Жаз жыры
Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 60 жол
Атымды ертте, балалар,
Күлімдеп, міне, жаз келді.
Түйе боздап, қой қоздап,
Тізіліп қатар қаз келді.
Жастардың жүзі жайраңдап,
Кең өмірде сайрандап,
Махаббат, мейірім, əн мен күй,
Ойын, күлкі, наз келді.
Тамаша, өмір, шаттық жыр
Қала, дала ой мен қыр,
Ерекше жаз биыл жаз –
Төгілген көктен алтын нұр.
Назданар адам аз ба енді,
Көйлек көк те, тамақ тоқ,
Еш пендеде уайым жоқ,
Жасармас қай жан жазда енді?
Отаным байтақ мəңгі бақ,
Гүл, бəйшешек толған жер.
Он бір жұрт – он бір туысқан
Қанаттас қатар қонған жер.
Он бір жұртым – он бір бақ
Ішінде еркін сайраңдап,
Мəуесін тəтті сорған ел.
Шағаласы шаңқылдап,
Қаз, үйрегі қаңқылдап,
Көкорай шалғын, орман, көл;
Шалқып жатқан ен дəулет,
Салтанат, шаттық, сəн-сəулет,
Аймағым асқар қорған бел.
Жауын мен дауыл, бораннан
Жасқанбай шалқып асамыз,
Жауды жайқар жарақ сай
Табанмен таптап басамыз;
Қыздырып еңбек дүкенін,
Желпілдетіп жер бетін,
Жемістен шашу шашамыз;
Көзіне жете ашамыз;
Жер қазынасын игеріп,
Болаттан сұңқар ұшырып,
Мұхиттан əрі асамыз;
Мініп алмас тұлпарды,
Қуаттан дария ағызып,
Баспаған жерді басамыз;
Ерліктен ерлік туғызып,
Өрге өрлеп, тасамыз!
Жайнай бер, жазым, жылдан жыл,
Жаңарып дүние түрленсін;
Алтын бақша ұлғайып,
Бұдан да қызық түрге енсін;
Ен бақытқа еркіндеп
Жайлаған елің гүлденсін;
Октябрь атты алтын күн
Себелеп рақмет сəулесін
Бұдан да жарық нұр берсін;
Бұлбұлың дулап сайрасын,
Еңбегің қызып қайнасын,
Нұрыңды əлем, ел көрсін;
Бұғаудан қолын шешуге,
Сенімен тағы ілесуге
Өнеге болсын, дем берсін!