Қырғыз ұлы, құлақ сал
Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 55 жол
Қырғыз ұлы, құлақ сал,
Ежелден қимас бауырым.
Жайлап жүрдік саялап
Іле, Шу, Нарын бауырын,
Атамыз болған бал тату,
Анамыз болған жан тату,
Келін менен бозбала,
Ұлы менен қыз тату.
Басына басы қосылып,
Жанына жаны қосылып,
Араласқан ауылым.
Бірер ұрттам сүт тапса,
Бөліп ішкен қауымым,
Əлемге айғақ мен Жамбыл
Ашық айтар ұл-қызға,
Қазақ бауыры қырғызды
– Батырым! – деп мақтаған,
Бір қыңыр сөз айтпаған,
Ақ қалпақты ер қырғыз,
– Төрге шық! – деп сыйлаған.
Қазақ барса қырғызға:
– Кел, қазағым, кел! – деген.
– Қимас бауырым сен, – деген
– Бала қайда?
Малға бар,
Бағлан алып кел! – деген.
...Украин, Белорус,
Россияда ұлы орыс,
Грузин, армян, түркімен, –
Тоқсан ұлтты Күншығыс
Сүймеді десем бір-бірін,
Дей алар оны кім дұрыс?
Тілеген емес ел ұрыс,
Елді бұзып, бүлдірген
Хан билеген құрылыс.
Қазақ, қырғыз ежелден
Қауышқан тату ел болды.
Жүрегі бір, жолы бір,
Сыйласқан тату, тең болды.
Біріктірмей екі елді
Қанды шеңгел хан билеп,
Пейілі жаман би билеп,
Араздық салып ортаға
Ақ патша да қан сорып,
Бүлдіріп бұрын ол келді.
Найзаларын оқталып,
Ай балта, қылыш қолға алып,
Шырық бұзып, ел шапты.
Ел бөлініп екіге,
Азулыға шайналып,
Азаппенен күн көрді,
Жетістірді еліңді –
Бақытты совет дəуірі.
Жауығу жоқ, жақсы дос –
Елжіреп екі ел бауыры.