Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мәстек пен тұлпар

Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 113 жол

Ертеде, ерте-ертеде,
Астыма менің мінгенім
Тұлпар емес мəстек ед,
Шүу-шүулеп əрең жүргенім.
Борбайы борша, арқа арша,
Көтерген əрең өз белін.
Жауыры қазған ошақтай,
Қыр арқасы пышақтай,
Сүйреткен жалғыз сүлдерін.
Сол мəстекті тебініп,
Өлеңдеттім, əн салдым.
Ойға бардым, қыр бардым,
Қара көз қызға көз салдым.
Ауылдан ауыл аралап,
Тулағымды сабалап,
Тепсіне бердім, тұрмадым.
Мазақ етті қара көз,
Мəстегімнің тұрманын.

Өлеңімді өрлеттім,
Өрге құлаш серметтім.
Қалың елдің ішінде,
Зарын айтып сорлының,
Қайғылыны еңіреттім.
Жесірлерді жетектеп,
Жетімдерді тербеттім.
Көтерем – мəстек үстінде,
Талай да, талай жерді өттім.
Тал қармаған елді өттім,
Күндердің күні болғанда,

Ат шаптырған, той қылған,
Думанды жерге кеп жеттім.
Арғымақ қосқан бəйгеге,
Байлар қылды кесірді.
«Мəстек мінген əрі тұр!
Жүйрік мінген бері тұр!» –
Деп жуандар есірді.
Қызығын қалдым көре алмай,
Ордаға қалдым ене алмай,
Бəйгесіне ат қосып,
Шабыстан қалдым, ере алмай.
Жата кеттім бір жерге,
Қорлыққа көрген көне алмай.
Түсімде көрдім бір тұлпар,
Жер тепсінген жануар,
Қарай қалдым көз алмай.
Оқыранып шақырды,
Шыр айналып, тұра алмай.
Қайғырыппын түсімде,
Қалам ба деп міне алмай.
Тағы міндім мəстекке,
Ұйқымды ашып, түс тарап.
Елді кезіп жөнелдім,
Жануарды қақпалап.
Он тепсінсем бір басып,
«Тоқтай тұршы, тоқталап!»
Түсте көрген тұлпарым,
Таптырмай кетті əбден-ақ.
Жас жүректі жаншыды,
Қиялға тұлпар ұялап.

Көз ашып бір күн қарасам,
Ақ түскен кезде шашыма,
Қадалыпты қызыл ту
Алатаудың басына.
Қажырлы халқым шығыпты,
Жауыма қарсы ашына.
Көктемнің күні туыпты,
Қалыпты тұман басыла.
Жайлаудан байды қуыпты,
Бас ұрғызбай қашыра,
Үйір-үйір жылқыны
Үйіріп əкеп қойыпты,
Өзімнің дəл қасыма.
Жайлауды басты өз малым,
Жаңадан жырды қозғадым,
Бəйгелі тойда колхоздың,
Жүйрігін көрдім озғанын.
Жабағы жүннен арылып,
Жетілді мəстек тулағы,
Жырымды сүйіп ардақтап,
Таныды мені партия,
Еңбегіме сыйлық деп,
Түсімде көріп ынтыққан,
Тартты алдыма тұлпарын.

Тұлпарыма қарасам,
Танадай көзі жайнайды.
Аққудай мойын иіліп,
Қазығында ойнайды.
Тоқыма жібек, ері алтын,
Ауыздығын шайнайды.

Үзеңгісі сыңғырлап,
Қарасам көзім тоймайды:
Қанатты тұлпар астымда,
Құндыз бөрік басымда,
Омырауымда орденім,
Жан достарым қасымда,
Қайтадан міне аттандым,
Қиырға болжап көз салдым,
Тоқсанға келген жасымда.

Далам да гүл, тауым гүл,
Аспан ашық, жер жайсаң.
Тұманмен бірге түріліп,
Құрыпты көзден ылайсаң.
Домбырам бүгін сайрайды,
Серпіліп, сергіп əн салсам.
Шүу жануар, шүу тұлпар!
Үстіңде бүгін мен сұңқар,
Алты айлықты алты бас,
Алдымда күткен халқым бар!
Тұлпарлы жігіт атанған
Отан берген даңқым бар.
Кремльді жырлайын,
Партияны жырлайын,
Домбыраны тартыңдар!

Жамбыл Жабайұлы өлеңдері

Барлық 96 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері