Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ақын болдым он үште

Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 250 жол

Ақын болдым – он үште,
Алатын құстай тарандым.
Алды-артыма қарандым,
Шарықтадым əр жерде,
Келгенінше шаманың.
Жауап бергім келмейді,
Десе қайда барасың!
Байқадым біраз аралап,
Шапырашты, Екей баласын.
Ақындық қонбай тұрғанда,
Жалтақтап Жамбыл тұратын,
Ұлық пенен төренің,
Ұрлағандай танасын.
Шарласын Жамбыл шарықтап,
Қырандайын қалықтап,
Байқасын үні, шамасын.
Ағайын елдің ішінен,
Сөз ұқпайтын кісіден,
Таппады Жамбыл бағасын.
Жасымадым, өрледім,
Домбырамды сермедім.
Ақындармен таласып,
Жүйрікпенен жанасып,
Жалған ақын кез болса,
Жасқанып жол бермедім.
Тасқындады өлеңім,
Дамыды шалқып өнерім.
Толтыруға ұмтылдым,
Өлеңнің олқы кемерін.
Садақтайын сайланып,
Сөз өткірін ойланып,

Ататын оқтай безендім.
Жел сөзден тауып табысты,
Жібермедім намысты.
Қисықты түзеп, мінедім,
Артықты тілмен теңедім.
Арқасында жел сөздің,
Жақын еттім алысты,
Жас Жамбыл елмен танысты.
Өтірікті сүймедім,
Дүние үшін күймедім.
Алтынына біреудің
Жолда жатса тимедім.
Жыртық киім кигенім,
Арық, жауыр мінгенім,
Думан топты қақ жарып,
Жастық шақта жүргенім.
Ақ бөкендей желгенім,
Ақынның көріп мергенін.
Өмірменен жанасып,
Жарлыменен санасып,
Ақиқатты сөйледім.
Ақ домбыра ергенім,
Сөздің оғын кезесем,
Алыстан атып жеткіздім.
Дұшпанға арнап кезесем,
Өңменінен өткіздім.
Мерген болдым, атқышпын,
Көздедім көрсем қылаңды.
Шешен болдым тапқышпын,
Алдымда көп ел сыналды.
Төте жолмен төтелеп,
Елдің сырын жетелеп,
Арқадан – арқа қыр асып,

Егескенге шыдасып,
Жамбылдан кім бар шыдамды?!
Он жеті мен он сегіз,
Тал шыбықтай бұралған.
Жас ақын Жамбыл атақты,
Он үштен бастап сыналған.
Жүйесін тапқан жел сөзді,
Үйсін, Найман құп алған.
Көрғұлы Сұлтан, Өтеген,
Шежіресін тыңдаса,
Шығушы еді құмардан.
Өлеңді жастан дарытқан,
Малға қашан жарытқан,
Жамбыл ақын нəсібі
Өзімді сүйген халықтан.
Қазынасы кең дүние,
Жамбыл қашан тарыққан.
Көңілін ашып кетейін,
Біраз қызмет етейін,
Халыққа мұңлы зарыққан.
Шер-құмардан шығарып,
Шертейін күйлі өлеңді,
Жасымнан бойға дарытқан
Өлең деген өнерді,
Дəулет – елдің ырысы,
Сарқылмас қазан кемерлі.
Шаршамастан шалдығып,
Араладым əр елді.
Ұлы той, жиын-астарда,
Арқа, Алатау асқарда,
Жиналған топта кəрі-жас
Сүйсіне тыңдап кенелді.
Жиырмаға жасым келгенде,

Ор текедей желгенде,
Алдымнан шыққан кес-кестеп,
Жолықтым талай мергенге.
Тісін қайрап жүрсе де,
Ата алмады сығалап,
Қарамды мерген көргенде.
Тірі күнде аттырсам,
Қолыма қылыш шаптырсам,
Өзімді санап мен жүрдім,
Тірі емес – өлгенге!

Жиырма беске асқанда,
Ай ілесті аспанда!
Жұлдыздар тұрды сығалап,
Шырқап əнге басқанда!
Талқандап бұздым бөгеуді,
Кемелге келіп тасқанда.
Үлгі беріп өлеңнен,
Елге ұрық шашқанда.
Жарыспақ болып келгендер,
Шаңға ілеспей қашқанда.
Домбыраның пернесін
Дами берді он саусақ,
Дем алмастан басқанда.
Жолдас болған домбыра,
Жамбыл да қалмас болдыра,
Отыз да жатыр ойланып,
Шақырып мені қам қыла.
Заманыңнан қалыспай,
Сілтеп құлаш алысқа-ай,
Бес саусағым қырқыла,
Жел сөзбен жүрек жандыра,
Құрышын құлақ қандыра,

Отыздан асты жасымыз,
Ақылға толып басымыз,
Ақыры шауып ағындап,
Бəйге атындай арындап,
Ақын жанның жүрегі,
Жас баладай мінезі,
Балалық қашан арылмақ?
Өткір сөзім қылыштай,
Толғадым сөзді тыныстай.
Сөздің қоры ұлғайды,
Тағдыр берген ырыстай.
Жүрмедім босқа сайыспай,
Жасым кетті алысқа-ай,
Көнгіш болдым өмірге,
Мінезім – шылғи, қайыстай.
Асылдан соққан ақ семсер,
Келемін мен де қайыспай!
Тот баспадым, сынбадым,
Өзімді-өзім шыңдадым.
Қырғыз – қазақ жиылса,
Топты жарып жырладым.
Топтан озған ақынды,
Топ ішінде тыңдадым.
Бəйге атындай жұлынып,
Шаппай қарап тұрмадым.
Қойды өмір жаратып,
Жел сөзімді таратып,
Тоқтамадым қызғанда,
Тыңдауға халық тұрғанда.
Түн артынан түн кетті,
Күн артынан күн кетті,
Кештер батып, таң атып,
Келгенде жүйрік бабына.

Бəйге бермес шапқанда,
Кім тура кеп тоқтатар,
Қызып тұрған шағына!

Көрді Жамбыл қырықты,
Кезек күтіп тұрыпты.
Сымға тартқан күмістей,
Сынымды бұзбай тұрғанда.
Жиырма бес қайта келгендей,
Қырықта қылаң ұрамын,
Шалғандай таудың қыранын.
Өлеңім кетті селдей боп,
Жердің жүзін қаптаған.
Суға аққан сеңдей боп,
Жері жоқ барып жатпаған.
Қырық бес те келіп жолықты.
Елу де келді еркіндеп,
Жамбылды елу ойлантпақ.
Елуді жас деп еске алмай,
Жұмсадым мол қайратты,
Асау тайдай ойнақтап.
Сақтадым есте ойланып,
Елудің есіп өтерін.
Қызыл көзі алақтап,
Қызыл тілі салақтап,
Азу тісі сылқылдап,
Буындары былқылдап,
Ақ көбік шашып аузынан,
Арыстандай ақырып,
Кəрілікті шақырып,
Алпыстың білдім жетерін.
Бұлқынсам да ақырып,
Қайратты жастық шақырып,

Ілгіштенген тамақта,
Тұрды біраз қақырық.
Арылмады тамақтан,
Тастасам да қақырып.
Алпыстағы шалдардай,
Алжымадым шатылып!
Алдағы өмір, өткен жас:
Ақшыл тартқан сақалым,
Буырыл тартқан ғазиз бас,
Аздап белгі береді,
Жаралсам да темір-тас.

Өмірді болдым көргендей,
Жетпіс те жетті желгендей.
Қажымастай бұл тағдыр,
Қасиетін бергендей.
Кəрілік емес сол күнде,
Қажытқан мені замана.
Қақырық қатып, шер болды,
Қайғы-дерт ішке жамала.
Елу жыл қырғын болса да,
Ел көргенін тана ма?!
Ел аузында жыр болып,
Кетті сөзім тарала.
Би, болыс көрдім сол кезде,
Жетегінде төренің,
Ұқсас болып өңкілдеп,
Мұрнын тескен танаға.
Жамбыл айтпас дүниеде,
Жел сөз айтса жалғанын.
Шер тарқатып сол кезде,
Қозғадым іштің арманын.

Өлеңім топан суындай,
Жетісудан ақтарам.
Тыңдамай жердің алысын,
Арқаға жетіп дауысым,
Алтайдан да аттағам.
Қартайдым деп өмірде,
Қайғыланып жатпадым.
Жастық шіркін көңілді,
Сонда да болды мақтаным.
Мақтаным емей – немене,
Көңілдің күйін жақтадым.
Жетпістен асып сексенге,
Жылжыдым, ептеп беттедім.
Кəрілікке еңістеп,
Мойындап, мен де кетпедім.
Көптен көксеп тарыққан
Қажыған ел зарыққан.
Теңдік берген заманға,
Аман – тірі жеткенім!
Бетіме шырай-əр берді,
Жан денеме нəр берді.
Теңгеріп нашар кедейді,
«Мен ұлықпын» демейді.
Біз тілеген заң шықты,
Кісі еңбегін жемейді!

Жамбыл Жабайұлы өлеңдері

Барлық 94 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері