Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бұралқы мен Орал қыз айтысы

Бұралқы, Орал қыз · 4 мин оқу

Бұралқы:
Тілінде Орал сұлу секері бар,
Қасында қыз-келіншек нөкері бар.
Жөгінің қыран құсы кез боп қалды
Тұғырыңа төніп өтсін, көтеріп ал,

Мен – қыран, көкке шығып қалықтаған,
Қияғы жеткен жерін шалықтаған.
Аққу мен қоңыр қаздан тоят алып,
Қыздардан көңілі қайтып тарықпаған.

Аққуды көргеннен соң айдын көлден
Төсінен еске түсті тоят берген.
Құс болсаң, ақ етіңе оқ тимеген
Сақ боп тұр, оң жағыңнан келді мерген.

Орал:
Бореке-ау, аптықпаңыз, келмей жатып,
Мен үшін келгендей боп күн-түн қатып.
Түнейтін қолы жеткен қымбат тұғыр
Алып па ең ақша беріп, бұрын сатып.

Бұралқы:
Болса егер қыздар – тышқан, жігіт – мысық
Өзімнің қызды көрсем, қаным ыстық.
Тышқанды тырнағымен тартып алса,
Жататын бауырына мысық қысып.

Орал:
Сұқсырдай көлден ұшып шықсам шыңға,
Жерге қонсам, саламын сені жымға.
Көк құрақ теңіздегі қоңыр қазбын.
Кезқұйрық ілдірмейтін қаршығаға.

Бұралқы:
Сендей боп талай қыздар шығандаған,
Бірі де қараны үзіп, шыға алмаған.
Қаз түгіл аққудан да тоят алғам,
Мені бір тұйғын деме сыналмаған.

Орал:
Тереңнен ала алмассың, мені тартып,
Ұялып қап жүрмеңіз, босқа шалқып.
Саяда балақ жүні қырқылмаған,
Түлкімін – қызыл алтай бағасы артық.

Бұралқы:
Қаз-қатар қыз-келіншек жастарыңыз
Мақтанып сіз де біраз тастадыңыз.
Нарқын айт базарыңның қолыңдағы
Сатуға шыққан болса бастарыңыз.

Орал:
Береке орын емес бұрын сатқан,
Жер емес иесі жоқ босқа жатқан.
Сөзіңе лайықты жауабым ғой
Шіреніп боп келген соң миллион батпан.

Бұралқы:
Кетемін қызды көрсем салмақтанып,
Өтірік тұрғаным жоқ құр баптанып.
Іштегі махаббаттың сырын біліп,
Деп тұр ем маңызымды алсын танып.

Орал:
Өзімді адам бар ма мақта деген?
Атыңды шаппай тұрып, бапта деген.
Бұрынғы айтылған сөз рас болды-ау,
«Кедейдің кербезінен сақта» деген.

Бұралқы:
Мақтанып осының да айтар сөз бе?
Ұят қой естір құлақ, көрер көзге.
Еш елде теңдесі жоқ, бағасы артық
Түбі алтын сыр сандықтың түбі жез бе?

Орал:
Ауызы қымбат сандық ашылмаған,
Із түсіп, ақша қармын басылмаған.
Ішінде бағасы артық мәселем бар,
Жат елге жаманаты шашылмаған.

Бұралқы:
Қасыңа өскен болсаң, ағам келмей,
Ешкімге мәмлеңді жүрсең бермей.
Әжібек мен аштым деп айтып жүр ғой,
Мен оған нанбадым да, көзім көрмей.

Орал:
Әйтеуір, осы сандық сізге қиын,
Қорқытпа кетірем деп сөздің сыйын.
Әжібек құр мақтанып жүрген шығар,
О да бір жігіт еді алақұйын.
Айтылған шын сөзіме иланбасаң,
Кете бер, өтіріктің тартып күйін.
Жабалдың үкілеген саңлағымын
Жеткізбей шабатұғын келсе күйім.
Көрінген көз алартып өлетұғын,
Екен деп әуреленбе арзан бұйым.
Ұялтып, осы мені жеңем деме,
Бағасы жалған сөздің бір-ақ тиын.

Бұралқы:
Қырандай жерге түссең, көкті сүзіп,
Шортандай бұлқынсаң да, суда жүзіп.
Орныңнан талпынсаң да, тұра алмассың,
Мініңді айта берсем, жіпке тізіп,
Тұйғындай қызыл көрген кеп отырмын,
Секілді балақ баудың түбін үзіп,
Шабуға жалықпайтын арда кермін,
Тер шығып, айқай естіп, алсам қызып.
Таласпа өтірік деп Әжібекке,
Бұл сырың мәлім болған бұрын көпке
Орны жоқ өтірік пен жала жауып
Мен саған тиемін бе тектен-текке?
Мен, кедей, сынап жүрген байдың қызын,
Тексеріп сөзіменен басқан ізін.
Аузыма дәм екен деп ұсынбаушы ем,
Тамсанып, дәмін алып, татпай тұзын.

Орал:
Алдасам келе ғой деп, көзім қысып,
Келуге ұялмайсың, аттан түсіп.
Шұжыққа аспандағы аузы жетпей,
Жүретін етке өкпелеп еркек мысық.

Бұралқы:
Ауылыңның тұзағына түсіп қапсың,
Көз салып, қолың созбай төңірекке
Сатудан арлы болсаң, сақтанып жүр
Баратын қып жүр дейді елің өкпе.
Өз басын халық алдында ақтап алмай,
Созады Орал неге қолын көкке?

Орал:
Сөзіңнің жатық емес, бәрі кесек,
Айтқанмен маған арзан сырттағы өсек.
Айта бар, досың болса, өзі келсін.
Ақ көбік алам десе, менен есеп
Іздеген бар жұмысың осы болса,
Тауып бер, айыбы жоқ таза төсек.

Бұралқы:
Атақты ақсирақтың жасы – Оралы,
Бекітпе қойды ұрлатып құр қораны.
Шын сөзді өтірік қып кеше алмайды,
Құр айқай адастырып сөз бораны.
Кедейдің мергеніне кез боп қалдың,
Жабалдың жығыларсың, ақ маралы.

Орал:
Шығады аузыңды ашсаң, сөз кесегі,
Өсектен сау жүре ме қыз төсегі?
Қатын тапса, қызына жабатұғын,
Төлептің гулеп жүрген көп өсегі.
Бөреке, осы жолы ұяларсың,
Тұрса да сенен шығып жыр есебі.
Шеніме жетпек түгіл тақалмассың,
Бата алғам Самалықтан мен кешегі.

Бұралқы:
Шалқыдың өзіңді өзің мақтадың да,
Ап-аман қазынаңды сақтадың ба?
Ауылыңа балаларша неге алдадың
Сый елден бір замандас таппадың ба?
Танбай-ақ батыр болсаң, шыныңды айт,
Жекеннің отауында жатпадың ба?
Бойыңда бағасы артық алтыныңды
Сол түні бір құндызға сатпадың ба?
Ала айғыр ауылың мінген есте бар ма,
Таптым ба жұмбағыңды, таппадым ба?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз