Халықтың сәлемі
Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 72 жол
Домбырасын серік қып,
Өткізді Жамбыл ғасырды.
Өлеңді төгіп, өрнектеп,
Асулардан асырды.
Қара терге малынып,
Еңбегі кетіп далаға,
Тойса тойып тамағы,
Тоймағанда аш жүрді.
Қалың халық көтерген,
Өмірдің ауыр, зіл – тасын,
Жылдан-жылға тасыды.
Жаңғыртып ен даланы,
Əнді шырқап көлбедім.
Өлеңмен ойып оюды,
Сөзді мініп желдедім!
Сонда менің көргенім:
Құнарсыз дала, қаралы ел,
Күңіренген, зарланған.
Қанын сорған жыланнан,
Ғасырлар арыла алмаған.
Көз жіберсем алысқа:
Көпті көрдім дегенім –
Көп зарыққан ел екен.
Шексіз дала дегенім –
Ұлтарақтай жер екен.
Ерлерді көрдім дегенім –
Ер емес екен, кем екен.
Хандарды көрдім дегенім –
Халыққа қонған шер екен.
Тауды көрдім дегенім –
Тау емес екен, дөң екен.
Өзен, көл көрдім дегенім –
Көз жасынан сел екен.
Кемдіктің кесіп бұғауын,
Енді азаттық құсы боп,
Халқым, кірді берекең!
Қайғыдан халқым арылып,
Бақыт құсын ұстадым.
Лениндік ұлы партия
Халықтың халін көтеріп,
Жоғалтты өмір қыспағын.
Қарық қылды дəулетке,
Алыста қазақ ауылын,
Қырғыз, өзбек қыстағын.
Алатау, Алтай жеріне,
Қолы тиді ұстаның.
Сардалада темір жол,
Зəулімді шарлады,
Күміс қанат құстарым.
Қаптаған мал, ен дəулет,
Бақыт, өмір, сəн-сəулет,
Əшекейге бөленді,
Советтік Қазақстаным!
Түр кіргізді далама,
Шексіз мақта, көп егін.
Алтын, күміс, қорғасын,
Мұнай, көмір, жез бен мыс,
Жылдан-жылға көбейіп,
Кеңейтіп келед көлемін.
Мұқтажы жоқ елімнің,
Үйінен табад керегін.
Қарағанды, Қарсақпай,
Ембі менен Балқаштай,
Кеннің əлденешеуін,
Тағы тауып беремін.
Осыны жырлап айтуға,
Бақытты халқым атынан,
Домбыра алып жөнедім,
Алып келдім алыстан,
Бақытты қазақ халқының,
Махаббатты, жалынды,
Большевиктік сəлемін!