Зілді бұйрық
Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 100 жол
«Верныйдан» жандаралдар бұйрық қылды,
Құйрығы бұйрығының тіпті зілді.
«Отыз бір – он тоғызды алад» деген,
Суық хабар халықты бұлқындырды.
Жылады сорлы халық малын айтып,
«Кеткен соң қолдан шығып, келмес қайтып», –
Дейді де еңірейді, егіледі,
Қайғының күндіз-түні күйін тартып.
«Верныйдың» қадам баспай қаласына,
Кемпір-шал жылап жатыр баласына.
Ешбір ем табылмады іздесе де,
Халықтың жүректегі жарасына.
Пристав келіп қалды бала сұрап,
Ел жатыр бермейміз деп қойдай шулап.
«Қырсаң да, баламызды бермейміз» деп,
Тайсалмай əке-шеше жатыр сұлап.
Пристав ашуланды «аламыз» деп,
Жігіттер тұр: «бармаймыз, қаламыз» деп.
«Егер де бұл түріңді өзгертпесең,
Басыңа бір ойранды саламыз» деп.
Ел-ел боп, жиылды кеп əрбір сайға,
Ал əлеумет, қараңдар мына жайға.
Сеңдей болып соғылып, толқындады,
«Бір сая бола ма деп шыбын жанға?»
Жиылды бозбалалар бір кезеңге,
Қарғалы деген тасқын бір өзенге.
Пристав кетті «еріксіз аламын» деп, –
Көресің бұл істі деп, кезегінде.
Бəрін де ол пристав жаттап алды,
Басшыларын қағазға хаттап алды.
Аттандырып бұл елге солдаттарын,
Басты-басты кісіні саптап алды.
Күн ыстық, қайнап тұрған сарша тамыз,
Жанында қан, малында қалмай маңыз,
Оразаның күні еді сол уақытта,
Бұл күнде оразаны не қыламыз!
Суында Қарғалының ауыз ашты,
Бір бəлекет халыққа душарласты.
Басшылары кеткен соң тағат алмай,
Жиылған жұрт дағдарып жанталасты.
Келді де, алып кетті жақсыны айдап,
Барады боздақтардың көзі жайнап.
Күн ыстық, қайнап тұрған сарша тамыз,
Жөнелді абақтыға соры қайнап.
Жақсыдан жақсы қоймай алды сайлап,
Қамалды абақтыға қырғыз, қазақ.
Білмеді не болғанын сырттағы жұрт,
Қамалғандар тірідей тартып азап.
Шулайды абақтыға қамалған көп,
Сырттағы жүр: «біз енді қайтеміз?» – деп.
Губернатор, жандарал жауапқа алды:
«Жайлауда ту көтеріп шапқан кім?» деп.
Ешқайсысы айтпаған соң айғай сап кеп,
Өзі айтқан жандаралдың «Бекболат!» деп.
Бекболат бола қалса ту көтерген,
Бұйрық қылды «дарға асып, тарт!», – деп.
Қалиқұлды бірге жазды дарасына,
Байбосын қоса кетті арасында.
Абақтыда қалғандар естен танды,
Көзінің қамшы тиіп қарасына.
Əкетті байғұстарды арбаға сап:
«Иманыңды айтатын молдаңды тап,
Үндеріңді шығарма, өңкей надан,
Мұнан былай сөйлеме, аузыңды жап!»
Самсыны алған екен Ботбай қамап,
Оларға жігітімен кетті сабап.
Тұтқындарды босатып ала алмады,
Бір пəлеге екінші пəле жамап.
Пристав та Самсыға барған екен,
Жаныбектің мешітін қамап алған екен.
Жаныбек қажы жанына ара тұрды,
Бір болыс ел жиналып барған екен.
Ала алмай күні бойы əлек болды,
Жаныбек приставқа себеп болды.
Ертеңінде құтылып, Ұзынағашқа
Шаңдатып келе жатты қара жолды.
Бөлек-бөлек топтанып шоқтай болып,
Бай-көпесті өлтірді Ботбай болып.
Қолына онан басқа түк түспеді,
Кезсе де бұл маңайды əбден шолып.
Ақыры ұлыққа түк қыла алмастан,
Не боларын бұл істің біле алмастан,
Күш жинамай, қарусыз ұрыс қылып,
Бозбаланы бітірді кек алмастан.
Шиенде де əскерлермен ұрыс болды,
Сол ұрыста топбасы Сатай өлді.
«Саттар өлді, ел қашты» деген хабар
Ел-елдерге жайылды оң мен солды.
Шұбырып тауға қарап ел жөнелді,
Не боларын соңының кім біледі?
Тауға шығып, өрмелеп, тасқа бұғып,
Елдің бəрі жанынан түңілді енді.
Ертеңінде ел-елге əскер барды,
Шапшаң түсіп, келсін деп хабар салды.
«Қашқындарды атады» дегеннен соң,
Таудағылар кірер жер таба алмады.
…Аттандық ұлығының қонысына,
Елді сорған борсықтай болысына,
Көп ерлер қаза тапты жауға аттанып,
Көксеген азаттықтың соғысында.