорғаны тізіп, айдап барады екен, соның ішіндегі ең әдемісіне көзім түсіп, қызығып, сұрап едім, айдаушы:
– Бұл – Сүйінбайдың Жамбылға берем деген
жорғалары, аманатын өзіне тапсырамын, – деп, жүріп кетті. Қазіргі Ташкент көшесі – бұрынғы Ұлы Жібек жолы еді, сол ескі, ұлы жолмен айдаған жорғалар, жарықтық, Сүйекемнің жырлары еді, ол енді сенің маржандай тізілген сөздерің, саған Сүйінбайдың бағы қонды. Сүйінбай сияқты майталман жорғасың. Өкімет сені дәл тапты, жолың ашылды, жаңа заманың құтты болсын, – депті.* //Жолдасбеков М. Асыл арналар. 159-б.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз