Абақтыдағы толғау
Үкілі Ыбырай · 1860–1930 · 60 жол
Атығай мен Қарауыл,
Бірің — тіл, бірің — көмейсің.
Жақындығың осындай,
Қайсың маған өгейсің.
Ашыққанда ас беріп,
Əлсіздерді демейсің.
Нəсіліңе тартып сендер де,
Елдің қамын жегейсің.
Сөз сұрасаң өреннен,
Алармын тартып тереңнен.
Артта, қалған балалар,
Ыбырай айтты дегейсің.
Олай болса, шырағым,
Көрейінші қарыштап!
Тыңдаушылар келіссе
Ақынға қайда жалықпақ,
Танытайын өзімді
Кім екенімді анықтап.
Бақшадағы бұлбұл ем,
Сайрап ұшқан қалықтап.
Елдің көркі сері едім,
Көтерген халқым — анықтап.
Күмістей қақтап шырқадым,
Сөз асылын парықтап.
Шарықтап, шарлап кетсек те,
Ұлғайып жасың жеткенде,
Оңай екен шырағым,
Бəлеге басың жолықпақ.
Еркелетіп ел сүйіп,
Атап жүрді саңлағын,
Сөз нөсерін тыңдасаң,
Қыран құстай самғадым.
Ел арасы бас қосса,
Жақсыға толды жан-жағым.
Қаумалап халқым келгенде,
Қияға қанат қомдадым.
Би-болысты мысқылдап,
Қыр соңынан қалмадым.
Мырзалардан ат-айғыр
Алудан да талмадым.
Сақал-мұрттың ағында,
Өлерімнің шағында,
ГПУ деген мекеме,
Ішіне салды қамбаның.
Бірге отырған бесеуің,
Бір рулы елдейсің.
Құмар болып сөзіме,
Өлең жазып бер дейсің.
Тар қапаста отырып,
Құлашты қалай сермейсің,
Қысқарып өріс тұрғанда
Биікке қалай өрлейсің?
Асылды білмес наданды,
Айтып та қалай жөндейсің.
Туысынан жаманды
Үшкіріп қалай емдейсің.
Қалдырған сырым артыма,
Айтып жүрсін халқыма,
Аузының ебі бар еді,
Беркімбайға бергейсің.