Қымыз
Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 32 жол
Үйірілген қышқыл, тəтті сары қымыз,
Ауруға – ем, сауға – қуат, дəрі қымыз.
Ыстықта ұрттар сусын таппағанда,
Ерте-кеш байлар ішкен кəрі қымыз.
Ашыған кең сабада алтын қымыз,
Бай, биге шаттық берген салқын қымыз.
Айтушы ек іштен налып, саған қарғыс,
Кедейге келмегенде шартың, қымыз.
Байда бар, жарлыда жоқ тартым қымыз,
Көз сатып, бардан ішкен халқым қымыз.
Байлардың сабасында «аллаһуп» тап,
Кедейдің торсығында там-тұм қымыз.
Сапырған жайлау жайлап байлар қымыз,
Шақырып бірін-бірі тойлар қымыз.
Кеңейтіп жуан қарын май қосуға,
Сар тұздық қозы етімен шайнар қымыз...
Бай қайда? Елден қудық бүгін, қымыз,
Төңкердік зор сабасы түбін қымыз.
Көрінбей түнде жортып құмдарда жүр,
Ішпейді бұлақ суын түгіл қымыз.
Сапырған далам, қалам бəрі қымыз,
Жайлаудың бүгін болды сəні қымыз.
Стахановшы ерлерге дем беретін,
Бір сүйеу еңбегіне кəрі қымыз.
Еңбекші ел тартып алған табы, қымыз,
Ен өскен колхоз аулы малы, қымыз.
Əр ферма ортасында күмпілдейді,
Өзгеше бүгін тəтті дəмі, қымыз.
Үйірілген сары алтындай сары қымыз,
Ауруға – ем, сауға – қуат, дəрі қымыз.
Елімнің социалистік асы болдың,
Шығаршы, тағы нең бар, кəне, қымыз!