Серікзат пен Иран-Ғайып айтысы (1-бөлім)
Серікзат Дүйсенғазин, Иран-Ғайып Күзенбаев · 3 мин оқу
Серікзат:
Ассалаумағалейкүм Сырдағы елім,
Қашаннан тектілікті құндағы едің.
Қобыздың арғы атасы Қорқытпенен,
Жыр сауған жыраулардың жұрнағы едің.
Нұртуған, Тұрмағанбет, Балқы Базар,
Бабалардың толғауын тыңдап едім.
Нартай мен Манап сынды марқасқаның,
Өлеңімен өзімді шыңдап едім.
Солар туған өлкеге келіп қалдым,
Жайқалып піскен кезде Сырдағы егін.
Астанадан кеп тұрған атым құрсын,
Сіздерді тойдырмасам жырға керім.
Көрерменді риза қып қайтармасам,
«Атамның басы бар ма» мұнда менің.
Серікзат сауырынан тер жаудырсын,
Дегенмен дес бермейтін сен де алғырсың.
Жақында ұлды бопсын құтты болсын,
Келінге ұл тудырып толғап жүрсің.
Есімін Ерман Жүрсін деп қойыпты,
Жюриде жаңа отырған Ерман Жүрсін.
Кім деп қоям десе де атасы ғой,
Ол жағын қозғамайын нем бар құрсын!
Тілегім жаңа туған жас балаңды,
Сол Жүрсін атасындай дегдар қылсын.
Тұлғасы мына саған ұқсап қалмай,
Атансың әлемдегі ең дәу Жүрсін.
Қара Қыпшақ Қобыланды бабасындай,
Атынан тау қозғалып, жер жаңғырсын.
Ұлыңның аты сенің Ерман ия,
Дедім ғой ол жағында нем бар ия.
Сен сары болған кезде мен қарамын,
Айтыста сен жас жігіт мен қария.
Мен Семей болған кезде сен Ақмешіт,
Мен Қара Ертіс болғанда сен дария.
Ағайын бір қызықты қараныздар,
Жағдайымыз болып тұр кең жария.
Түрің сенің неміске ұқсайды екен,
Көбіңе көрініп тұр ол жағы ия.
«ҚазГерМұнай» айтысына келіп тұрған,
Мен Қазақстан, ал мынау Германия.
Сен өзі орыспысың, неміспісің,
Осының ашығын айт ел естісін.
Ресей үстемдігін жүргізіп тұр,
Жойсада баяғыда кеңес күшін.
Төбеден протондарын жаудырады,
Білмеймін ұшыра ма тек ескісін.
Сені көріп мына жұрт шошып отыр,
Орыстар қысқаннан соң өңеш тұсын.
Қазақтар гептиль жайлы не айтады деп,
Айтысты кезіп жүрген елеспісің.
Байқатпай Байқоңырдан кіріп кеткен,
Тыңшысы орыстардың емеспісің.
Иран-Ғайып:
Ізінен тәлім алып Фарабидің,
Даналығын бойыма дара құйдым.
Тыңшысы емес осы елдің жыршысымын,
Келе сала басыма жаланы үйдің.
Орыс дейсің, біресе неміс дейсің,
Осыдан соң мен қалай аға деймін.
Келе сала барасың билеп-төстеп,
Қонағы билейді деуші еді жаман үйдің.
Мен бірақ қонағыма билетпеспін,
Баласы болсам рас Бала бидің.
Сыр елі, жыр елінде ғұмыр кешкен,
Ағайын, армысыздар күлімдескен.
Жүрсіннің жүйріктері келді ауылға,
Тұлпардай тұяғынан дүбір көшкен.
Солардың бірі болып мен де келдім.
Қырықтың бірін қазақ қыдыр дескен.
Астанадан кеп тұрған алып ұшып,
Шығармаған шығарсың ұлыңды естен.
Шынболат ақыныңның жалғасы едім,
Шындық деп Сырда туып, қырыңда өскен.
Сүлейлердің сарқыты болғаннан соң,
Сәйгүліктей шабайын сүрінбестен.
Ал ендеше қиқулап шабыт бергін,
Сәті келіп тұрғанда кідірместен.
Мың жарым шақырымнан келген кезде,
Тіл жағым бір сөйлесін мүдірместен.
Иранның атын айтып бөпесінің,
Жұртқа жайғандай болдың жеке сырын.
Балама Ерман-Жүрсін деп ат қойдым,
Бөле жармай бір үйдің екі есімін.
Жоқ әлде атын қойсам айып па екен,
Өзінің атасының, көкесінің.
Жұрттар құсап ұлыма қойғаным жоқ,
Шетелдің мағынасыз жат есімін.
Жүрсін Ерман әкесі осы айтыстың,
Ал мен Ерман-Жүрсіннің әкесімін.
Қасыңдағы ініңді сүйемей кеп,
Отырсың кіл мақтауға иедей боп.
Семіз қара шықты ғой, арық сары,
Біреуі от, біреуі күйедей боп.
Арғымақтың болмаушы ед артық еті,
Қасыма қайдан келдің түйедей боп.
Маған да оңайлыққа түспей отыр,
Түйедеймен алысқан шиедей боп.