Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мейірбек пен Жарқынбек айтысы (5-бөлім)

Мейірбек Сұлтанхан, Жарқынбек Наушабеков · 3 мин оқу

Елдің мұңын жырласам Асандай бір,
Қарсылас екпінімді басар қай бір.
Кешегі үш би құсап біздің билік,
Халқына шарапатын шаша алмай жүр.
Төле, Қазыбек, Әйтеке секілденіп,
Ұлтына өз үлесін қоса алмай жүр.
Қаншамасы шендінің шетел асты,
Қаншамасы еліңде қаша алмай жүр.
Маужырап парламенттің партасында,
Ұйқысын депутаттар аша алмай жүр.
63-ке көбейтіп зейнет жасын,
Жан салуда жаңалық ашардай бір.
Баланың да азайтып жөргек пұлын,
Ананың да жағдайы жасалмай тұр.
Өле өлгенше жұмысқа салып қойса,
Аналар ұзақ жас жасар қай бір.
63 былай тұрсын мұғалімдер,
58 жасты да тоса алмай жүр.
Баланы баға алмасаң тумаңдар деп,
Министр мәселеңді шеше алмай жүр.

Кешегі Төле, Қазыбек, Әйтекенің,
Орынын бүгінгілер баса алмай жүр.
Бидің сөзін айтатын билігіміз,
Үйдің сөзін айтудан аса алмай жүр.

Кезінде тұлпар мініп жылқы баққан,
Қазаққа сөз болып па мылтық атқан.
Ұлы Отан соғысында бабалардың,
Ерлігін ету керек ұлты мақтан.
Бақтыораз, Төлеген мен Бауыржандар,
Фашистің шыбын жанын шырқыратқан.
Хиуаз, Әлия менен Мәншүктер ед,
Дұшпанның сай-сүйегін сырқыратқан.
Рахымжан жеңіс туын желбіретіп,
Қуандық жеңіс жасын сүртіп аққан.
Азаттыққа апарар азапты жол,
Қазақты мың тұрғызып мың құлатқан.
Маңдайыңа жазылған тәуелсіздік,
Маңдай тердің өтеуі шылқып аққан.
Ібіліс кеп іріткен ішімізді,
Не пайда сымбатыңнан сырт ұнатқан.
Жасағаннан қол жайып тілейтінім,
Жасанды сақтай көрсін жылтырақтан.
Ошақтағы отымыз сөнбесе екен,
Түтініңді түп-түзу бұрқыратқан.
Қазандағы сүттей боп ұйып тұрған,
Қазақты айырмасын ынтымақтан.

Жарқынбек:

Ел едік қосылатын тойда басы,
Терең-ау Мейірбектің ой бағасы.
Сен соның бәрін айтып жатқаныңмен,
Қазақтың жазылып ед қай жарасы.
Бір жақсысы, біздерде бәрі жақсы,
Бір жаманы, айтуға ойланасың.
Мысалы, көп шұрайлы жерлеріңнің,
Бұйырған өз ұлтына айдаласы.
Бір жақсысы – тілің бар мемлекеттік,
Бір жаманы – жатқан жоқ пайдаға асып,
Бір жақсысы – қариясын қадірлеген,
Қазыналы қартыңның сай бағасы.
Бір жаманы – қариялар үйінде жүр,
Қазақтың қарты менен ойлы анасы.
Бір жақсысы – шетелде оқып жүрміз,
Бір жаманы – оқиды бай баласы.
Бір жақсысы – көмірдің үстіндеміз,
Бір жаманы – қи жағады қайманасы.
Бір жақсысы – бидай мен мұнайың көп,
Бір жаманы – қымбат ұн, май бағасы.
Бір жақсысы – байлығы ең көп елміз,
Бір жаманы – тасуда айналасы.
Сол байлықтың қызығын көріп жатыр,
Қаймана қазағымның қай баласы.

Қазақта ерлер өтіп мықты-мықты,
Сертінде селт етпестен нық тұрыпты.
Тәуке хан, Абылайдың дәуірінде,
Қазақта орасан зор күш бірікті.
Үш пайғамбар секілді үш алыпты,
Қазаққа Алла берген құт қылыпты.
Бүтін билік иесі Төле бабам,
Тәкәппар тексіздерді ықтырыпты,
Он жасында дау шешкен ер Қазыбек,
Қалмақтың қонтайшысын бұқтырыпты.
Айбарлы арлан жүрек Әйтеке би,
Әр сөзін нар түйеге жүк қылыпты.
Сол үшін бидің екеуі Өзбекстан,
Жерінде қалып қойды түпкілікті.
Төле бидің Ташкенде жатқандығы,
Көршілердің көңілін күпті қып тұр,
Әйтекеге мекен боп Науаида,
Нұрата баурайында үш құдық тұр.
Нар тұлға наркескендей бабалардың,
Өлімінің өзінде мықтылық тұр.
Ұлан-ғайыр өлкені иемденген,
Кешегі бабам үні нық шығып тұр.
Даласының қай жерден басталғанын,
Моласының өзімен ұқтырып тұр.

Мейірбек өз жұртыңа жарық таң бол!
Өмірде ештеме жоқ халықтан зор.
Халқыңның құлай сүйген ұлы болып,
Төле би бабаңыздай данышпан бол!
Қазыбектей халықтың қамқоры боп,
Әйтеке бабаңыздай арыстан бол!

2013 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз