Көкше
Үкілі Ыбырай · 1860–1930 · 16 жол
Арқаның асау туған ардагері,
Кім сүймес, кім жырламас, Көкше, сені?
Суың бал, қойның ырыс, шөбің шүйгін,
Дүниеде бағаң қымбат сен бір сері.
Жарқырап жатқан жүзбен тал сұлуы
Тербеліп жатыр толқып қалың нуы.
Ер Көкше, ерке Көкше күлімдейді,
Желбіреп күмбезінде бақыт туы.
Көз тоймас кербез сұлу Көкшетауым,
Əн-күйге толқып жатыр омырауың.
Сені аңсап асқақтаған ащы əнімнің,
Ұшарда сыпырайын балақ бауын.
Құс салдым сексен көлді жарқыратып,
Жан құмар сан қызыққа қалдым батып.
Арнаған Көкшетауға əнім еді,
Бүлкілдеп Торшолақпен келе жатып.