Тоқтағұл
Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 61 жол
Немерем бір кітапты оқып жатты,
Кітап сөзі əркімнің ойын тартты.
Байқаймын, тыңдағанның көңілі шат,
Алғандай əр сөзінен бір лəззатты.
Қанысып мауқымдары, жырғап жаны,
Тырп етпей қызығына əбден батты.
Жан еріп, жүрек сергіп, бойды билеп,
Денені асыл сөздер шымырлатты.
Алмастай кейбір сөзі жарқ-жұрқ жайнап,
Жалындап жанған оттай тұр жарқылдап.
Тез жетіп тыңдаушының көкейіне,
Айбатын бірде шыңдап, бірде қайрап.
Жетелеп жұрт қиялын, ойды безеп,
Өшпестей жүрегіне құйған қайрат.
Ерекше өзгелерден қылығы асқан,
Жырына сөз асылын тізген сайлап.
Апыр-ай, деді əркімдер, кімнің жыры?!
Берейін тағы да айтып деймін мұны.
Сапырған Алатаудың жыр-өзенін,
Қырғыздың бұл атақты Тоқтағұлы.
Тасындай Тянь-Шаньнің бойы биік,
Тоқтағұл – ерен биік жырдың шыңы.
Сөздері сап алтындай көзді тартып,
Жарқырап жан балқытып тұрар нұры.
Топ жарған жүзден, мыңнан ел жүйрігі,
Баураған ел жүрегін таң бұлбұлы.
Өзінің бір бойына біткен ақын,
Қырғызда күннің көркі, сөздің гүлі.
Үңілсең тереңірек жырларына,
Байқалар ел шаттығы, елдің мұңы.
Манаптың қылшылдаған қылышынан,
Тоқтағұл жасқанбаған сынып қыры.
Езілген бір заманда жасын төгіп,
Ел-жұрты қайтып жақсы көрмес мұны.
Тоқтағұл жасын төккен бұл тілменен,
Жауға да жалтақтамай қатты тиген.
Қол-аяғын бұғаулап болат шынжыр,
Айырған тар қапаста жарық күннен.
Сібірдің түкпірінде жүргенде де,
Жүрегі жасыған жоқ, елін сүйген.
Алыстан ел құлағын елеңдетіп,
Өткір сөз жатты өріліп өктем үннен.
Ойласам Тоқтағұлдай ақын ерді,
Ет-жүрек əлі күнге елжірейді.
«Азаттық, азаттық!» деп аңсап өткен,
Тоқтағұл – ойлап тұрсам, ел жүрегі.
Заманға ол аңсаған жетті, міне.
Тоқаңның азат, еркін бүгінгі елі.
Лениннің ұлы туы шырқап биік,
Жерінде Тоқтағұлдың желбіреді.
Бөлеген Алатаудың ойын, қырын,
Бақыттың жайнап тұрған көрем нұрын.
Тең өскен сұңқар ұл мен нұрлы қызым,
Солардың дүбірінен естіп тұрмын,
Сайраған Тоқтағұлдың бұлбұл үнін.
Тыңдасақ кеше оның зарлы күйін,
Тыңдаймыз бүгін, міне, нəрлі жырын.
Ел сүйген ізгі нəрсе ізсіз қалмас,
Жалғаны бар ма айтшы, менің мұным?
Ақынның құламайтын күмбезіне –
Осы жыр – ескерткішке қойған гүлім!