Белсенділерге
Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 20 жол
Заманақыр, болған жоқ,
Жамбыл сөзден қалған жоқ,
Ел жайлаудан көшкен жоқ,
Көктен жасыл түскен жоқ,
Сендер шетке қағатын,
Жамбыл атым өшкен жоқ!..
Мен баяғы Жамбылмын,
Əлі сөзге даңғылмын.
Қыртыстарың сүймейтін,
Мен сендерге не қылдым?
Қайсысыңның үйіңе,
Қайыр тілеп қаңғырдым?
Жаным барда кеудемде,
Сендерден кем болмаймын.
Дүрілдетіп жер-жерде,
Өлең-жырды толғаймын.
Домбыраға қол созып,
Иығымды қомдаймын.
Тек кездесіп қалмаңдар,
Ыңғайына сондайдың!